Ерте ерте ертеде ит пен мысық болыпты. Итті адам баласының бәрі жақсы көріп, сыйлайды екен. Ал керісінше мысықты көбі жақтырмай, жолап кетсе, тас лақтырып, қуып шығады екен. Мысық адамдардың итті не үшін жақсы көретінін түсінбейді. Сол үшін қызғаныштан үнемі итке қастандық жасайды, аңдып жүреді. Нақтырақ айтқанда, ит мысықтың қас жауына айналды. Ит оның әрекеті қанша ашуына тисе де, үн -үнсіз жүретін. Егер ол мысықтан кегін қайтармақ болса, өзін адамдар “жаман ит” деп ойлап қалады деп қорқатын. Бір күні мысық иттің таңғы асын ұрлайды. Оны жабайы иттерге беріп жібереді. Ит тамағының жоғын біліп, бұл істің артында мысық тұрғанын біледі. Мұндай жағымсыз істерден шаршаған ит мысыққа барып:
– Саған не керек, іштар мысық? – дейді ашуланып.
– Мияу,сенің беделің керек.
– Менің беделімді қалай жаман әрекет жасасаңда,қолға түсіре алмайсың! Ол үшін еңбек ету керек.
– Ол не еңбек тағы? Ақылсымақ болмай, айтсаңшы …
– Менің еңбек деп отырғаным, жақсы әрекет жасау. Сен сонда ғана жұрттың сүйіспеншілігіне бөленесің.
– Егер осы айтқандарың рас болса, мен сенің жақсы ит екеніңе сенетін боламын, – дейді мысық.
Ит мысықты көшеге алып шығады.
– Мысық, адамдармен сәлемдес. Бұл қылық әрбір адамға жағады, – дейді ит күлімсіреп.
Мысық иттің айтқанын түсінгендей,барлығымен сәлемдеседі. Адамдар мысықтың әрекетіне таңғалып, түсінбейді. Бастысы риза болады. Одан соң әрі қарай жол жүріп, кенет жолдан өте алмай тұрған әжейді көреді. Ит мысықты түртіп:
– Ал мысық, келесі жұмыс көрінген таныс не бейтаныс болсын, көмекке мұқтаж адамға көмектесу – сенің парызың.
Мысық барып, әжейді жолдан өтуге көмектеседі. Әжей алғысын білдіріп, оны сипалайды.
Бір сәтте мысық пен ит ит жол жүріп бара жатқанда,жақын жердегі баланың жылаған дауысын естиді. Мысық ештеңеге қарамастан, сол жерге барады. Сөйтсе, балаға жабайы құс жақындап келе жатыр екен. Мысық лезде барып, құстың көзін тырнағымен тіліп, баланы құтқарып қалады. Сол жерге жұрт жиналып, мысықты көтеріп, мақтап, қол шапалақтайды. Ол баланың ата-анасы мысыққа алғысын білдіріп, тамақ береді. Мысық өмірінде бірінші рет ерекше сезімге бөленіп, көзіне жас алады. Кейін итке рақметін айтып, жасаған әрекеттері үшін кешірім сұрап, екеуі дос болады. Осы оқиғадан кейін мысық көп нәрсе ұғады. Итті барлық адам не үшін жақсы көретінін түсінеді.
Жақсылық Әлибек Аскербекұлы
Түркістан облысы Бәйдібек ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!