Жаркентте ұшты-күйлі жоғалып кеткен үш жасар бүлдіршіннің мәйіті суару каналынан табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алмалы кентінің тұрғындары Жетісу облысы Панфилов ауданының полицейлеріне 3 жасар баланың жоғалып кеткені туралы өтінішпен жүгінген. Айтуларынша, бала өзінің үйінің ауласында ойнап жүріп, жоғалып кеткен.
Іздеуге 100-ге жуық адам шыққан. Олар баланың денесін арықтан тапқан.
«Кентке кіретін су жабылды. Суару каналындағы су көлемі азайғаннан кейін жоғалған баланың денесі оның үйінен 3 км қашықтықта табылды. Болжам бойынша бала арнаға құлап кеткен, қатты ағыс алып кеткен», – деп хабарлады Жетісу облысының полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары азаматтарға әсіресе жазғы демалыс кезінде балаларға жауапкершілікпен қарауды ескертті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!