Қазіргі қоғамда жастардың рөлі айрықша. Олар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі дамудың да негізгі қозғаушы күші. Ал ауыл жастары – туған жерін тек мекен емес, мүмкіндік алаңы деп қарайтын, ел болашағына бей-жай қарамайтын белсенді буын.

Біз көбіне ауылды қарапайым тіршілік ортасы ретінде қабылдаймыз. Алайда тереңірек үңілсек, ауыл – ұлттық болмысымыздың қайнары, рухани тірегіміз. Тарихқа көз жүгіртсек, елге танылған талай тұлғаның ауылдан шыққанына куә боламыз. Бұл – кездейсоқ емес. Ауыл баласы табиғатпен етене өседі, еңбекке ерте араласады, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бойына сіңіреді. Осындай ортада қалыптасқан ұрпақтың өмірге деген көзқарасы да нық болады.

Бүгінде кейбір жастар ауылдан алыстауды, қалаға ұмтылуды мақсат етеді. Әрине, бұл – заман талабы. Дегенмен ауылды артта қалған мекен ретінде қабылдау – үлкен қателік. Керісінше, ауыл – мүмкіндіктер ортасы. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экотуризм, цифрландыру секілді бағыттарда тың жобаларды жүзеге асыруға болады. Ең бастысы – ниет пен бастама. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан ұйымдардың бірі – «Ауыл партиясы». Партия ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ауылдың әлеуметтік- экономикалық дамуына серпін беруді мақсат етеді. Әсіресе жастар қанаты белсенділігімен ерекшеленіп келеді. Олар еріктілік қозғалысын дамытып, қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, экологиялық акцияларға ұйытқы болуда. Бұл – жастардың сөзден іске көшкенінің нақты дәлелі.

Сонымен қатар ауыл өмірін насихаттау мақсатында түрлі бастама қолға алынуы тиіс. Мәселен, ауыл лагерлерін ұйымдастыру, қала балаларын ауыл тынысымен таныстыру – жас буынның табиғатпен етене жақын өсіп, еңбек қадірін түсінуіне ықпал етер еді. Себебі ауыл – тек географиялық ұғым емес, ол тәрбие мектебі. Қорыта айтқанда, ауылдан басталған әр бастама – ел болашағына қосылған үлес. Белсенді, білімді, отансүйгіш жастар бар жерде ауыл да, ел де дамиды. Ауыл – елдің алтын бесігі. Ал сол бесікті тербететін – бүгінгі жас буын.

Мерей ҚАЛАБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!