Ғалымдар қартаю туралы нақты шешімге келмесе де, Гиппократ бұл үрдіс 42 жастан басталады деген тоқтамға келген. Ол туралы ақпарат әртүрлі. Байқасақ, қазір уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Яғни бұл заманның бір қарбалас бөлігі секілді. Қалай есейіп, тіпті қалай қартайғанымызды да байқамай қаламыз.

Жас болып қалу кімнің де болсын қалауы екені рас. Өкініштісі, жастық шақ қайта оралмайды, тек естеліктерден еміс-еміс еске түседі. Алайда өмір заңдылығына бағынбасқа болмайды. Ата анамыздың да қалай самайына ақ түсіп, қартайғанын байқамай қалады екенбіз…

Қарттық қорқынышты емес. Дұрыс әдеттер қалыптастыру, денсаулыққа назар аудару және өмір салтын жақсарту – жас қалпыңызды сақтау жолында маңызды басымдыққа ие. Сергектігіңізді жоғалтпас үшін назар аудару қажет негізгі аспектілерді атап өтейік: құнарлы өнімдермен тамақтану, физикалық белсенділікті арттыру, стресстен аулақ болу, зиянды әдеттерден бас тарту, позитивті ойлану.

«Жастығымды сақтаймын» деген 45 жастағы миллионер Брайан Джонсон донорлық қанның арқасында өзінің 8 жылға дейін жасарғанын мәлімдеді. Бүгінде ол 17 жастағы ұлының қанын өзіне құйып, «уақытты кері шегіндіремін» дейді. Бірақ эксперимент тек қан құюмен аяқталмайды. Брайан Джонсон қатаң диетаны ұстанады, жаттығулар істеп, тіпті денесін электромагниттік толқындармен жаттықтырады. Осы үшін ол жыл сайын қыруар қаржы жұмсайды.

Заман дамыса да, мәңгі жас бола алмаймыз. Дегенмен жастығымызды сақтау – тек сыртқы көрініс қана емес, ол ішкі жан-дүниенің үйлесімділігімен де байланысты дүние. Ұзақ уақыт жас көрінудің құпиясы – өмірге деген көзқарасты өзгерту, рухани теңгерімді сақтау және ішкі потенциалымызды дамыту секілді құндылықтар арқылы ашылады.

Жан мен тәннің бірлігі бізді жас әрі сергек етеді. Бұл екі компонент өзара тығыз байланыста болғандықтан, рухани тепе-теңдікке қол жеткізгенде денсаулық та жақсарады. Мамандардың айтуынша, психологиялық және физикалық денсаулық бір-бірімен тығыз байланыста. Егер психологиялық жағдайыңыз мүшкіл болса, оның да арты жақсылыққа апармасы анық. Ми тыныштық тапсын десеңіз жаныңызды емдеңіз. Күнделікті медитация, йога немесе тыныс алу жаттығулары сана-сезімді ауыртпалықтан сақтап, сейілуін қамтамасыз ете алады.

Сарапшылардың пікірінше, медитация тек ақыл-ойды тыныштандырып қана қоймай, сондай-ақ ағзадағы қабыну процестерін азайтуға көмектеседі. Гарвард медицина мектебінің профессоры, доктор Герберт Бенсон медитацияның ағзадағы стресс гормондарын төмендетуге және жалпы өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал ететінін атап өткен.

Көптеген бойжеткен әлі қартаю кезеңіне жетпей әжіммен алыса бастайды. Ал бұл асығыс әрекет қорытындысында өкініш әкелуі мүмкін. Бет-әлпетті сол қалпында сақтау үшін міндетті түрде ине салып, ота жасатудың қажеті жоқ. Одан да түрлі массаж, табиғи өнімдердің қоспасынан әзірленген дүниені пайдаланған жөн. Тері күтімі бойынша дерматолог, доктор Лесли Бауман (Майами университеті) күннен қорғайтын кремдерді қолдану ерте қартаюдың алдын алудың маңызды аспектісі екенін айтады. «Ультракүлгін сәулелер терінің ДНҚ сына зиян келтіріп, әжімдер мен пигментацияның пайда болуына әкеледі. SPF 30 және одан жоғары кремдер күнделікті қолданылуы тиіс», – дейді ол.

Физикалық қозғалыстың аздығы да ерте қартаюға әкелетін бірден бір себеп. Бүгінде гаджетті, әлеуметтік желі мен теледидарды көптеген адам қолданады. Сондай-ақ фас-фуд өнімдерін, энергетикалық құнары шамадан тыс сусындарды тұтынатындардың қатары көп. Мұның бәрі физикалық қозғалысқа, денсаулыққа әсер етеді. Спорт – денеңіздің сергек қалпын сақтауға қауқарлы күшке ие. Сондықтан дұрыс тамақтанып, физикалық әлсіздікке жол бермеу қартаю үдерісін баяулатуға көмектеседі.

Өмірге құштар кез келген адам әр сәтті өз пайдасына қолдануды үйренеді. Қарттықтың амалын тауып, әсте одан айламызды асыра алмаспыз. Себебі бұл – өмірдің заңдылығы. Десек те жоғарыда атап өткендей, жан мен тәннің үйлесім табуы – жас қалпыңды сақтауға көмектеседі.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!