Кейде күтпеген сәтте ғажайып сезімдер туындап, ой мен сананы ерекше құбылыс билейді. Дәл солай жүрегімізді жайлайтын сезім ол − бір көргеннен ұнату. Бұл әсер әдебиет пен өнердің мәңгілік тақырыбына айналып, түрлі шедеврдің туындауына арқау болып, тіпті талай шығарманың шырайын кіргізген. Адамның жан дүниесіндегі нәзік иірімдерді ашатын «ұнату» − өмірге ерекше бояу, тың тыныс әкеледі.

Әңгімемізді баяндау үшін алыста қалған әсем естеліктерге оралайық. Бұл шамамен студенттік шаққа енді аяқ басқан бойжеткеннің ыстық естелігі. Біраздан бұл оқиғаны еске алмаған Інжу аяқ асты жастық шағындағы қойын дәптерін тауып алған еді. Алтын тапқандай қуанып, шаңын қолымен сүрткен қыз дәптерді парақтап, сол бір оқиға, сол бір кездесу туралы жазылған, шимайланған жазбаны көріп, ерекше толқыды. Міне бұл әңгіме де сол оқиғаның әсерімен өрбуде.

«…Жаздың жайма шуақты күні. Мен оны алғаш рет табиғаттың құшағында, көркем суреттей бейнеленген әсем далада көрдім. Жүрегімді дірілдеткені жүзінен тараған шуақты нұр іспеттес күлкісі еді. Қарапайым сөзбен жеткізу қиын, себебі сол сәттегі менің жан дүниемде болған өзгерістерді айту, яки түсіндіру оңай емес».

Әшейінде күнделігіне мұндайды жазбайтын бойжеткен сол уақта лезде қаламын алып, шимайлаған ғой дейміз. Себебі жазбаның келесі қатары жүректен шыққан сөздермен толығыпты.

«Бір көргеннен ұнату – бұл екі жанның бір-бірімен үндесіп, терең байланыс орнату сәті. Алғаш көргенде көз жанарымыздың түйісуін, үнсіз тілдесуін, бір-біріміздің ішкі әлемімізді түсінгендей болуымыз − сезімнің сиқыры мен шынайылығының үндестігі деп ұқтым.

Бұл шексіз сезімнің өрісі іспеттес. Ол сезім адам жанын байытып, махаббаттың алғашқы жаршысы ретінде жүректегі нәзік, таза сезімдерді оятады. Әр адам өмірінде бір рет болса да, осы сезімді бастан кешуі керек деп санаймын. Өйткені, бұл сезім өмірге ерекше мән-мағына, жаңа тыныс әкеліп, жүрегімізді қуанышқа толтырады. Бір көргеннен ұнатудың күші оның шынайылығында және жүректен жүрекке жететін терең байланыста жатыр» делінген күнделікте.

Бір қарасаң құдды бір лаулаған сезіммен пара-пар дерсіз. Бұл нәзік жанның жүрегінен, таза ойынан шыққан сөздер еді. Мұнан кейін де сол бір жан туралы сипаттап, 3 бет жазылыпты. Алғаш көруі жан дүниелерінде тебірентерлік сезім тудырғанымен кейін тағдыр оларды бір алаңда, бір қалада тоғыстырмаған секілді. Ал жазбаның соңында:

«…Бүгінгі бейнесі көз алдымда. Жүрегімнің түкпірінде оның көзқарасы мәңгіге сақталғандай. Бірақ біз енді қашан жолығады екенбіз?» деп жазылған.

Жақында күнделіктегі жазбаға қарап Інжудің ойы сан сақты шарлап, өміріндегі ғажайып сәттер есіне оралды. Алғаш көргеннен ұнатқан бейтаныс бала кейін өміріне қайта оралыпты. Ал жаңа кездесудегі сезім туралы кейін бөлісемін.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!