Әр адам туған өлкесінің тарихын, мәдениеті мен ардагер ата-әжелеріміздің ерен еңбегін біліп және мақтана айтып жүруі қажет. Жаңақорған ауданында өлкелерде Кеңес Одағы кезінде елге көп еңбек сіңіріп, Соцалистік еңбек ері атағын алған жандар бүгінде тарих төрінен орын алды.
Соғыс аяқталған соң қатаң бір орталыққа бағындырылған экономиканың тиімділігі бұрынғыдан да тұрақты идеологиялық сипатқа ие болды. Жеңіске жетудегі таңдаған даму моделінің дұрыстығын тілге тиек ете отырып, сталиндік партиялық-мемлекеттік насихат әміршіл-әкімшілік жүйенің мызғымастығын бұқара санасына үстемелей енгізе түсті. 1946 жылдың наурыз айында өткен КСРО Жоғарғы Советінің бірінші сессиясында «КСРО-ның 1946-1950 жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамытудың бесжылдық жоспары туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл еліміздің халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамытудың төртінші бесжылдық жоспары болатын. Соғыс ауыртпалығы артта қалды десек те, ел көші әлі де бірден түзеліп кете қойған жоқ. 1946 жылы ауыл шаруашылығында орын алған табиғат апаты соғыс зардабының салдарынан тереңдей түсті. Бұл, әсіресе соғыс жылдарында майдан даласы болған Украина, Белоруссия, Волга бойы өңірлерін қамтыды. 1946 жылы елді аштық жайлады. Бұл өңірлерге көмек көрсету қазақстандықтарға жүктелді. Солардың сапында Қызылорда облысының еңбекшілері де Үкіметтің алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға кірісті. Астық, ет, азық-түлік, сүт, тері, жүн, балық және табын-табын мал сол аймақтарға айдалды. Қиын кезеңге қармастан үстінен соғыс өткендерге көмек көрсетушілер қатарында Жаңақорған ауданының тұрғындары да бар болатын.
1946 жылы желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесі «Егіс алқабын кеңейту туралы» қаулы қабылдады. 1946 жылдың көктемінде Сунақ ата каналы толық аяқталып іске қосылды.
Жаңақорған ауданының тарихи-өлкетану музейінде сол кездегі еңбек ерлерінің пайдаланған заттары – есепшот, сауынды шелегі, орақ, кетпені, шок үтігі, қол таразысы, Кеңес одағынан алған медальдары сақталған. Бұл мәдени орынға барғанда біз сияқты жас ұрпаққа өлкеміздің тарихы сөйлеп тұрғандай көрінеді.
Жаңақорған ауданында да егін көлемі екі есеге ұлғайып, ауылшаруашылық дақылдарының шығымдылығы артты. Аудан еңбеккерлері соғыстан кейінгі төртінші бесжылдықтың (1946- 1950 жылдары) жоспарлары мен тапсырмаларын мүлтіксіз орындау жолында жұмыла еңбек етті. Озаттар саны көбейді. Еңбеккерлер арасында Соцалистік еңбек ерлері, өндіріс озаттары көптеп шыға бастады. Солардың бірегейлері Нақып Ержанов атамыз еңбек жолын 1930 жылы ұйымдастырылған «Талап» ұжымшарында жылқышы болып бастады. Қызылқұм ішіне жасырынған бастамашылардың шабуылына тойтарыс беруге қатысты. 1937 жылы жылқы фермасына меңгеруші болып тағайындалды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ержанов бастаған жылқы фермасының ұжымы атты әскерлерге бірнеше жүз сәйгүлік жіберді. 1946 жылы 50 биеден 50 құлын, 1947 жылы 60 биеден 60 құлын, ал 1948 жылы 80 биеден 80 құлын алып, өсірді.
Мал шаруашылығын өркендетудегі еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталды.
Әли Еламанов атамыз 1902 жылы Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында туған. Ол 1930-1958 жылдары Елтай атындағы ұжымшарда, кейін «Төменарық» кеңшарында жұмыс істеді. Кедей шаруаның баласы Әли 12 жасынан жалшы әкесіне қолғабыс етті. Байдың егінін торғайдан қорғады, құдықтан қауғамен су тартып, соның малын суғарды. 1942 жылы еңбек армиясына шақырылып, Гурьевте, Сталинград маңында жұмыс істеген. 1946 жылдың басында туған ауылына оралып, күрішшілер звеносын басқарды. Жыл сайын мол өнім жинады. 1941 жылы 6 гектар күріштің әр гектарынан 48,4 центнерден өнім жинаса, 1948 жылы 5 гектар күріштің әр гектарынан 81,4 центнерден өнім алды. Жаңашыл Ә.Еламановтың еңбегі жоғары бағаланып, осы жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Астық өндірудің экстенсивтендіру бағдарламасы аясында 1950 жылы Қазақстандағы егіс алқабы 1946 жылмен салыстырғанда 1 млн 173 мың гектарға өсті. Тек осы фактор есебінен астық дақылы ішкі өнімін біршама ұлғайтуға мүмкіндік туды. Жаңақорған ауданында да егіс көлемі екі есеге ұлғайып, ауыл шаруашылық дақылдарының шығымдылығы артты. 1947 жылы ауданда 5420 гектар бидай, 219 гектар арпа, 551 гектар тары, 629 гектар дәндік жүгері, 659 гектар күріш егілді. Сонымен қатар ауданда қой- ешкі – 64593, ірі қара – 7670, жылқы – 8499, түйе – 1276 басқа жетті. Мал басы өсіп, одан өндірілетін өнім артты. 1950 жылы Жаңаталап, Мәдениет колхоздары Октябрь колхозына қосылды. Жаңақұрылыс пен Жайылма колхоздары Ленин атындағы колхозға қосылды. Тақыркөл, Красная Звезда, Жаңарық пен Кеңессарық колхоздары 1 май, Ворошилов атындағы және Октябрь колхоздары Сталин атындағы колхозға қосылды. Бұл ауылдық-округтердің өсіп өркендеуіне, оларды сумен, электрлендіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету көптеген азаматтың маңдай терімен істеген еңбектерінің жемісі еді. 1952 жылы Жаңақорған ауданында 3776 гектар жаздық бидай, 440 гектар арпа, 260 гектар сұлы, 185 гектар тары, 105 гектар жүгері, 1800 гектар күріш, 700 гектар мақта, 19 гектар көкөніс, 777 гектар бақша егістері болды.
Мал шаруашылығы жақсара түсті. 1 май колхозының жылқышысы Сапарбаев 150 биеден 147 құлын, Политотдел колхозының шопаны Әлжанов атамыз 330 саулықтың әр 100-нен 126 қозы алды. Ауданда жүгері өндірудің майталман шеберлері болды. Әсіресе «Бірлік» совхозының жүгеріші-диқандары Әбдірахым Ақбалаев, Жақат Әбдірейімов, Әбдіхалық Ошановтардың есімдері облыс, республикаға мәлім болды. Әбдірахым гектар сайын 500 центнерден көк балауса жинаса, Жақат атамыз әр гектардан 50 центнерден жүгері дәнін алатын болған. Майталман диқандардың қажырлы еңбектері жоғары бағаланды. Әбдірахым Ақбалаев Ленин, Октябрь революциясы орденімен марапатталды. «Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Құрмет» грамотасын да алды. Сол жылдары Жақат Әбдірейімов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері деген құрметті атаққа ие болды.
Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру, ең бастысы Отан ырысын еселеуге қаһармандық әрі табандылықпен еңбек еткен халықтың болашаққа деген сенімі мен отаншылдығының арқасында жүзеге асырылған еді. Сырт қарағанда жап-жақсы көрінетін соғыстан кейінгі бесжылдықтар көрсеткіштерінің арғы жағында жан-жағынан жазалау тәртібі мен қыспаққа алынған колхозшылардың азапты ауыр еңбегі, халықты жайлаған кедейшілік пен аштық, бала мен әйелдерді аямай ауыр жұмысқа салу, өлім-жітімнің көптігі, халықты шаршап-шалдықтырудың ең жоғары шегіне жеткізу үрдісі жатты. Қорыта айтқанда, соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытудың нәтижелеріне баға беретін болсақ, бұл үрдістер халықтың бойындағы күш-жігерін, қазақ халқының табиғатына тән аса зор еңбек ынтасын, тапқырлығын тұншықтырып келген жүйенің арқасында емес, оның еркінен тыс жүріп жатты.
Ауданымыздың тарихи-өлкетану мұражайында қиындыққа құрыштай шынығып, қажымай-талмай еткен еңбектерінің арқасында биік белестерді бағындырған, аудан мен өлкемізді бүкіл республикаға танытқан, халқы үшін, жас ұрпақ үшін деп өздерін аямай тағдырларын еңбекке байлаған ата апаларымыз туралы деректер бар. Олардың атын мәңгі есімізге алып жүруіміз біздің паразымыз. Жақсының аты ешқашан өшпейді.
Адина АБДУОХАПҚЫЗЫ,
№167 орта мектептің
10-сынып оқушысы
Суреттер ашықдереккөзден
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!