Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов кезекті ауылдарға сапарын Сыр беткейдегі Түркістанмен шекаралас ауылдармен жалғастырды. 3 ай сайын ел алдында есеп беріп, атқарылған жұмыстарды саралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, шешу жолдарын жүйелеуді жолға қойған аудан басшысының сапары Қаратөбе ауылдық округінен басталды.

Биыл аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауылшаруашылығы саласында жетістік көп. Әсіресе, мал шаруасынан облыста озық. Бірінші, елді мекендерге қатынайтын жолдар жаңғырып, толықтай қалпына келген. Екінші, жарықтандыру мәселесі жүйеге келуде. Ғаламат жобаның біріне баланған жарық жүйесінің құрылысы кент орталығында басталса, келер жылы 11 ауылдың да электр жарығы толықтай түрленетін болады. Үшінші, ауыз су мәселесі кенттен бөлек, Сырдағы ауылдарда биыл реттеліп, келер жылы шешіледі деп жоспарлануда. Төртінші, газ мәселесі болса, биылға екі елді мекен көгілдір отынның игілігін көретін болады. 

«2023 жылы Шалқия, Құттықожа мен Төменарыққа газ тарту жұмыстарын жүйелейміз. Оның ішінде Төменарық аймағындағы ауылдар мен Кейденнің де мәселесі шешіледі. Одан кейінгі жылы Сыр беткейдегі 5 ауылға газ құбыры тартылады. Тек тау беткей мен Сырдағы 13 ауылдың жағдайы қиындау. Оның да жолын қарастырудамыз. Бұйырса 2025 жылға дейін оның да шаруасы шешіліп қалады. Егер жоспарымыз орындалса, Алла қаласа 3-4 жылдан кейін ауданға толықтай газ келеді. Ол уақыттың еншісіндегі шаруа», – деді аудан әкімі. 

Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов қаратөбеліктермен кездесіп, аудан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Өткен кездесуде ауыл халқы 3 мәселе көтерген болатын. Бірінші, облыстық маңыздағы күрежолдың бойынан өтетін ауыр жүк көліктеріне тыйым салынса деген көптің тілеуі болды. Бұған жауапты басқармамен сөйлесіп, аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан көліктердің қозғалысы бақылауға алынған. Екінші, электрик шататы шешіліп, ауылға дәл қазір керек маман қызметке кірісіпті. 

Үшінші, ауыл балалары мен жастарына арналған спорт кешенін салу жоспары. Бұл бойынша ауыл азаматы инвестиция құюға дайын, енді құжаттары дайындалуда. Тек өзге ауылдардағыдай спорт кешені жанданып, чемпиондар шықса игі. Жиын барысында аудан басшысы ауыл әкімініе ауылдағы медицина қызметкерлеріне жұмысты жандандыруды тапсырды. 

Қандөздегі қазыналы қариялар бүгін ерекше форматта кездесу өткізді. Елдік мәселеден бұрын ұрпақ тәрбиесін, бүгінгі жүйесіздікті, орта буын мен жастардың тәртібіне үлкен мән берді. Өйткені, шағын ғана ауылдардың болашағы өсіп келе жатқан жастардың қолында. Олар бүгінгідей өзгерістерді теріс жақтарына жүгінсе, онда келешегіміз күмәнді, болашағымыз бұлыңғыр болады дейді ауыл ақсақалдары. 

Жалпы ауыл халқы сұраған ауылішілік жолдар жөнделуде, жарық келер жылы толық шешіледі. Ал, қоғамдық тасымалдау бойынша алдағы уақытта жалғасын табады. Әзірге такси елге қызмет етуде, үшінші, Қалғансыр елді мекеніне барар жолды жөндеу де алдағы жылы шешіледі.

Көктебе ауылы Жаңақорғандағы ең шалғай ауыл. Ауыл халқының негізгі күн көрісі ауылшаруашылығы саласы. Азын-аулақ егіннен ерттеп, төрт түлігін түгендеп отырған тұрғындар су насос мәселесін шешті. Ауыл асфальттанбаған 3 көше қалыпты, келер жылы аудан әкімі кем дегенде 1 көшені қаржыландыруға уәде берді. Ауыл халқының негізгі мәселесі бүгін көше атауларының қайта қалпына келтіру. Өйткені, көп көшенің атауы тұлғалардың есімімен емес, жай қолданыстағы сөздерге негізделіпті. Алайда, ұсыныс облыстан кейін қайтарылған. Аудан басшысы бұл мәселемен шұғыл жұмыс жасау керектігін тапсырды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!