Педагогика мамандығы бойынша білім алушыларға бағыт беретін республикалық «Ыбырай» қоғамдық қоры 2020 жылы құрылды. Осы уақыт аралығында 100-ге жуық студентке тереңдетілген білім беріп, педагогика саласының мамандарын даярлауда өзіндік үлес қосуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Ыбырай» қоғамдық қорының директоры Нұрбек Серікбаев қордың негізгі мақсатын түсіндірді.
-«Ыбырай» қоғамдық қорының негізгі мақсаты – үздік педагогтарды даярлау болып табылады. Қор құрылғандағы 34 студентпен бастаған болатынбыз. Қазір 58 студент біздің республикалық қорда білім алады. Біздің қордың ерекшелігі – тек қана Қызылорда облысынан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен білім алушыларды қабылдайды. Алдағы уақытта қордың жұмысын одан әрі дамытып, білімді педагогтардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Нұрбек Досболұлы.
Жақында «Ыбырай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен үздік студенттер арасында «Жыл студенті – 2023» конкурсы өткен болатын. Байқауда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2 курс студенті Талшын Әділбек жеңімпаз атанды.
-Мен ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандағында білім аламын. Университеттегі базалық білімнен бөлек, өзімді осы қорда жетілдіріп жүрмін. Онда 4 бағыт бойынша өзімізді дамытамыз және үздік ұстаздардан білім аламыз. Одан бөлек, белсенді болуға тырысамыз. Жақында өткен байқауда үздік студенттер арасында озат атанып, ноутбук ұтып алдым. Болашақта мықты педагог боламын деген мақсатым бар, – деді Талшын Әділбек.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!