Бұғанасы қатпаған талай бала жаза басып, жаңылып, тура жолдан тайқып кетіп жатыр. Жастайынан тамырына балта шауып, кейін сан соғып қап жүргендері қаншама?! Жасында ата-ананың барын шашып, оқығандай болып, бәрібір сотқарлығымен білім ала алмай, осы кезде қу тізесін құшақтаған талайды көрдік. Қателік неден, қай жерден кемшілік жібердік деп қалың ойға шомғанда себебін іздегенмен пайда жоқ, салдарымен күресіп кеттік. Әттеген-айы осы.
Осыдан біраз жыл бұрын облыста мектеп оқушысы бір түнде он шақты дүкенді тонап, өзін осы істе сынап, айласын асырған. Бірақ, «Көп асқанға – бір тосқан» деген қазақпыз, бір күні кезекті тонау үстінде ұсталды. Кеудесіне кең дала сыйып кететін қазекем бұ жолы да кешірім берген. Жалғызбасты анасы, әжесі мен ағасы. Бары – осы. Әлгі тентектің жұрттың дүкеніне миллиондап келтірген шығыны әженің зейнетақысына, анасы мен ағасының айлық жалақысына түсті. Осылай он жылдап, сотқардың теріс әрекетінің салдары үлкендердің еңсесін көтертпей басып тұрды. Көрген жан алашағын сұрап, алқымнан алғанда олар тұрмақ өзің де кірерге тесік таппайсың. Бірақ әлгі тентек ақыры оңбады, ұрлық-қарлық, тонаумен аты шығып, өмірден сол күйі өз жолын таба алмай кетті.
Он жылдай бұрын аймақта мектеп оқушысы мал ұрлығымен ұсталды. Оныншы сынып оқушысы «бүйені бүрімен, түйені түгімен» жұтатындардан асып түскен. Сырттан камаз алдырып, жылқыны үйірімен қамап, ақшасын санап алып отырған. Оның да жай-күйі белгілі болды. Әкесі кезінде ауыл-аймаққа аты таныс әйдік барымташы болыпты-мыс. Сонда ашынған елдің «Сен малымызды тауысып едің, ұсталмаған ұры емес деп саған ешнәрсе айта алмай отырмыз. Енді ізіңді басқан балаң сенен қалған малды тауысты ғой» дегені де есімізде. Сонда мәселенің түп-төркінін неден іздейміз?!
Мөлдір Мақсұтбекқызы, І.Қабылов атындағы №12 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Бір мектептің мұғалімі – екінші мектептің ата-анасы. Міне, сондықтан бұл ретте жалпы ұғымда ата-ана деп қараған абзал. Мен ата-ана ретінде айтар едім, тұрмыс тіршілігімен баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз етеміз деп рухани жағын әлсіретіп алған сияқтымыз. Сондықтан, бұл бағытта кінә бізден, сізден демей, мәселемен қоғам болып күресуіміз керек. Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың ой-өрісін дамытуға, білім алуға, өнер үйренуге ынта-ықыласын арттырақ деймін. Білім ошақтарында бұл іске барлық жағдай жасалған. Қазақтың бас ақыны Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегендей, олардың бос уақытында спортқа, өнерге, үйірмелерге бағыттасақ, баланың болашақта өмірден өз орнын табуы да оңай болар еді…
Осы күні облыс бойынша жасөспірімдер қылмысы бір деңгейді ұстап тұр. Өткен жылы осы есептік кезеңде 3 қылмыс тіркелсе, биыл да осы сан қылтияды. Әйтсе де, мұндай қылмысқа жастар неге барады? Мәселенің ұшы қайдан шығады?
Асхат Сабыров, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
– Жасөспірімдер арасында кездесетін қылмыстың басым көпшілігі – ұрлық. Мүлікке қатысты қылмыстар көптеп кездеседі. Себеп көп. Негізінен бала тәрбиесіне кеп тіреледі. Бүгінде ата-аналардың көпшілігі жұмысбасты. Бала тәрбиесіне алаңдайтындар некен-саяқ. Сондықтан, бала қараусыз қалғанда оның мінез-құлқы өзгереді. Балаларын тәрбиелеуге, оларды дұрыс бағытқа баулуға уақыты болмағаннан бала осындай қылмыстарға барып жатады. Балаға материалдық қолдау керек, бірақ рухани қолдауды да, оның жан дүниесіне мән беруді, оның ой-пікірімен санасуды ұмытпаған дұрыс. Көпке топырақ шаша алмаймын, бірақ көп жағдайларда толық емес отбасынан өскен балалар қылмысқа көптеп барып жатады. Бір бап болғанмен, мән-жай әртүрлі болуы мүмкін. Соған қарай жаза да әртүрлі қабылданады. Тіпті, кейде мүліктік шығындар келтірілген болса, жәбірленуші мен айыпталушы арасында келісім орнап, шығынды орнына келтіріп, татуласу арқылы да іс қысқарып жатады. Бірақ, қалай болғанда да балалардың болашағын ойлап, оларға дұрыс тәрбие беріп, Абай айтпақшы, мына қоғамның кетігін тауып, кірпіші болып қалануына жағдай жасауымыз керек.
Раушан Абдразақова,
облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры:
– Бала – болашағымыз. Біз қоғам болып, олардың түзу жолдан тайқымай, толыққанды тұлға болып қалыптасуы үшін қоғам болып атсалысуымыз керек. «Бала шыбық тәрізді, жас кезінде қалай исең, солай қарай майысып өседі» деген бар. Оның үстіне, балаға айтқаныңды істете алмайсың, ол бәрібір көргенін істейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата-ана баламен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың қызығушылықтарымен санасу керек. Ата-ананың көбі жұмысбасты. Баланы тек материалдық емес, рухани қажеттіліктермен де қамту жайын түсінуіміз керек. Бізде осы нәрсе кемшін түсіп отыр. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс бір деңгейде. Десек те, ұрлық пен бұзақылық тіркелген. Олар ішкі істер органдарында тіркелді, ата-аналарына шара көрілді. Сайып келгенде, баланы демеу аз. Қолдауды сезінбеген бала өз бетімен әрекет жасаймын деп, қисық істерге баруы мүмкін. Көпке топырақ шаша алмаймын, арасында үйірме жағалап, балаларының талантын тап басып танып, дарынын дамытатын да ата-аналар бар. Оған қоса, біз де өз тарапымыздан білім беру орындарында облыстық ішкі саясат басқармасымен, жастар орталықтарымен, аймақтық инспекторлармен бірлесе отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Біз жасөспірімдерді осылай тура жолға бағыттап, ненің жаман, ненің жақсы екенін айтуды тоқтатпауымыз керек. Қазақта «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген ғибратты сөз бар. Міне, осылай ғана біз қоғам болып, осы жүкті арқалай аламыз.
P.S. Иә, қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Баланың бойынан көргіміз келген қасиетті алдымен өз бойымызға сіңірейік. Баланың тек үйдің, ата-ананың ғана емес, тұтас ұлттың болашағы екенін ұмытпайық!
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!