Қазіргі таңда жасанды интеллект қоғамның біршама саласына енді. Мұндай құндылықтар жиынтығында адам еңбегінің құнары да өзгертіп отыр. Енді телефондағы көмекші ақпаратты жылдам өңдеп, талдау жасай алатындықтан ол болашақта біраз маманды жұмыссыз қалдыруы мүмкін деген болжамдарды құлағымыз шалып жүр. Алайда шынымен ЖИ адам еңбегін алмастыра ала ма? Белсенді ортаға сұрақ тастадық.

Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?

Айсұлу ӘШІМ:
– Жасанды интеллект (ЖИ) адамның қатысуынсыз, өз бетінше медициналық көмек көрсете алмайды. Мен фельдшер болғандықтан, медицинада «тірі адам факторының» қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. ЖИ адамды тікелей көру, пальпация және перкуссия сияқты физикалық тексеру әдістерін сезіне алмайды.

Оны тек қосымша көмекші құрал ретінде пайдалану тиімді. Мысалы, құжаттарды автоматты толтыру, ЭКГ, КТ анализдерін тез оқу секілді әрекеттерді автоматтандыру.

Алайда медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысында әр науқастың жағдайы әртүрлі. Бұл салада клиникалық ойлау, интуиция және көпжылдық тәжірибе шешім қабылдауда басты рөл атқарады. Шұғыл жағдайларда техника істен шығуы немесе интернет байланысы үзілуі мүмкін. Мұндай сәтте барлық жауапкершілік тек маманның мойнына артылады. Тек адам ғана нақты шешім қабылдай алады.

Сонымен қатар медицинада пациентпен психологиялық байланыс орнату, оның сеніміне кіру және жанашырлық таныту өте маңызды. Бұл адами қасиеттерді ешқандай жасанды интеллект алмастыра алмайды.

Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?

Әлмахан ӘДІЛБЕКҰЛЫ:
– Менің мамандығым «Жерді мелиорациялау баптау және корғау» деп аталады. Жасанды интеллект бұл мамандықты толық алмастыра алмайды. Себебі жермен байланысты салаларда маман шешуші рөл атқарады. Жергілікті климатты, табиғи жағдайды, халықтың тұрмыс тіршілігін, әлеуметтік ерекшеліктерін және ең бастысы топырақты қолмен ұстап, оның халі мен құнарлылығын сезіну тек адамға ғана тән қабілет. Мұндай сезім мен тәжірибені алгоритм немесе бағдарлама толық қайталай алмайды.

Сонымен қатар жасанды интеллект мамандықты алмастырмаса да, оның пайдасы зор. Ол есептеулерді жылдам жүргізуге, үлкен көлемдегі деректер базасын жинақтауға және талдауға, карталар мен сызбаларды құруға, түрлі модель мен болжам жасауға көмектеседі. Бұл маманның жұмысын жеңілдететін, уақытты үнемдейтін тиімді құрал. Бірақ мұның өзінде карта мен сызбалардың дұрыстығы мен нақтылығын қамтамасыз ету үшін адамның саналы шешімі қажет. Қандай деректі қолдану, қандай шектеулерді ескеру, қандай шешім жергілікті жағдайға тиімді болатынын тек тәжірибелі маман ғана анықтай алады. Жасанды интеллект дайын ақпаратпен жұмыс істейді, ал сол ақпараттың мәнін түсініп, жауапкершілік алып шешім қабылдайтын – адам.

Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?

Алина АНДРЕЙ:
– Менің мамандығым – биолог. Менің ойымша, биология саласында жасанды интеллект зерттеу нәтижелерін өңдеу, үлкен көлемдегі деректі жүйелеу, генетикалық талдаулар жасау және ғылыми болжамдар құруда тиімді құрал бола алады. Әсіресе, экологиялық мониторинг, жасушалық деңгейдегі зерттеулер немесе биоинформатика салаларында жасанды интеллектінің алар орны орасан зор. Бірақ биология – тірі ағзалармен тікелей жұмыс істейтін ғылым. Тәжірибе жүргізу, табиғи ортадағы өзгерістерді бақылау, тіптң биологиялық үрдістерді түсіну және оларды дұрыс бағалау адам факторының болуын талап етеді.

Жасанды интеллект адам сияқты ойламайды, сезбейді және моральды жауапкершілік алмайды. Биолог маман тек ғылыми деректермен ғана емес, табиғатқа деген жауапкершілікпен, этикалық нормалармен және кәсіби интуициямен де жұмыс істей алуы тиіс. Бұл қасиеттерді ешқандай технология толық алмастыра алмайды.

Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?

Азат ЖҰМАТАЙ:
– Менің ойымша, жасанды интеллект журналистика мамандарын да алмастыра алмайды. Бірақ ол бұл салаға біраз өзгеріс әкелетіні анық. Жасанды интеллект жаңалықтарды тез жинап, деректі талдап, қысқа ақпараттық мәтіндерді жаза алады. Бірақ журналистиканың ең маңызды қыры – адам ретіндегі көзқарас, сыни ойлау, эмоцияны сезіну, оны талдау. Қоғамның ішкі мәселелерін түсіну өте маңызды. Аталған қасиеттерді жасанды интеллект толық бере алмайды. Бұл – эмоционалды интеллект. Жасанды интеллект сұхбат алушының дауыс ырғағындағы дірілді немесе жанарында жасырылған мұңды байқай алмайды.

Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?

Назерке ҚАЛЖІГІТ:
– Қазіргі ХХІ ғасыр − ЖИ заманы. Көшбасшылыққа жетелейтін тікелей жол іспеттес. Дегенмен менің ойымша, болашақта жасанды интеллект ауызша аудармашы мамандығын толық алмастыра алмайды, керісінше оның рөлін едәуір тарылтады. ЖИ қолдану арқылы сана кеңістігін биіктете аламыз, тек мөлшерден тыс қолдану өзіміздің ойлау қабілетімізді тоқтатумен тең. Ғылыми тұрғыдан қарасақ, қазіргі ЖИ жүйелері нейрондық желілер мен үлкен тілдік модельдерге сүйеніп, секундтың ішінде ондаған тілді аудара алады. Мысалы, синхронды машиналық аудармада қателік деңгейі соңғы 10 жылда шамамен 30- 40% төмендеді. Бұл – нақты факт.

Алайда ауызша аударма – тек сөзді сөзге көшіру емес. Ол интонация, эмоция, мәдени астар, контекст сияқты тірі дүниелерге сүйенеді. Адамның сөзі – құрғақ ақпарат емес, ол кейде жүректен шығып, ишарамен, паузамен, көзқараспен толығады. Жасанды интеллект қанша дамыса да эмоцияны түсінбейді. Мысалы, дипломатиялық келіссөздерде бір ғана сөздің жұмсақ не қатқыл айтылуы тарихи шешімге әсер етуі мүмкін. Мұндай сәтте аудармашы – жай маман емес, жауапкершілікті өз мойнына алатын тірі субъект. Ал жасанды интеллект жауапкершілікті сезінбейді, ол қателессе – «кінәлі ешкім жоқ». Әдеби теңеумен айтсам, ол өте жылдам жүретін пойыз, ал адам аудармашы – бұрылысы көп таулы жолда бағытты сезе алатын тәжірибелі жүргізуші. Түзу жолда пойыз озады, бірақ қауіпті жерде рөл әлі де адамда екенін естен шығармаған абзал. Оның жұмысында қателіктер өте көп. Ал ол аудармашының бағытын бұлыңғыр етеді. Сондықтан дайын алгоритмге сенбей, қателікті көшіріп алмай, миға жұмыс істеткен дұрыс деп ойлаймын.

Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?

Динара БУРИБЕК:
– Менің ойымша, болашақта жасанды интеллект менің мамандығымды толықтай алмастыра алмайды. Мен қазіргі таңда «арнайы педагогиканың» 3-курс студентімін. Арнайы педагог мамандығы тек білім берумен шектелмейді, ол адамға көңіл бөлу мен қарым-қатынаста болуы маңызды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға эмоциялық қолдау мен түсіну, көмектесу өте маңызды. Жасанды интеллект белгілі бір тапсырмаларды жеңілдетіп, көмекші құрал ретінде тиімді бола алады. Мысалы тапсырма жасағанда уақытты үнемдеуге, жаттығуларды дайындауға көмектеседі. Алайда баланың ішкі күйін сезіну, мінез-құлқын түсіну тек адамға тән қасиет. Педагог пен бала арасындағы сенім технология арқылы толық қалыптаспайды. Сондықтан жасанды интеллект арнайы педагогтың орнын баспайды, тек оның жұмысын жеңілдетеді. Болашақта жасанды интеллект пен педагогтың бірлесіп жұмыс істеуі ең тиімді шешім болар еді…

Сауалнама жүргізген Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!