«Біз дүние жүзі жастарының алдыңғы қатарындамыз… Біз, жастар, тағдырымыз сендермен байланысты екенін білеміз» деп Баубек Бұлқышев айтып кеткендей, қазіргі таңда жас ұрпақ мемлекет алдында аянбай тер төгіп, жаңа өмір, жаңа бастамаларға жол ашуда. Жастарға сенген ата-бабаларымыз біз үшін қолы қанға малынса да соңына дейін «балаларымыз» деп өткен. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін босаңсып кеткеніміз анық . Оның бір белгісі – батыр ерлеріміздің қызша киім киіп, боянып, сырға тағуын. Ал қыздарымыз ше? Әскерге барып отан алдындағы борышын өтей ме?
Менің ойымша, жас болу қиын әрі оңай. Шет елдерге еліктейміз. Алайда өзге ұлттың тәжірибесінен аларымыз да, оларға береріміз де көп.
Қазақстан жастары – салиқалы ұрпақтың жалғасы. Тектіден шыққан бала тектілігін көрсетеді. Ұрпақтарымыздың дені сау, тік мінезді батырларымызға ұқсағаны сондай-ақ адам тамсандыратын қоңыр көздері тәнті етпей тұрмайды.
Жас болудың қызығы да, шыжығы да көп. Үлкен өмірге қадам басу – өмірдегі ең жауапты шешімдердің бірі. Үлкен талас пен тартыстың жолында жастарымыз сынбай жүре алады ма? Бұл жолдан қателеспей, адамның ала жібін аттамай жүре ала ма?Шыншыл әрі өзіне келген соққыға төтеп бере аларлықтай, айтқан сөзінде тұрып батыл әрі бірсөзді бола ала ма?
Қоғамдағы түрлі тәрбие, әртүрлі буынның тоғысуы барысында қиыншылық туындайтын кездер де бар. Тіпті, кейде бұл өз өзіне қол жұмсаумен, ауыртпашылық жүктелген адамның өмірімен қоштасуына алып келеді. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы суицидтен қайтыс болғандар саны 4 мыңнан 3,7 мыңға дейін азайған. Егер бұл көрсеткішті соңғы бесжылдықпен салыстырсақ, көрсеткіш орташа деңгейде. Ал 7%-ке азаю динамикасы 2021 жылы суицидтің көбеюімен байланыста екенін айта кету керек. Биыл бұрынғы жылдармен салыстырғанда суицидтен болатын өлім көрсеткіші азайып келеді. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 526 қазақстандық өз еркімен өмірмен қоштасса, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5%-ке аз. Әрине, көңіл қуантарлық жайт.
Мағжан сенген жастың бірі болу бақытына ие болғанымызды бағалай бермейміз. Ең маңызды күн – бүгінгі күн. Ел ертеңіне жауапты буын – бүгінгі біз. Сондықтан жастық шағымыздың нәтижесін тарих бетінен көретін күнге жетейік!
Айсұлу ҚОСЖАНОВА
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
1 курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!