Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.

Жаңа заңнама мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттеуге бағытталған. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.

         Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі төрт бөлімнен құрылған. Бірінші бөлімінде жалпы ережелер, екінші бөлімдемемлекеттік органдардың ішкі әкiмшiлiк рәсiмдерi, үшінші бөлімдеәкімшілік рәсім, төртінші бөлімде әкімшілік сот ісін жүргізу нормалары көзделген.

Әкімшілік сот ісін жүргізу талап қою негізінде қозғалады. Сотқа дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қоюлармен жүгінеді.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттары жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруға,  жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізуге,  тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз етуге, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтуды көздейді.

Заңнамада соттың белсенді рөлі қағидаты кеңінен қолданылған. Сондай-ақ, судья өзі қабылдаған шешімнің орындалуына тікелей бақылау жасайды. «Сот бақылауы» деген арнайы тарауда соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жіберу айқындалып отыр. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға, ол туралы сотқа хабарлауға міндетті. Соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

Кодекс азаматтарға мемлекеттік органмен дауды сотқа дейін де шешуге мүмкіндік береді. Татуластыру рәсімдері бабына сәйкес, сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдап, оларға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдеседі. Тараптар дауды татуласу немесе медиация, партисипативтік рәсім тәртіптерімен реттеу туралы келісім жасаған жағдайда, сот аталған келісімді бекітсе, талап қоюды қайтару жайлы ұйғарым шығарады. Бірақ, татуластыру рәсімдері нәтижесінде жасалған келісімнің шарттары заңға қайшы келетін болса немесе басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, сот аталған келісімді бекітпейтінін ескеру керек.

Бүгінгі күні заңнаманың жаңашылдықтарын, оң өзгерістерді түсіндіру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып отыр.

Т.Алтынбаева,  

Қызылорда қаласының № 2 сотының жетекші маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!