Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ

Жантану да

бір тылсым

Семинар-тренинг, коучтардың сабағы, психологтердің қабылдауы дегендер енді шыға бастаған кезде елден қалмайық дегендей, құрбым екеуміздің әлдебір психологы жеке қабылдауына жазылғанымыз бар… Бір адамға – он бес мың теңге. Өмірі психологтың алдын көрмеген басымыз бүкіл сұрағымызға жауап тауып беретіндей іштей үлкен дәмеміз бар. Төлеп қойған ақшамыз да – біз үшін кәдімгідей үлкен қаражат.

Бір жағы не айтатыны да қызық. Үлкен бір олжамен шығатын сияқтымыз. Бірақ қызық болғанда, аяғын айқастырып қойып: «Не айтасың, не мәселең бар?» деп жоғарыдан қарап, суық қабақ танытқан психологты көргенде, көңілім су сепкендей басылған. Менен кейін кірген құрбым да «түк айтпады» деп ренжіп шығып, оған берген отыз мың теңгемізге ішіміз ашып, айғайлаған жарнамаға сене бермеу керек екен дедік. Кейін ол психологтың кәсіби маман еместігін де білдік.

Содан бері, кімге болсын сақтықпен қарайтын бізді қоспағанда, психологтың көмегіне жүгініп, қабылдауына жазылатын адамдар саны көбеймесе, азайған жоқ секілді. Өйткені инстаграм әлеуметтік желісін ашып қалсаңыз, елдің бәрі «ақылды», елдің бәрі «психолог». Олардың ішінде кәсіби маман жоқ деуден аулақпын. Жалпы, кімге бара жатқаныңды біліп, маман таңдауда қателеспеу керегі де сіздің мәселеңіздің жартысын шешіп беретін секілді.

Мәселен, екі баланың анасы, Жанай есімді қала тұрғыны психолог маманға барып, өмірінің кәдімгідей өзгергенін айтады. Жанайдың мінезіндегі жақсы өзгерісті күйеуі де байқаған. Өз-өзіне қарап, өзімен жұмыс жасағалы оның өміріне береке кіріп, алға қойған мақсаттары да орындала бастаған.

Осыдан он шақты жыл бұрын жұртта психологтың қабылдауына тек қана әлсіз және психикалық ауытқушылығы бар адамдар келеді деген ой болатын. Бірақ қазір ондай тар түсініктен арылып келеді. Қазір жұмысы, қызметі бар, үлкен дәрежеге жеткен тұлғалардың өзі психологтың көмегіне жүгініп жатады. Мамандардың өз сөзімен айтсақ, түйткілді мәселесін шеше алмай, жан-дүниесінің тыныштығын іздеген адамдардың барлығы психологтың қабылдауына жазылады. Оларды жұртпен қарым-қатынас мәселесі, әке-шеше, ата-ене, туған-туыспен арадағы жағдай мазалайтын болып шығады. Оның ішінде ерлі-зайыптылардың өзара түсінісе алмауы да бар.

– Менің қабылдауыма көбіне 18-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер, 25-40 жастағы ер адамдар келеді. Бірақ соңғы уақытта алпыстың ар жақ-бер жағындағы әйелдер де келе бастады. Көбінің ұзақ жыл отасқан күйеулері қайтыс болып, күйзеліске түскен. Өздері ешқашан жұмыс істемей, күйеулері асырағандықтан, одан айырылған соң жаңа өмірдің шындығына бейімделу қиындық туғызған. Соңғы кездері ер балалар да көп келеді. Олар «Өзіме сенімсізбін, жаман ой көп мазалайды, ол ойлардан қалай құтылсам болады, адамдармен тіл табыса алмаймын, көп адам жүрген жерде жүргім келмейді» деген сұрақтарға жауап тапқысы келеді. Өз тәжірибемнен алсам, қаңтар, ақпан айлары мен қыркүйек кезінде психологке жүгінетін адамдар көбейеді, – дейді Сымбат Әбдірахман.

30-35 жастан асқандар да жиі психолог жағалайтын көрінеді. Олар – өмірден өз орнын таппай жүрген, жұмысы, қызметі жоқ, осы жасқа келгенше “мен не істедім” деп өзіне сұрақ қойып, соған жауап таба алмай жүрген жандар. Балаларым өте мазасыз, ұялы телефон, планшетте көп отырады деген шағыммен келетін аналар да бар көрінеді.

Жаңа жылға жоспар құрып, ескі жылға есеп берген кезде қолынан келмейтін арманды жазып, сол жүзеге аспаған соң күйзеліске түсіп келетін қалалықтар да бар көрінеді. Маманның айтуынша, қазақ аудиториясында психологтың кеңесіне жүгіну дұрыс жолға қойылмаған. Оның үстіне, бізде кәсіби маман емес психолог көп. Соның әсерінен жұрттың психологке деген сенімі де азаяды. Сондықтан кәсіби маманның көмегіне жүгінер кезде оның кім екенін, өз саласындағы біліктілігі қаншалықты екенін тексеруді ұмытпаңыз.

Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!