Экология, еріктілік, цифрлық технология. Бір қарағанда үш бөлек бағыт сияқты көрінгенімен, бүгінгі жастар осы ұғымдарды бір арнаға тоғыстырып, қоғамға нақты пайда әкелетін жобалар ұсынуда. Соның айқын дәлелі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, Kyzylorda Hub резиденті Шұғыла Нұрғалиеваның жетістігі. Ол «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік гранты аясында «Волонтерлік» бағыты бойынша жеңімпаз атанып, экологияға бейжай қарамайтын жаңа буынның үнін таныта білді.

Биыл аталған грантқа ел көлемінде 1700-ден астам өтінім түскен. Қатаң іріктеуден тек 30 үздік жоба ғана өткенін ескерсек, Шұғыланың бастамасы қатардан озып шығуы – жас буынның әлеуетін айқын көрсететін нақты дәлел. Бұл жетістік тек бір студенттің емес, Қызылорда жастарының белсенділігіне берілген жоғары баға деуге болады.

Жеңімпаз жоба – «EcoQogam» деп аталады. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен, ойын форматында жасалған мобильді қосымша. Жобаның басты ерекшелігі – жастарды табиғатты қорғауға мәжбүрлеу емес, қызықтыру арқылы тарту.

Қосымша арқылы қолданушылар нақты экологиялық тапсырмаларды орындайды, ұпай жинайды, бейдждер мен түрлі марапатқа ие болады. Сонымен қатар «EcoQogam» құрамындағы «EcoКарта» функциясы қоқысты сұрыптау пунктерін, таза аймақтарды және экологиялық нысандарды оңай табуға мүмкіндік береді. Осылайша жоба экология мәселесін күнделікті өмірмен байланыстырып, саналы әрекетке жол ашады.

– Басты мақсат – жастарды экологияға бейжай қарамайтын, жауапты қоғам мүшесіне айналдыру. Табиғатты қорғау ойын арқылы да қызықты бола алатынын көрсеткіміз келеді, – дейді жоба авторы Шұғыла Нұрғалиева.

Kyzylorda Hub командасы жас стартапердің бұл жетістігін жоғары бағалап, экологиялық бастаманың болашағына зор сенім білдіріп отыр. Мамандардың айтуынша, «EcoQogam» Қызылорда жастары үшін ғана емес, алдағы уақытта республикалық деңгейде де үлгі болатын жобаға айналуы әбден мүмкін.

Жастар бастамасы - экологияға серпін

Жастардың жаңашыл ойы мен нақты іске бағытталған бастамалары – ел болашағының берік кепілі. Осындай игі жобалар көбейген сайын қоғамның экологиялық мәдениеті де жаңа деңгейге көтеріле түсері анық.

Шұғыла Нұрғалиева Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алды. Кореяға алғаш аяқ басқан сәттен-ақ ерекше әсерге бөленген Шұғыла: «Бұл елдің мәдениеті, адамдары, технологиясы әлдеқайда дамыған. Мұнда бәрі тәртіппен, жүйелі түрде жұмыс істейді. Алғашқы күннен- ақ соны сездім», – деп пікір білдіре отырып, сөзін келесідей жалғады:

− Сабақтың әр бөлігіне ерекше мән беріледі. Әр тақырыпты талдап қана қоймай, міндетті түрде практикалық жұмыс жасаймыз. Ең қызығы – топтық жұмыстар жиі ұйымдастырылады. Бұл студенттердің бір-бірімен араласуына, материалды жақсы меңгеруіне көп көмектеседі, – дейді ол.

Студенттік жатақхана да Шұғылаға ерекше ұнаған. Мұнда қауіпсіздік пен тазалық мәселесіне айрықша мән беріледі. Оның айтуынша, жатақханада студенттердің келіп-кету уақытына қатаң шектеу қойылмайды. Тіпті түнгі сағат 12-де де еркін қозғалуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар жатақхана заманауи жабдықталып, студенттердің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.

Шұғыланы Корея мәдениетінен ерекше таңғалдырған жайттардың бірі – қоғамдағы жоғары тәртіп пен адамдардың бір-біріне деген құрметі. Көлікте, көшеде немесе қоғамдық орындарда әркім өз орнын сақтап, тәртіпті қатаң ұстанады. Оның пікірінше, мұндай мәдениет жалпы қоғамның өмір сапасын арттыруға ықпал етеді әрі өзгелерге де үлгі бола алады.

Сондай-ақ ол кәріс тілін базалық деңгейде меңгерген. Бұл оған күнделікті тұрмыста үлкен көмек болып отыр. Әсіресе дүкенде, қоғамдық көлікте немесе достарымен қарым-қатынас кезінде тіл білудің маңызы зор. Студенттің айтуынша, тіл үйрену жаңа ортаға тез бейімделуге, достар табуға және оқу үдерісіне белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Шұғыла Нұрғалиеваның жетістігі – білім, технология және азаматтық жауапкершіліктің тоғысқан тұсының жарқын көрінісі. Ол экологияны цифрлық шешімдер арқылы насихаттап қана қоймай, шетелде білім алу арқылы алған тәжірибесін ел игілігіне бағыттауға ұмтылып отыр. Кореядағы оқу үдерісі мен қоғамдық тәртіптен түйгені, сондай-ақ еріктілікке негізделген «Eco-Qogam» жобасы жас буынның заманауи ойлай алатынын, жаһандық үрдістерге бейім екенін дәлелдейді. Осындай белсенді, саналы жастар көбейген сайын Қазақстанның тұрақты дамуына серпін беретін бастамалар да арта түсері сөзсіз.

Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!