Адам баласы өмір бойы ізгілік пен зұлымдықтың арасында таңдау жасап келеді. Бір қарағанда, «жақсылық» деген сөз тым қарапайым секілді. Бірақ оның астарында терең философия, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылық бар. Қазақ «Жақсылық қылсаң – өзің үшін, жамандық қылсаң – өзің үшін» дейді. Бұл сөздің мәні – жасаған әрбір игі ісің, айтқан әрбір жылы сөзің түптің түбінде өзіңе қайтып оралады дегенді білдіреді.
Бүгінгі қоғамда жақсылық сиреп кеткендей көрінетіні бар. Қайырымдылық қорына ақша аударғанымызбен, оның шын мұқтаждың қолына жетіп-жетпегеніне күмәнданамыз. Біреуге көмектескің келсе, кейде сенімсіздікке тап боласың. Тіпті кейбір адамдар «қазіргі заманда мейірімге орын қалды ма?» деп күмәнданады. Дегенмен жақсылық ешқашан өлген емес, тек біз оны байқап, бағалауды үйренуіміз қажет.
Жақсылықтың үлкені де, кішісі де болмайды. Ол қарапайым істерден басталады. Көшеде жатқан қоқысты көтеріп, қоқыс жәшігіне салу – табиғатқа жасалған қамқорлық. Автобуста қарияға орын беру – кісілік пен мәдениеттің белгісі. Біреудің көңілін қалдырмай, жылы сөз айту – жанға қуат береді. Расында бір ғана игі іс айналаңа шуақ шашады.
Жақсылықтың тағы бір қыры – сөзбен, тыңдай білу арқылы көмектесу. Әркімнің өмірінде қиын сәт болады. Сондайда біреудің мұңын тыңдап, қолдау білдіру – үлкен демеу. Өйткені кейде адамға ақша да, дүние де емес, жанын жылытар сөз керек. Дана халқымыздың «Жақсының сөзі – жанға шипа» деуі сондықтан.
Жақсылықты жасау үшін міндетті түрде басқаға ғана емес, өзіңе де қамқор болуды үйренген жөн. Өзін сүйіп, қадірлей білген адам ғана айналасына мейірім таратады. Бұл – құрғап қалған құдықтан сусын іше алмайтынымыз сияқты, жүрегі бос жаннан ізгілік күтудің қиындығын меңзейді.
Табиғатқа жасалған жақсылық та – мәңгілікке қалатын мұра. Бір тал ексең, ол ертең сая болмақ. Бір тамшы суды үнемдесең – болашақ ұрпақтың несібесіне үлес қосасың. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана сөздің төркіні де осында. Жақсылықтың дәні бүгін егіліп, ертең өз жемісін береді. Мүмкін, сен отырғызған бір талдың саясында ертең бір бейтаныс жан тынығар. Мүмкін, сенің жылы жымиысыңнан біреудің жан дүниесіндегі дауыл басылар.
Кейде біз жасаған жақсылығымыздың қайтарымын күтеміз. «Мен көмектестім, неге ол алғыс айтпады?» деген ой мазалайды. Бірақ жақсылық – сауда емес. Шынайы жақсылық алғыс үшін емес, жүректің әмірімен жасалады. Халық «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Ендеше, біреудің жасаған игілігін бағалай білу де – ізгілік.
Қорытындылай айтқанда, жақсылық жасау – адамның рухын байытатын қазына, өмірге мән беретін ұлы құндылық. Ол кейде көзге көрінбейтіндей ұсақ, бірақ жүрекке салмағы зор. Бәлкім, сенің жасаған бір ғана жақсылығың әлемді өзгертпес, бірақ бір адамның тағдырын жарық қылар. Ал сол адамның жүрегіндегі мейірім кейін өзгеге тарайды. Солайша ізгілік толқыны көбейіп, қоғамымызды жылылыққа бөлейді.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!