Фото: canva.com
Бір кездері тек ғылыми фантастиканың тақырыбы болған AI бүгінде біздің де өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Иә, күнделікті тұрмысты жеңілдетіп, медицина, ғылым және бизнес салаларында тың жаңалықтарға жол ашып жатыр. Бірі ЖИ-ды адамзаттың дамуына серпін берді десе, енді бірі оның зардабы туралы айтып, дабыл қағуда. Қоғамның бұл екіұдай пікірі кездейсоқтық емес. Талдайық.
ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТЕХНОЛОГИЯ
Онлайн мен офлайн өмірдің арасында әлек болып жүргенімізде, жасанды интеллектті күні кеше пайда болғандай көреміз. Әйтсе де, мұның тарихы тереңде. Уикипедиялық деректерде бұл алгоритмнің зерттеу жұмыстары 1950 жылы басталып, терминнің өзі 6 жылдан кейін қолданысқа енді делінген. Тіпті екінші дүниежүзілік соғыста да жасанды интеллект тәрізді құрылғы қолданылған. Ұлыбританиялық математик Алан Тюринг құпия ақпараттарды білу үшін шифрды бұзатын машина құрастырған. Ал соғыстан кейін оны жетілдіріп, компьютердің адам секілді ойлау қабілетін анықтауға арналған жасанды интеллектті зерттеу тест әдісін жасап шығарған. Мұнан бөлек жапон ғалымы Кунихико Фукусима есептеу жүйесіне негізделген алғашқы нейро желіні әзірледі.
Беріге ойыссақ. 2015 жылы жасанды интеллектті дамытуға арналған «OpenAI» ұйымы жұмысын бастады. Құрылғанына он жыл енді ғана толатын ұйым бірнеше жобамен-ақ көпті таңқалдырды. Оның бірі – сіз де, біз де білетін «Chat GPT». Бұл жөнінде сәл кейінірек тарқатсақ.
Міне, әлі күнге дейін мүмкіндігін кеңейтіп, өзін өзі дамытуға қауқарлы жасанды интеллекттің бастауы осындай. Ал оның қызметіне не кіреді һәм қалай жұмыс істейді?
Әлемдік компаниялар әзірлеген түрлі боттарды ұдайы қолданбасаңыз да, ұялы телефондағы Siri-дің өзі жасанды көмекшінің бірі. Әлқиссада жазғанымыздай, жасанды интеллект барлық салада бар. Тіпті қарапайым өмірде оның алгоритмінің пайдасын көреміз. Чат-боттар тұтынушының сауалын қанағаттандырып, қажет болса талдау жұмысын да жасап береді. Ал бұдан бөлек AI-дың түрлі функциясы бар. Жасанды интеллект – қордағы деректерге сүйеніп, берілген тапсырманы орындайтын алгоритмдік жүйе. Көз ілестірмес жылдамдықпен адамның қолынан келмейтін тапсырмаларды оңай, бастысы тез орындай алады. Бар-жоғы дұрыс команда берсеңіз болғаны.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ AI-ДЫҢ КҮШІ
Жуырда «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин «Telegram» парақшасында «5 жылдан кейін жасанды интеллекттің не істей алатынын және СhatGPT-дың келесі нұсқасында не шығатынын болжау өте қиын. Бүгінде осы салада озық болып тұрған көптеген жоба бір жылдан кейін үйреншікті жағдайға айналуы мүмкін» деп жазба қалдырды.
Бірақ бұл қарқын бізді таңғалдырумен қатар, алаңдатуы тиіс. Біз технологияның жетістігін қуып жетуге дайынбыз ба?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында елдегі цифрландыру саласына тоқталды.
– Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Жыл соңына дейін жасанды интеллекттің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады. Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллекті жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну жәнеэмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады. Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы экономикада цифрландыруды жалғастырып, ЖИ технологияларын кеңінен қолдануды жүктеген еді. Тапсырма аясында бірнеше жоба жүзеге асып, бұл салада ауқымды бастамалар қолға алынды. Мәселен, 2023 жылы Жасанды интеллект комитеті құрылып, жетекші құрамға Президенттік жастар кадрлық резервінің резервистері жасақталды. Ал шілдеде жасанды интеллектті дамытудың алдағы бес жылға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ институционалдық ортаны дамыту аясында «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленуде.
Ал елдегі технологиялық инфрақұрылымды қолға алу мақсатында Қазақстандық суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Бұл кластер «KazLLM» дамыту және модель негізінде жасанды интеллект өнімдерін жасау үшін құрылған. ЦДИАӨМ ресми ақпаратына сәйкес мемлекеттік қызметтерді трансформациялауда eGov жүйесінде жеке AI-көмекшілер құруды қолға алған. Кәсіби тілде оларды AI-агенттер деп атайды.
4 қараша күні Францияда Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «NSDS Digital Investments» арасында цифрлық және жасанды интеллект білімін дамыту мақсатында стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл ынтымақтастық peer-to-peer форматындағы «Tomorrow School» жасанды интеллект мектебін дамытуға бағытталған. Ол «01Edu» платформасында эксклюзивті түрде жұмыс істейді.
«Oxford Insights» жүргізген Үкіметтің 2023 жылға арналған жасанды интеллекті пайдалануға дайындық индексіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің ішінде 72-орынға тұрақтаған еді. Ал Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аймақтық рейтингте Үндістан мен Түркиядан кейін 3-орынды иелендік.
Елдегі ЖИ-дың дамуы туралы Cаясат Нұрбек «Facebook» парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, Стэнфорд жоғары білім беру мектебінің бас технологиялық директоры Пол Кимнің қатысуымен әзірленген AI-Sana бағдарламасы «DeepTech» стартаптарын қалыптастыру және инновациялық шешімдерді дамыту үшін мүмкіндіктер жасай отырып, жас таланттар үшін нағыз трамплин болады.
– AI-Sana бағдарламасы студенттер мен оқытушылардың жаңа ойлауын қалыптастыру құралы ғана емес, сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарының дәстүрлі білім беру тәсілінен ғылыми-зерттеу тәсіліне көшудегі маңызды қадам. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да жалпы өнімділігі 2 PFLOPS болатын академиялық кластер іске қосылады. Бұл суперкомпьютерлер ғылыми зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашады, ғылыми жұмыстарды жариялау процесін жеделдетеді және озық технологияларды дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Айта кетейік, жасанды интеллект саласында университет аралық ЖИ стандарты қабылданып, 20 ЖОО 20 білім беру бағдарламасын әзірледі.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ: ПРОТОКОЛДЫ ӨЗІ ДАЙЫНДАЙДЫ, ТАПСЫРМА ӨЗІ БЕРЕДІ. БІЗ НЕ ІСТЕЙМІЗ?!
Желтоқсанда өткен Үкіметтің көшпелі отырысында Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Мемлекеттік органдар жұмысына жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект ендіру» туралы баяндама оқып, ЖИ-дің мүмкіндіктерін көрсетті. Мысал ретінде министр ЖИ-дің үкімет отырысынан протокол толтырып, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырманы қалай бергенін экраннан көрсетті. Ал кейінгі диалог Жаслан Қасенұлы мен Олжас Бектеновтың арасында өрбіді.
– Олжас Абайұлы, біз бүгінгі отырысымызда ЖИ қолданып, протокол дайындадық. Міне, ол Үкімет отырысын автоматты түрде генерациялады.
– Біздің отырысты жазып отырды ғой?
– Иә, шынайы уақыт режимінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар беріледі.
– Олай болса бәріміз жұмыссыз қалатын болдық қой. Протоколды өзі дайындайды, тапсырма өзі береді. Біз не істейміз?!, –деп, Премьер-министр отырғандарды ду күлдірді.
Расында, мүмкіндігі кең жасанды интеллект барлығын жасаса, біз не істейміз? Себебі, бір Chat GPT-дің өзінде түрлі функция қарастырылған. Мысалы, шығармашылық мәтіндер жазу, редакциялау, мазмұнды жақсарту, стилистикалық өзгерістер енгізу, қайта жазу немесе күрделі ақпаратты қарапайым тілде түсіндіру, ақпарат беру және талдау жасау, күрделі сұрақтарға жауап беру, деректерді құрылымдау, аналитика жасау, сабақ жоспарларын, іскерлік хаттар, резюме немесе презентациялар жазу,код жазу және қателерді түзету. Тізбекті жалғай берсек, функциясы мұнан да көп. Яғни ChatGPT – әмбебап құрал. Бұдан бөлек суреттер мен иллюстрациялар жасауға мамандандырылған Dall-Е бағдарламасы бар. Ол мәтіндік сипаттамалар бойынша жоғары сапалы және ерекше суреттерді генерациялайды.
Қазір ЖИ бойынша сарапшы да көп. Instagram мен TikTok-та ЖИ-ды қолдануды үйрететін оқыту курстары бар. Солардың бірін қарастырдық. Алғашқы бейнежазбаларына қарап, студенттерге нақ керек екен дейсіз. Тақырыбын «Дипломдық жұмыс жазуға көмектесетін ЖИ» деп «айқайлатып» қойыпты. Paperpal, Paraphrase Тool және Turnitin- мен таныстық. Біреуі мәтініңізді тексеріп, өңдейді, екіншісі сіз енгізген мәтінді дәл адам жазғандай құрастырып берсе, келесі ЖИ жұмысыңызды антиплагиаттан өтетіндей етіп береді-мыс. Мұнан бөлек веб-сайт жасап беретін 10web бар. Дизайнерлік білім қажет емес деп түсіндірді. Тіпті ешқандай код жазбайсыз, өзіңізге қажет тақырып пен бағытты таңдасаңыз болғаны, дайын сайт құрап аласыз. Ал Promind АІ әмбебап ЖИ. Маркетолог, сценарист, контент менеджердің қызметі бар.
Мамандар ЖИ-дың көп қолданылуы жұмыс орындарының орта есеппен 40%-на әсер етуі мүмкін дейді. International Data Cor- poration зерттеулері бойынша биыл әлемдегі генерацияланатын барлық деректің 80 %-ы жасанды интеллекттің негізінде жасалады. Жаңа мүмкіндіктер ашылып, адам қиялының шекарасын кеңейтуге жағдай жасаған ЖИ-дің осындай пайдасын көріп, оның дамуы тек оң әсер береді деп ойлауымыз мүмкін. Дегенмен қай кезде ЖИ пайда әкеледі, ал қай жағдайда зиян келтіруі мүмкін?
ЖИ-ДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ ТАРАЗЫ БАСЫНДА
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов желтоқсанда премьер-министрге сауал жолдап, оқушылардың ЖИ қолдануын бақылауға алуды ұсынды. Оның айтуынша, оқу барысында балалардың жасанды интеллектті қолдануы – ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе.
– Бүгінде жасанды интеллекттің мүмкіндігі өте көп. Бір ғана фотоматериалға қол жеткізсе болғаны, бұл азаматтың шынайы биометриялық картинасын дайындауға жеткілікті. Бұл ұзақ уақыттан кейін іске қосылатын бомба секілді. Қазір еш бақылаусыз бейнебақылау камералары орнатылады.
Мұндағы материалдарды сақтау және қолдану мәселесі де бақыланбайды. Азаматтарымыздың киберқылмыс алдында қауқарсыз екенін көріп отырмыз. Сонымен қатар «ChatGPT» танымал болып келеді. Ол мектеп бағдарламасын, жаттығуларды шешуге, романдардың қысқаша мазмұнын жазып беруге қауқарлы. Бұл тәсіл сыни тұрғыдан ойлау қабілетін төмендетеді, алған білімге теріс әсер етеді, салдарынан маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдау қиындайды. Бұл қарқынмен еліміз зияткерлік әлеуетін жоғалтады. Тез әрекет ете алмайтын, өмірдегі күрделі міндеттерді шеше алмайтын ұрпақ тәрбиелейміз, – дейді депутат.
Депутаттың айтқан «ұзақ уақыттан кейін іске қосылатын бомба» дегені орынды. Себебі жасанды интеллекттің озық мүмкіндіктері еліміздің зияткерлік әлеуетін жоғарылатуға да, оны толығымен әлсіретуге де қауқарлы. Бұл сәтте тепе- теңдікті сақтау маңызды болмақ.
Сарапшы Дәулет Аждармен байланысқа шығып, сауал жолдадық. Ол ЖИ құралдарын шектеу емес, керісінше, оның мүмкіндіктерін дұрыс бағытта пайдалану маңызды дейді.
– XX ғасырдың басында көліктер пайда болғанда, көп адам олардың қауіптілігіне күмәнданды. Сол сияқты 1990-жылдары интернет кең тарай бастағанда, қоғам оның жағымсыз әсерлеріне алаңдады. Бірақ бүгін көлік те, интернет те біздің өміріміздің ажырамайтын бөлшегіне айналды. Жасанды интеллектті де дәл осылай қабылдап, онымен өмір сүріп үйренуіміз керек.
Мен «Dar Rail» темір жол мекемесінде PR директор ретінде жұмыс істеймін.Қызмет барысында ЖИ арқылы компанияның 2 жылдық PR стратегиясын жазып шықтым. 2 деректі фильмді де толыққанды жасанды интеллект арқылы жасадым, – деді ол.
Сонымен қатар ЖИ оқушыларға «таза парақ» алдындағы қорқынышты жоюға, білімін жетілдіруге, күрделі дағдыларды игеруге мүмкіндік беретінін айтты.
– Ал шектеуге келсек, оны қолдануға толықтай тыйым салмай, білім беру процесін жетілдіру бағытына бұру керек. Мысалы, мектептер мен ЖОО-ларда плагиатты тексеретін құралдар сияқты оқушылардың жұмыстарын тексеруге арналған AI-детекторларын қолдану – тиімді тәсілдердің бірі бола алады. Мұндай жүйе тапсырмалардың өз бетінше орындалуын қамтамасыз етіп, оқушылардың жауапкершілігін арттыруға көмектеседі.
Менің үш жастағы балам жасанды интеллектпен тығыз жұмыс істейді. АІ оған ертегі оқып береді, бояуға арналған суреттер жасап береді. Кейін өзі телефон арқылы бояйды. Бала жай ойындардан шаршайды. Күнделікті өмірін қызықты өткізу үшін осындай әдіске көштік. Ұйықтар алдында да ЖИ ертегісін оқып береді. Қажет кезде баламның сұранысына сай жаңадан ертегі құрастырады. Бастысы – қазақ тілінде, – деп түсіндірді Дәулет Аждар.
Ал 20 жастағы студент Мерей Нұржанқызы сабағына көмекші ретінде ЖИ құралдарын жиі қолданғанын айтты.
– ChatGPT-дің тегін, кейін ақылы нұсқасын сатып алдым. Расымен, сабағым жеңілдеп, басқа да жұмыстарға артық уақытым пайда болды. Эссе, презентация жасауда жақсы көмекші болды. Бірақ жасанды интеллектке қатты байландым. Қарапайым тапсырманы да өзім жасауға құлшынысым болмайтын. Мұның дұрыс емес екенін түсініп, телефонымнан өшірдім. Қазір сурет генерациялау үшін ғана басқа ЖИ қолданамын, – дейді студент.
Бүгінде бір қарапайым фотоматериал адамның биометриялық мәліметтерін анықтауға, тіпті жеке тұлғаны толық модельдеуге мүмкіндік береді. Ал бақылаусыз бейнекамералар мен деректерді сақтау жүйесінің әлсіздігі киберқылмыскерлер үшін шексіз мүмкіндік ашады. Бұл азаматтардың қауіпсіздігіне үлкен соққы болып отыр. «KazHackStan-2024» хакерлік конференциясында жаһандық киберқауіпсіздік индексі таныстырылып, 194 елдің кибершабуылға дайындығы бағаланды. Былтыр Қазақстан өз көрсеткішін жаңартып, екінші топқа тұрақтады.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект арқылы жалған ақпарат тарату алаяқтардың басты құралдарының біріне айналып отыр. Әлеуметтік желілерде ақпараттық сауаттылықтың төмендігі себебінен көптеген адам мұндай жалған ақпаратқа тез сеніп қалады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қазақстандықтарды жасанды интеллект технологиялары қолданылатын алаяқтық әрекеттерден сақтануға шақырды.
РОБОТ НЕМЕСЕ АДАМ: КІМГЕ ОРЫН ТАБЫЛАР?
Кейінгі онжылдыққа үңілсек, 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос «Amazon.com» компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырды. 2018 жылы Илон Маск бастаған жасанды интеллект саласындағы бірқатар сарапшы «Do you trust this computer?» деректі фильмінде жасанды интеллекттің дамуын бақылауда ұстау маңызды екенін айтты. Деректі фильмнің жарыққа шыққанына да 7 жыл өтті. Ал бұл уақытта ЖИ-дың қауқары бұрынғыдан да күшейгені анық.
Бүкіләлемдік экономикалық форум биыл 85 миллион адам жұмысынан айырылып қалуы мүмкін деген болжам жасады. Себебі АІ бірнеше бағытты автоматтандырып, жұмысшылардың орнын басып жатыр. Сонымен, жасанды интеллект адамның орнын алмастыра ала ма?
– Жасанды интеллект адамның кейбір міндетін тиімді орындаса да, ол креативтілік, эмоция және моральдық шешімдер қабылдау сияқты қасиеттерді толық алмастыра алмайды. Адамның ойлау қабілеті мен этикалық жауапкершілігі ЖИ-ден асып түседі. Себебі бұл технология тек деректерге сүйенеді. Дегенмен, ЖИ адамның көмекшісі ретінде көптеген саланы оңтайландырып, уақыт пен ресурстарды үнемдей алады. Сондықтан жасанды интеллект адамның орнын толығымен алмастырмаса да, қоғамдағы рөлін айтарлықтай өзгерте алады, – деп жауап берді IT маман Бекболат Тимур.
Түйін. Жасанды интеллектті мүмкіндіктер мен түрлі қауіптің қоспасы десек жаңылмаймыз. Ал оны дұрыс бағытта қолданып, болашақтың сенімді серігі болсын десек, мұның барлығы адамзаттың жауапкершілігіндегі іс екенін ұмытпағанымыз жөн.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!