Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен барша сырбойылықтарды құттықтаймын

Бұл – ата-бабамыздың асқақ арманы орындалып, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Тарихы терең қазақ халқы үшін егемен елдің бейбіт күні баға жетпес байлыққа саналса, сол құндылықты құнсыздандырмау әрбір азаматтың басты міндеті. Сол үшін де Республика күнінің қазіргі өскелең ұрпақ үшін маңызы жоғары деп есептеймін.

Алдыңғы буын аға-әпкелеріміздің егеменді ел болуға ұмтылған ерен ерліктері тәуелсіз ел жастарының жарқын істерімен, жалынды бастамаларымен өз жалғасын табуда. Әсіресе еліміздегі жас спортшылардың жемісті жетістігі толастамай, спорт саласы жыл сайын серпінді дамуда. Биыл да төрткүл дүние көз тіккен Париж Олимпиадасы мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ спортының тарландары кіл мықтылардың арасынан оза шауып, еліміздің көк туын әлемдік ареналарда желбіретті. Бұдан бөлек, Сыр өңірінде де облыс әкімінің қолдауымен аталған салаға айтарлықтай көңіл бөлініп, облыста бірнеше спорт кешені ашылып, жаңа стадионның іргетасы қаланды. Мұның барлығы егемен еліміздің даму жолындағы жаңа серпін деп білемін.

Осынау айтулы мереке қарсаңында барша сырбойылықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа бақ-береке және ырыс тілеймін! Еліміздің мәртебесі тек жоғарылап, биікке шарықтай беруіне тілектеспін!

Әсемгүл ЕРДӘУЛЕТ,
Каратэден Қазақстан Республикасының спорт шебері, Әлем, Азия чемпионаттарының қола жүлдегері, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!