Ертеде бұлттың ішінде адамдар емін-еркін өмір сүріп, бір-бірімен ерекше тіл табысып, тату-тәтті өмір сүріпті. Кейде адамдар ақша бұлтты ерттеп мініп алып, көк аспан ғаламында қалықтап, серуендеп, қыдырып та қайтатын.
Өркеш-өркеш бұлттар мен адамдар арасындағы осындай татулықты көре алмаған Жел екеуінің арасына от салмақшы болады. Құйындай ұйытқып, желіп барып біресе бұлтқа, біресе адамға барып сыпсыңдап сөз тасып, ақыры бір-бірімен қырық пышақ етіп ұрыстырып, дегеніне жетеді. Бірге ойын-сауық құрып, сыртынан өсек-аян айтқан адамдарға іштей қапа болған Бұлт олардан іргесін аулақ салып: «Ей, Адамдар, сендердің мұндай екіжүзділіктерің бізді алысқа апармайды. Сендер жерге түсіп, енді тек сонда ғана өмір сүресіңдер. Маған оралатын уақыт сендерге беймәлім», – деп жөңкіліп көшіп кеткен. Сонда адамдар мызғымас достықтарына сызат түскеніне өкініп, Құдіретті күштен жалбарынып тілек тілеумен болыпты. Сөйтіп, Құдіретті күш адамдарды бір-бірінің қадірін білу үшін жерге түсіріп, дүние-думанның бақытын сыйлапты. Бірақ, адамдар бұрынғыша қалаған сәтінде бұлтқа мініп, көк аспанды шарлап, саяхаттай алмапты.
Арада күн артынан күн, ай артынан ай дөңгеленіп өте беріпті. Жел болса, сол бұрынғы аузы жеңіл әдетінше сыпсыңдап, бір жерге тұрақталмапты. Ал, Бұлт кей-кейде адамдарға көк аспаннан қарап тұрып, адамдарға деген еріксіз сағынышын жасыра алмай, көз жасын төгіп алатын көрінеді. Оның жасы бізге жаңбыр тамшылары болып тамады деседі.
Бақдәулет ЖОЛДАС,
«Орда School» жеке мектебінің
оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!