Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Кез келген салаға серпіліс сыйлап, өзгеріс алып келетін де жалынды жастар.

Ежелден еліміз үшін еркіндіктің символы болған бүркіт ұядағы балапанының қанаты қатая бастағаннан-ақ түрлі сынақтан өткізіп, тіршілік етуге баулиды. Дәл солай адамзат баласының да ақылы толыса бастаған шағында қоғамға бейімдеп, қолдау білдіру – баршамыздың басты міндетіміз.

12 тамыз – халықаралық жастар мерекесі. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жастар және отбасы істері» комитетімен бірлесе отырып, аталған мерекені ұлттық онкүндік ретінде атап өтуге бағытталған арнайы тұжырымдама бекітті. Республика көлемінде қолға алынған онкүндік аясында ұйымдастырылатын шаралар тізімін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров баяндады.

3 тамыз күні «Таза Қазақстан» акциясымен бастау алған іс-шаралар легі күн сайын түрлі тақырыппен жаңаша форматта жалғасын тауып келеді.

Алғашқы күні ұйымдастырылған экологиялық акцияға жастар ұйымдары, волонтерлер, «Жастар рухы» Жастар қанты ұйымының мүшелері, «Жасыл ел» еңбек жасағы, сонымен қатар жастар орталықтарының қызметкерлері қатысты.

Жиылған 100-ге жуық адамның бір тобы жастар орталығы ғимаратының маңайын ретке келтірсе, енді бір тобы тыл және еңбек адагерлерінің үйінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Қалған бір тобы облыс орталығындағы ескерткіштерді сүртіп, қала тұрғындарын тазалыққа шақыратын үнпарақшалар таратты.

Ал 4 тамызда отандық режиссерлерді қолдау мақсатында облыстық жастар орталығы және «Арбат» саябағында «Аспан Cinema» шарасы ұйымдастырылды.

Облыстық жастар орталығы мен жастар ұйымдары бірлесіп, көрерменге көгілдір экраннан көркем туындыларды тамашалау мүмкіндігін тарту етті. Көрсетілімдер қала, аудан орталықтарындағы ЛЭД экрандарда, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда, жастар көп шоғырланатын орындарда, сондай-ақ жазғы тынығу лагерлерінде де жүргізілді.

Аталған онкүндік 5 тамыз күні «Донор бол!» акциясымен жалғасын тапты. Таңғы 9:00-де облыстық қан тапсыру орталығына 30-ға жуық жас жиналып, ерікті түрде донор бо луға ниет білдірді.

Сонымен қатар кешкі сағат 18:00-де қалалық мәдени және демалыс саябағында «Жастар денсаулық орталығының» көшпелі форматтағы «Дені сау жас – ел болашағы» атты тегін медициналық кеңес беру шарасы өтті.

Акция барысында тәжірибелі дәрігер гинеколог, уролог, психолог, валеолог мамандар қала тұрғындарына нұсқаулық көрсетіп, кеңес берді.

– Жалпы алғанда ұлттық онкүндік аясында 200-ге жуық шара ұйымдастырылып, тікелей және жанама түрде 50 мыңға жуық жасты қамту жоспарлануда – деді Әліби Төлепбергенұлы.

Айта кетейік, республикалық деңгейде ұйымдастырылып отырған ұлттық онкүндік алдағы күндері де жалғасын табады.

Ұйымдастырушылар «Мейірімділік мекені», «Адал азамат», «Қорған – 24» секілді түрлі тақырып аясында өткізілетін іс-шараларға аймақ жастарын белсенді атсалысуға шақырды.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!