Асыл!.. Осы бір сұлу сөздің мәні мен мазмұнын толық түсіндіріп, құрығанда дәл суреттеп берген сөз маманын, не қаламгерді көргенім жоқ. Қайтып келмейтін сәттерді айтып тауыса алмайтын әңгімелер секілді, әр кәллә өз қиялының шеңберінде шабады да жүреді. Ал менің ойыма асыл дегенде бірден Асыл Оразова келеді. Сұлу сөз, сұлу көз, сұлу қалып, сұлу мінез, сұлу жүректің иесі Асыл Оразова!.. Жанарында жан мұңы, миығында ару қыздың тағдыры тұратын кәдімгі Асыл Оразова!

Апаймен 2013 жылы таныстым. Қарашаңырағымыз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті – менің ғұмырымның үлкен аялдамасы секілді. Аталған аялдамада мен талай жақсыға жуыстым, талай тарланмен «туыстым»!.. Сол қатарда шын асыл Асыл Қожабайқызы да бар. Бірде балқып, бірде толқып, бірде шалқып тұратын қайран күндер – қайран жастық шақ, қайран студенттік сәт Асыл апайыммен де көркем еді.

Талантсыздардан келетін қауіпке ұшырататын талант-талапқа деген таным мен оған құрмет көрінген өреге қона қоятын құт емес. Біздің Асыл апай – кісідегі талант үшін көп пендешіліктерге түсіністік таныта алатын үлкен жүректің иесі. Баламыз, қолымызда кезіккенді қиып түсе беретін жастық дейтін қылыш бар. Оны оңға бір, солға бір сілтейміз. Сонымыз үшін сөз естіп, көңіліміз түссе, біз үшін Асыл апай жылап тұратын. Мұңаю бір сәндей, мезеттің бәрінен мұң іздеп кетсек, апай біздің көңілімізді қорып, бәйек боп жүретін. Содан ба, дүние түгел теріс айналса да, жанымызда Асыл апайдың қалатынына шүбәсіз сенетінбіз.

Асыл апайда ешкім үйретпеген, ешкімнен үйренбеген қарапайымдылық бар. Сонысы өзіне әбден жарасады. Сол қарапайымдылығын біреулер бағалайды, біреулер «паналайды». Апай соның бәріне кеңшілік көрсетеді. Бір ауыз сөздің кісі тағдырына кілт те, құлып та болатынын жанымен ұғады. Біз соны бәрін сезіп өстік.

Апайға еркелейтінбіз. Апайды жанында отырып сағынатынбыз. «Жаманмен өткен, жақсымен өткен» деп бөлініп жататын біздің уақыт апаймен өткенде ғана есеп-қисаптан бөлек тұратын. Адамдар күліп жүрсе, бақытын содан табатын тек Асыл апай шығар!..

Асыл апайды танып, ғашық болуды үйрендік. Кімге ғашық болуды да.. Апайдың жүріс-тұрысы, «жымиыс-күлісі» әдемі адамның қалыбын кескіндеп беретін. Жан сұлулығы дегенді де апайға қарап таныдық десек болар… «Апай, сіздей адам қайда бар?» – деп сұрайтынбыз. «Мен сияқты адам өте көп, тіпті, әрбір үйде бар. Жолдарыңда тек жақсы адамдар кезіксін, қымбаттыларым», – деп жауап қататын. Жақсылықты бәріне қия алатындығы ғой!

Тән-бойды тітіркендірген Торғай өрті кезінде менің бір досым ұясының айналасына қанатымен су сеуіп жүрген қарлығашты өз көзімен көріпті. Біз үшін де апай талай рет бозторғайша шырылдаған. Не тумасы, не руласы емеспіз, бұл не деген мейірім деймін ғой!..

Ғұмыр дейтін жанмазар, қанбазар есейткен сайын мен сағына беретін бірер нәрсе бар, ол – шын күлкі мен шын көз жасы. Осыларды көп іздеймін… Құдай-ау, сондай кезде де ойыма апай орала береді ғой…

Апай биыл елуге кеп жатыр екен. Университет қабырғасында білім алып жатқан шәкірттері құттықтау сұрап хабарласты. Олар да Асыл Қожабайқызын тура біздей жақсы көріп қалыпты. Қуантқылары кеп жүргенін дауыстарынан сездім. Апай асыл болмаса, бүгінгідей сұмырай сүргін тіршілікте кім кімнің көңілін баққандай?!

«Мен гүл едім беретін құрап шаттық» деген ақын жырларындағылай, «ол күн еді беретін құрап жылу, Оған ләззат бәріне ұнап жүру!..» – деп жыр да бастағым келіп еді. Асылды дәл өзі етіп суреттеу кім-кімге бұйыра береді дейсіз…

Мүмкін, ешкім бейнелей алмай жүрген асыл осы адам шығар!.. Асыл әже, асыл ана, асыл сөз, Асыл апай! Маған осы асылдардың бәрі қымбат!

Жаны асыл, жанашыр Асыл Қожабайқызы жүз жасаса екен! Негізі мұндай адамдар мәңгілік жасайды ғой!..

Менен біреу «әріп үйреткен ұстаз ба, адамшылықты үйреткен ұстаз ба?» – деп сұраса, не деп жауап берер екем, осы?!.

Мақсат ДАУЫЛБАЙ,
шәкірті, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!