Фото: Tengrinews.kz
Депутат Нартай Аралбайұлы «Л-капитал» қаржы ұйымына алданғандардың мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, бұл қаржы ұйымына жарнама жасағандар қатарында танымал адамдар да бар.
«Депутаттық сауалыма алаяқтардың қармағын қауып, қолындағы қаржысынан қапыда айрылып, әділдік таппай шақшадай басы шарадай болған жандардың жанайқайы себеп. «Л-капитал» деген қаржылық ұйымның құрбаны болған қандастар мына хатты Мәжіліске үмітінің соңғы сәулесіндей сеніммен жолдады. Өйткені «Л-Капитал» акционерлік қоғамының «там-тұм теңге салсаң таудай табыс табасың» деген жалған жарнамасына алданған адам саны қазір 1451-ге жетті. Жарнама жасап жалаулатқандардың сапында елге танымал өнер жұлдыздары да өріп жүр. Жапа шеккендердің біразы – зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар», – дейді депутат.
Қазір 1451 жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 10 499 000 000 теңге болады екен.
«Осынша қаржыны «Л-Капитал»-дың басшылары ізім-ғайым жоқ қылды деп арызданған отандастарымыз бұл іс бойынша соттың тым созбаққа салынып кеткеніне, прокуратура органдардың баяу әрекетіне наразы. Бұл жерде тағы бір түйткіл бар, «Л-Капитал» акционерлік қоғамына алданғандар саны 1451-ден әлдеқайда көп. Себебі арыз жазған ағайын қаржылық құйтырқылықтың құрбандары санатында әскери бөлім қызметкерлері, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар дейді. Бірақ олар арыз жазудан тартынып отыр, себебі де түсінікті шығар», – дейді Нартай Аралбайұлы.
Депутат мұндайларға нақты шара қолданылмайтынына наразы.
«Беймәлім қаржылық ұйымдар ағайынды алдап, Қазақстанда қашанғы алшаң басып жүре береді? Интернет алаяқтықтың құрбаны болған қандасты қорғай алмаса, қаржылық пирамиданың қақпанын қапқан отандасты арашалай алмаса, олардың қолды болған ақшасын қайтара алмаса онда құзырлы орындардың құзыры не нәрсеге жетеді деген заңды сұрақ туады. Қарапайым елдің мобильдік аударымына қарауыл қойып қадағалап, қажет болса шара қолданамыз деп халыққа дөң айбат шеккен мемлекеттік органдар шын ұрыларды ауыздықтауға келгенде сылбырлық танытпауы керек», – дейді депутат.
Нартай Аралбайұлы осы арызды жолдаған елдің нақты талабы атап көрсетті:
1. 1451 жәбірленушінің арызының негізінде басталған сот процесі неге созбаққа салынып кеткенін және Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты неге Айыптау актісінде нақты айғақтар жоқ деп істі прокуратураға 3 рет қайтарғанын білгісі келеді?
2. «Л-Капиталдың» басшыларынан бөлек сол ұжымға ақша салуға адамдарды үгіттеген өнер жұлдыздарын да заң алдында жауапқа тартуды талап етеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!