Осыдан тура бір апта бұрын сәрсенбінің сәтті күнінде БАҚ өкілдері баспасөз турына барып, аймақтың оңтүстік ауданында атқарылған жұмысты көзбен көрдік. Сыр салысы мен теңіз тыранынан бөлек мақтануға тұрарлық дүние аз емес екен. Бұл туралы Жаңақорған жазбаларынан толығырақ біліңіз.

Көлікпен зулап келеміз. Терезеден түскен күн көзілдіріктен көзге өтіп, өне бойымызды бір ысытып, бір суытып, діттеген мекенжайға әкелді.Өңірдің өңменіңнен өткен желі мен шекеңді тырыстыратын шаңына қарамай, жасаған сапарымыз ыстық күннің астында өтті. Бет алған Жаңақорған өңіріндегі ағайынның ықыласы мұның бәрін ұмыттырып, қолына блокноты мен микрофонын қолтықтаған БАҚ өкілдерінің жұмысына леп беріп, ойға алған істің жай-жапсарына көштік. Ол жайлы сәл кейінірек.

Расын айтсақ, Сырдың сырындай құпияға толы, тарихы бай ауданға алғаш баруым еді. Әдетте баспасөз турын ақпарат түрінде ғана оқып көрген болуыңыз мүмкін. Бұл сапарды жолсапар жазбасына айналдыруды жөн көрдім. Мақалаға өң берген әсерлі оқиғалар Жаңақорған ауданы туралы ұғымыңызды кеңейтіп, ойыңызды жақсы жаққа бұрарына сенімдімін. Жоғарыда айтқанымыздай, ауданда атқарылып жатқан ілкімді іс қаламға қуат бітірді. Аудан әкімдігі мамандарының жолнұсқауымен алғашқы нысанға да бардық. Жолсапар жазбасынан әлқисса…

Шаруа қожалықтың шаруасы ширақ

Іс-сапардың алғашқы нүктесі Жайылма ауылдық округінің «Шоқымазар» егіс алқабы болды. Қадам сайын жердегі ақ топырақ ғайып болып, аяғымыздың асты жасыл түстес кілемге айналды. Бұл – қарбыз алқабы еді. «Жылда Ресей, Украина және басқа да шет елдерге қарбыз жібереміз. Олар өнім алу үшін арнайылап Жайылмаға іздеп келеді» деп әңгімесін бастаған шаруа қожалығының иесі бізге алқаптың тыныс тіршілігі туралы айтып берді.

Қожалықта жалпы 2 223 гектар жер бар. Өткен жылы 15 гектар дәндік жүгері және 44 гектарға қарбыз дақылдарын орналастырған. Ал биыл 5 гектар дәндік жүгері, 65 гектар бақша дақылдары егілген.

− Аймақ басшысының қолдауымен отбасылық егістікті қолға алдық. Биыл өнімнің сапасы өте жақсы. Ауа райы да қарасқандай болды. Суару бойынша мәселе болмады. Осы жылдың алғашқы өнімін Астанаға жібердік. Көлемі 35 тоннаны құрады. Ал әр гектардан орта есеппен 60 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз, – деді «Шоқымазар» егіс алқабының иесі Шерехан Шідербаев.

Сондай-ақ Жаңақорған кентіне қарасты «Алдияр» шаруа қожалығының төрағасы Бархия Сыздықовтың да еңбегі елеулі. Бұл шаруашылықта картоп пен бақша дақылдары егілген. Өткен жылы қожалық иелері бақша, көкөніс өсіру мақсатында 5 гектар жер телімін алған. Қожалықта 2 гектар картоп және қалғанына бақша дақылдарын егіп отыр.

− Шаруашылыққа арналған жерді былтыр алып, жұмысын бастадық. Ал биылдан бастап егін процесіне көштік. Жұмыс сәуір айында басталды. Мұнда жеміс-жидек, картоп, қарбыз, ағаш егілді. Көмекшілерім – балаларым, інілерім. Суару, жарық бойынша мәселе жоқ. Әкімдіктіктің қолдауымен барлығы жүзеге асып жатыр. Картоп жергілікті ақ картоптың сортынан. Аптасына 1, айына 4 мәрте суарып тұрамыз, − дейді Б.Сыздықов.

Жаңақорған ауданында өткен жылы 1500 гектар жерге бақша егілсе, биыл бақша жерінің көлемі 2 мың гектардан асқан.

Ауыл аманаты – кәсіпке демеу

Мұнан кейін Жаңақорғанның жолы жеке кәсіпкер Наурызбек Айымбетовтың жылыжайына бағыттады. Ол 2023 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысып бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жылыжай жұмысын өркендетуде. Көкөністерін өсіруге, кәсібін ұлғайту мақсатында несие алған кәсіпкердің жылыжайында өсірілген қызанақ, қиярдың дәмі ерекше. Ерте көктемнен бастап қара күзге дейін жылыжайдың жұмысымен жүреді. Кәсіп иесінің айтуынша, жылыжайдан алған өнімдерін аудан ішінде сатады. Бұл алғашында 2 сотық жермен басталған көрінеді. «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, кәсібінің аумағын кеңейткен.

− Бұл − отбасылық кәсіп. Әуелде істі әкемнің айтуымен бастадық. Кейін жұмысымыздың дамуына 2,5 пайыздық несиенің пайдасы мол болды. Алғашында жұмысты 2 сотық жерден бастап, кейін ұлғайып 10 сотыққа айналды. Өз есебіміз бойынша 5 сотық жерден 10 тоннаға жуық қызанақ алуды жоспарладық. Алайда 7-8 тонна өнім алдық. Ал қалған 5 сотық жерден 12 тонна қияр алып отырмыз. Биылғы кезең осымен аяқталды. Жаңа көшет отырғызуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Аудандық әкімдіктің көмегімен тағы 1 гектар жерді пайдалануға мүмкіндік алуымыз мүмкін. Жалпы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі өте көп. Ең бастысы оңтайлы пайдалана білу қажет деп ойлаймын. Келесі жылы несиені мерзімінен бұрын өтеп, одан да ауқымды көлемде қаржыландыруға ие болсақ дейміз, − деді кәсіпкер.

Наурызбек Айымбетов бұған дейін Алматы қаласында жұмыс істеген. Сұхбат барысында уақыттың тез өтетінін, айлықтың аз екенін айтқан болатын. Ал бүгінде кәсібінің жемісін көруде. Отбасылық бизнес өте тиімді әрі жас ұрпаққа үлгі деп санайды.

Үкімет пен «AMANAT» партиясының бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы өткен жылы толық іске қосылған еді. Халықтың табысын арттыру, ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу бағытындағы бастама өңдеу саласына қатысты жобаларды, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа да бизнес жобаларды қаржыландыруды көздейді. Микрокредиттер 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін уақыт беріледі. «Ауыл аманаты» республика аумағында іске асып, бүгінде оң нәтиже көрсетуде. Мәселен Сыр еліндегі 106 елді мекенде 51 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 33 кооператив 716 миллион теңгеге қаржыландырылды. Ал былтыр республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қаралып, 406 жоба несиелендірілді және 713 жұмыс орны ашылды. «Ауыл аманатын» іске асыруда 1 томат пастасы цехы, 34 жылыжай ашылып, 671 асылтұқымды төрт түлік алынды.

Аталған жобаның мүмкіндігін жаңақорғандықтар да оңтайлы пайдалануда. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы Жаңақорған ауданы бойынша 74 жоба 565 миллион теңге көлемінде қорғалған. Негізгі басым бағыты өндіріс, өңдеу болған. Бұл туралы Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев баяндады.

− Аудандағы 24 округ пен кенттен «Ауыл аманаты» жобасына 74 бастама алынды. Бұл сала бойынша 5 кооператив құрылды. Жылыжай, ауыл шаруашылығы, мал және балық шаруашылығы бағытындағы 27 жоба қаржылдандырылды. Ал ұлттық жоба аясында инновациялық грантқа қатысқан кәсіпкер 5 миллион теңге көлемінде қаржы ұтып, кәсібін жүргізуде. Биыл «Ауыл аманатына» 300-ге жуық жоба әзірленуде, бұл шамамен 2 млрд теңгеге жуық қаражат. Сондай-ақ осы жылы инновациялық грантқа қатысуға өтініш қалдырушылар да көбейді. Біз жас кәсіпкерлерге көмектесуге әрі сүйемелдеуге дайынбыз,− деді М.Нұртазаев.

Экоханымның өнімі

Келесі нысан – эко төсемше шығару өндірісін қолға алған Айдана Жаңабайқызының кәсібі де ерекше назар аудартады. Ол өткен жылы Ұлттық жоба аясында 5 млн теңге көлемінде қаржы иеленіп, бүгінде эко-жөргектер шығаруда.

− Мұның барлығы сұраныстан, қажеттіліктен басталды десем қателеспеймін. Жас кезімнен тігін ісіне жақын болдым. Өзіме ғана дайындап жүрдім. Ана атанғаннан кейін балаларыма да табиғи, таза өнімнен жөргек тігіп бастадым. Осылай кәсібім басталып, тапсырыс қабылдауға көштім, − деді кәсіпкер.

Бүгінде жөргектермен қатар ана мен балаға, перзентханаға арналған сөмкелер дайындайды. Сондай-ақ бесік жасауларын да әзірлейді. Сұранысқа сай ассортименттер де көбейе бермек. Эко-өнім Қазақстан бойынша таратылады. Бала терісіне жағымды, аллергия тудырмайтын жөргектерді Айдана Жаңабайқызының 4 адамнан құралған командасы дайындайды.

− Жөргектердің өлшемі стандарт келеді. Бала туылғаннан бастап бір жарым жасқа дейін қолдана алады. Ал эко-іш киімнің түрлі өлшемдері бар. Негізі мұндай өнімдер Қытайда да өндіріледі. Ерекшелігіміз – біздің жөргектер жақсартылған нұсқа. Бір өнім 2000 жууға дейін қолданыла береді, − дейді Айдана Исраилова.

140 мың түп алма ағашы

Қыраш аудандық округіне қарасты Сасықбұлақ туралы естуіңіз бар ма? Бүгін дәл осы көл арқылы алма бағы сусындауда.

Көліктің бағыты Жаңақорғандағы Қыраш ауылына бұрылды. Кең, жазық дала. Бізді сылдырлай аққан су мен күннен бөлек алма бағы қарсы алды. Мұнда 2022 жылы көлемі 30 гектарды құрайтын қарқынды алма бағын өсіру қолға алынған. Бүгінде 80 гектар жерде 140 мың түп алма ағашы бар.

− Егін жұмыстарын өткен жылы наурыз айында бастадық. Негізінен бұл алма ағашы өнімін 3 жылда береді. Көшеттер Түркиядан әкелінді. Алғашқы жыл, әрине, қиын болды. Бұл жеміс үшін ауа райы да, жері де тым бөлек. Былтырғы жаз бен қыс мезгілінен қалай өтеді екен деп ойладық.Түптердің жерге сіңіп, ауа райына үйренісуі және мол жеміс беруіне бас-аяғы 3 жыл қажет. Ал араға 1 жыл 3 ай салып биыл өнім алуға дайындалып жатырмыз.

Бұл арада 75 мың көшет бар. Орта есеппен 500-600 көшет шығын болды. Бірақ шығынның нақты себебін анықтай алмадық. Биыл орындары толтырылып, күтім жұмыстары қарқынды жүруде. Жақсы өнім алу үшін басқа өңірдегі әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз. Сондай-ақ өзінің технологиясы бойынша өсірудеміз, − деді Алмас Нәлібаев.

Мамандардың айтуынша, бақтың жемісін Алматыға да сұратып жатыр екен. Бүгінде жемісті баптаумен қатар жер мәселесі де қолға алынған. Себебі келешекте Батыс Еуропа−Батыс Қытай жолының бойынан 3 400 тонна жеміс-жидек, 1 600 тонна көкөніс, жалпы 5 000 тонна дайын өнім сақтау қоймасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ шырын өндіру мен жәшік шығару жұмыстары да іске қосылмақ.

Ағаштар күніне 1 рет, кешкі сағат 6-дан кейін суғарылады екен. Суғару үшін тамшылату әдісі қолданылуда. Алма бағының ұйымдастырушы агроном маманы әңгімелесу барысында бұл тәсілдің тиімділігін айтып берді.

– Тамшылатып суғару әдісін тәжірибеде жиі қолданамын. Бұл арқылы суды 70-80 пайызға үнемдеуге болады. Мейлінше Қазақстан аумағында кеңінен қолданған жөн. Мәселен есіктің алдындағы бақты 200 тоннаның орнына 2 тонна сумен қамтамасыз етуге болады.

Алма бақта 140 мың түп алма бар. Олар қарқынды және классикалық түрде егілген. Қарқынды бақтағы ағаштардың тамыры 50 см, олар 4 жерден байланып, төбесі арнайы сеткамен жабылған. Зиянкестермен күресу жұмыстары да жиі жүргізіледі. Тракторлар мен агрегаттарды қолданамыз. Түрік ағайындарымен 3 жылға келісім-шарт бар.

Қарқынды алма бақта сеткамен жабылған 100 алманың 90 пайызын пайдалана аламыз. Ал дәстүрлі бақта 100 алманың тек 70 пайызын қолдануға болады. Сол үшін қарқынды бақты қолға алдық. Төбеде жабылған сетканың ең басты мақсаты – күннен қорғау. Екіншіден құстан, желден, бұршақ пен нөсерден қорғайды. 10 мың қада тұрғыздық. 30 гектар жерді сеткамен жауып үлгірдік. Қажетті тауарларды Италия, Ресей мен Израильден аламыз, − деді Үмбет Әбибуллаев.

Мамандар бақты баптауды үйдегі әйелдің жұмысына теңейді. Өте ауқымды, жан жақтылықты талап етеді дейді. Шаруашылықтағы барлық істі бірге алып жүру керек. Бір қолмен алманы түзеп жатсаң, екінші қолмен суды жөндеу қажет деп санайды агроном.

Алма бақ тұрақты түрде 17-18 адам жұмыс істейді. Маусымдық кезеңде күніне 30 адамға дейін келетін көрінеді. Сапар барысында тұрақты мамандардың бірін сөзге тарттық. Оның айтуынша, үй мен жұмыстың арасы 1,5 сағаттық жер. Басқа ауылдан келіп, қатынайды.

− Мен бұл бақ ашылған кезеңнен бастап жұмыс істеймін. Былтыр ағаштарды егу, сым тарту сынды істерді жүргіздік. Ал жаңадан қосылған 50 гектар жерге түптерді көктемге отырғыздық. Қазір күз мезгіліне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қатардың бір басынан соңына дейін 184 көшет бар.

Шорнақ ауылының тұрғынымын. Жұмыс пен үйдің арасы 1,5 сағатты құрайды. Таңертең 5-те шығып келеміз, − деді Шахида Әбдіраимова.

Жаңақорғанның жасыл жайылымдары мен тәтті қарбыздары, жылыжайлары мен эко-өнімдерінің жұмысы осылай жалғасуда. Бұл сапар ауданның өмірімен танысып, оның болашағына зор сеніммен қарауымызға себеп болды. Жаңақорған ауданының халқы – ауыл өмірінің тамаша көрінісі һәм шынайы еңбектің үлгісі іспеттес болып есімде қалды. Жаңақорған жазбаларын жазуда әлі де біраз дүние баяндауға болады. Дегенмен көзбен көрген дүниені сол қалпы оқырман назарына ұсынбақ ниетпен жазбаға айналдырдық. Өңір өнімдері мен ауданның айшықты жаңалықтары туралы айтудан танбаймыз. Сіз де газет беттерін парақтауды ұмытпаңыз, қадірлі оқырман!

Әлия ТӘЖІБАЙ

Қызылорда – Жаңақорған – Қызылорда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!