фото: Егемен Қазақстан
12 тамыз – Халықаралық жастар күні ретінде жыл сайын аталып өтеді. Қазақстанның үштен біріне жуығы жастар. Сан жағынан ғана емес, ой жағынан да серпінді күш. Ізденгіш, озық, жаңашыл, өзіне сенімді толқын қалыптасып келеді. Ғылым, технология, спорт, өнер, медиа, еріктілік, кәсіпкерлік саласында жетістікке жетіп жүрген жастардың тізімі жыл сайын артқанына көз қуанады, әрине. Жетістік бар, бірақ барлық жас тең мүмкіндікке ие ме деген сұрақ қойып, өткенге көз тастап отыруымыз керек.
Бірі халықаралық олимпиадада ел атын шығарса, екіншісі ауылдағы шағын үйде интернетке қосыла алмай, болашағына күмәнмен қарайды. Бірі стартап ашады, екіншісі жұмыс таппай, дипломын сөмкеге салып базарда жүр. Қолдау көріп, арманын жүзеге асырып жатқандар бар, алайда көлеңкеде қалып қойғандар да аз емес. Жастар туралы жалпылама сөйлеу оңай. Ал жеке тағдырларға, өзекті мәселелерге үңілу қиын, бірақ қажет.
Биыл не де болса, жас буын үшін жетістіктер жылы болды. Осындайда жастарға үміт артуға толық негіз бар. Бірақ ол үміттің салмағы бар екенін есте ұстаған жөн. Өйткені жауапкершілік жүгін көтеруде бәрі болмаса да, жалтаратын жас бар. Ал биыл бүгінгі буын қай салада қандай көрсеткіш көрсетіп жетістікке жетті? Жастық жалын расымен жалындады ма? Жыл ішіндегі жас толқынның жетістігіне шолу жасап көрейік.
Бұл да бір белес
2024 жылы Афинада өткен халықаралық FIRST Global Challenge робототехника чемпионатында Қазақстан оқушылары әлем чемпиондары атанды. Осының өзі ғылымға құштар талантты жастардың жаһандық жетістігінің бір үлгісі. Сонымен бірге Қазақстан жастары 2025 жылы ғылым-білім саласында зор табыстарға қол жеткізді. 2024-2025 оқу жылында мектеп оқушылары халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми байқауларда барлығы 362 медаль жеңіп алды, оның ішінде 41 алтын, 127 күміс және 194 қола бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 119 медальға артық.
Білім министрлігінің айтуынша, биыл халықаралық олимпиадаға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралған. Қазақ жастары халықаралық химия олимпиадасында командалық бас жүлде алып, робототехникадан әлем чемпионы атанды. Мысалы, былтыр қазақстандық команда «FIRST Global Challenge» жарысында үшінші рет әлем чемпионы болды. Тіпті ауыл мектептерінің балалары да үздік нәтиже көрсете бастаған еді. Оның ішінде, Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы шағын ауыл командасы Грекияда өткен STEM олимпиадасынан екі бірдей қола жүлде алып қайтты. Тіпті жеке жетістіктер де аз емес. Шығысқазақстандық Әлдияр Амангелді халықаралық Әл-Хорезми олимпиадасында «үздік программист» атанып, алтын медаль еншілесе, маңғыстаулық Рамазан Бұтантаев Азия-Тынық мұхиты лингвистика олимпиадасының абсолютті жеңімпазы болды. Талантты қазақ жастары физика, химия, информатика сияқты күрделі салаларда әлемге танылып келеді.
Қызылорда облысының өзі дарынды өрендерден кенде емес. 2023 жылы қызылордалық 9 сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасында алтын медаль иеленіп, 24 елдің оқушылары арасынан топ жарды. Білімге құштар, ғылымға жаңалықпен келген жастар Қазақстанның мерейін асырып, үлкен үміт шоғын жағуда. Спорт жеңістеріне шолу жасасақ, биыл жас спортшылар да толағай табыс әкелді. Астанада өткен Азия жастар және жасөспірімдер ауыр атлетика чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, 7 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Талантты ауыр атлет Алихан Аскербай жарыста үш әлемдік және үш азиялық рекорд орнатып, ел мерейін өсірді. Сондай-ақ үстел теннисі, күрес, бокс сияқты дәстүрлі спорт түрлерінде де өрендеріміз Азия мен әлем ареналарында олжа салып жүр.
Шілде айында Алматыда өткен «WTT Youth Contender» халықаралық турнирінде қазақстандық оқушылар 2 күміс, 5 қола медаль иеленді. Олардың қатарында небәрі 11 жастағы қызылордалық Аделя Әлжанова да бар.Ол өз жас санатында қола жүлде жеңіп, үлкен спорттағы жолын бастады. Жас спортшылар арасынан бокстан, күрестен әлем чемпиондары шығып, ел намысын абыроймен қорғауда. Мәселен, жақында ғана бокстан әлем біріншілігінде күміс медаль алған қызылордалық жас боксшы Қамшыбек Қоңқабаевты ел ерекше ықыласпен қарсы алды. Осы секілді спорттағы табыстар жас ұрпақты жігерлендіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етіп отыр.
Айта берсек, көп. Додада дөп түскендердің жетістігін онсыз да қуанышпен ақпараттандырып жүрміз. Дегенмен мұндайда жастардың жігері жаситын кезі де болады. Осы турасында аз-кем айта өтсек.
Тынысы тарылып тұрған тақырып
Жас буынның көңіл күйі бүгін бәрінен маңызды болып кетті ғой. Соңғы жылдары жастар арасында күйзеліс, жалғыздық, торығу, мазасыздық, өмірдің мәнін жоғалту секілді мәселелердің жиілеп кеткені туралы тек психологтар емес, мұғалімдер де, ата-аналар да жиі айтып жүр. Күнделікті өмірде мұны байқамай өтіп кету де мүмкін емес. Бір қарағанда, барлығы жайдары көрінетін жастың ішкі жан әлемі алай-дүлей болып шығуы әбден мүмкін. Жағдайға тереңірек үңілген сайын бұл проблема ойдан шығарылған нәрсе емес екеніне анық көз жетеді.
2022 жылы Қазақстанда 2179 адам өз-өзіне қол салған деген дерек бар. Суицид көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 17,6 деңгейінде екен. Бұл дегеніміз – көрші Өзбекстан мен Қырғызстандағы көрсеткіштен екі есе жоғары. Ең сорақысы бұл санның басым бөлігі жасөспірімдер мен жастардың үлесіне тиесілі. Мамандар көптеген жас аса ауыр күйзеліс пен депрессияны үнсіз өткереді деп дабыл қағуда. Ал оның белгілері туыстары мен ұстаздарының көзіне түссе де, дер кезінде көмек көрсетілмейді. Себебі көпшілік әлі күнге дейін психологиялық жәрдемді әлсіздік деп қабылдайды. Көптеген бала мен жас буын интернеттегі жасанды идеалдармен өз өмірін салыстырып, өзіне деген сенімін жоғалтып алады. Әсіресе «Instagram», «TikTok» секілді платформалардағы «барлығы жақсы» образдары жастарға қысым болып түсуде. Оқу, мансап, отбасылық жауапкершілік, қоғамның үміті, ата-ананың арманы – барлығы бір мезетте жас иыққа жүктеледі. Кейбірі осы салмақтан басын көтере алмай, тұйықталып, түңіліп, тіпті өмірмен қоштасып жатады. Бұл бір ғана адамның қасіреті емес, тұтас қоғамның жоғалтқан болашағы десек, қате емес.
Қызылорда облысында бірнеше жыл бұрын болған қайғылы жағдайлардан кейін жергілікті билік пен білім басқармасы арнайы бағдарламалар дайындауға мәжбүр болды. Соның бірі – мектептер мен колледждерде штаттық психологтарды көбейту, тренингтер мен ашық сабақтар өткізу. Сондай ақ Bilim Foundation қорының бастамасымен бірнеше аймақта жастар арасындағы суицидтің алдын алу жобалары жүзеге асып, кей өңірлерде нәтижесі де көріне бастады. Мысалы, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе және Атырау облыстарында суицид көрсеткіші 50 пайызға дейін азайған. Статистика осылай дейді. Бұрын психологқа бару ұят саналса, қазір жағдай өзгеріп келеді. Студенттер мен мектеп оқушылары арасында психотерапияны қалыпты дүние деп қабылдайтындар көбейді. Жастар енді өз ішкі дағдарысын жасырудың емес, оны шешудің жолын іздеуге тырыса бастады. Бұның үміт екенін байқаймыз.
Дегенмен жол ұзақ. Әлі де көптеген мектепте арнайы маман жетіспейді, ата-аналар бал психикасына жеңіл-желпі қарайтынын жасырмау керек. Сондықтан қоғам болып жастардың ішкі әлеміне көңіл бөлмейінше, сыртқы даму туралы айту артық. Психологиялық саулықтың ұлттық деңгейде көңіл бөліп, қолға алу керек мәселе екенін осыдан түсінген боларсыз.
Мұны да айта өткен жөн
Жас буынның қазіргі күйін түсіну үшін психологиялық ахуалдан бөлек, әлеуметтік негіздерді де ұмытпау қажет. Алдымен баспана. Үйсіздік жастар үшін тек тұрмыстық мәселе емес, өмірді жоспарлауға тосқауыл болатын түйінге айналғаны қашан. Әлеуметтік зерттеулерге сенсек, 18-35 жас аралығындағы 1,3 миллионнан астам қазақстандық жеке тұрғын үйге мұқтаж. Алматы қаласында жастардың тек 14 пайызының ғана өз баспанасы бар. Қалғаны пәтер жалдап тұрады не туыстарының үйінде күн көреді. Үйі жоқ жас отбасылар бала сүйгісі келмей, тұрақтылық сезінбей, өмірді кейінге ысырып жүр. Қымбат ипотека, жетпейтін жалақы, банктердің талабы сияқты мәселелер олардың қаржылық тәуелсіздігіне кедергі. Жеңілдетілген бағдарламалар бар болғанымен, сұранысқа қарағанда көлемі аз. Үміт көп дейміз-ау, бірақ мүмкіндік аз.
Осыдан кейін ұшы көрінетін тағы бір мәселе бар. Ол – жастар арасындағы жасырын жұмыссыздық пен NEET феномені. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 15-34 жас аралығындағы 400 мыңнан астам адам не оқымайды, не жұмыс істемейді, не іс-тәжірибе үшін әлеуетін сынап көруге ниетсіз. Әсіресе ауыл мен аудандарда мүмкіндіктердің тапшылығы басты себеп болады. Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалалар жастарды тартып әкетіп жатыр, ал шағын өңірлерде бос жұмыс орны да, кәсіби өсу жолы да шектеулі екенін жасырмасақ та, көзге ұрып тұрған жоқ па?! Кейбірі диплом алғанымен мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, жоғары айлыққа жете алмай қиналады. Жастарға арналған арнайы бағдарламалардың айлығы шайлығына жетпейтініне наразы. Зейнетақы жарнасы жоқ, еңбек өтілі саналмайды. Статистикада жоқ, бірақ өмірде бар мыңдаған жас дәл осылай жүйеден тыс қалып қойып отыр. Оны биліктегілер білсе де, бірдеңе дей қоюға әлсіз. Хош дейік. Мұнан да қиынын айтайық, әлеуметтік теңсіздіктің ең ауыры – мүмкіндігі шектеулі жастардың шеттетілуі. Ресми есеп бойынша елде 690 мыңнан астам мүгедек адам тіркелген. Олардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жаста. Бірақ жұмыс берушілердің көпшілігі мұндай азаматтарға сенім артпайды. Тіпті олардың қолайлы өмір сүруіне қала инфрақұрылымдары да толық бейімделмеген. Жоғары оқу орындары мен колледждерде инклюзивті білім беру жүйесі қағаз жүзінде ғана бар. Ал өмірде олардың жолы жиі тосылып, ортадан шеттеп қалады. Ерекше жастардың да арманы бар, қабілеті жетеді, бірақ қолдау жеткіліксіз. Бұл тек мемлекеттің емес, қоғамның да көзқарасына байланысты. Көзқарас өзгермей, орта түзелмейді. Ал орта түзелмей, мүгедектігі бар жастар толыққанды өмір сүре алмайды.
Жастар қоғамның ең әлеуетті әрі қозғаушы күші екені сөзсіз. 2025 жылдағы жетістіктер мен кедергілерге үңілгенде, қазақ жастарының білім, ғылым, спорт, өнер, медиа және қоғамдық белсенділік салаларында жоғары табыстарға жетіп жатқаны қуантады. Жаһандық деңгейде мойындалып жатқан жаңа буын қалыптасып келе жатқанына да бек қуаныштымыз. Олар тек армандап қоймай, сол арманға жетудің жолын нақты әрекетпен көрсетуде. Дегенмен бір жағында биікке шыққандар болса, екінші жағында көлеңкеде қалып, өз орнын таппай жүрген жастар аз емес. Тең мүмкіндік пен жүйелі қолдау барлығына бірдей жетпесе, ел ішіндегі үміт пен сенім қабаттасқан алаңдаушылық арта беретініне сенімдіміз. Осы тұста, жұмыс және баспана мәселесінде де нақты серпін қажет. Кәсіп ашуға қолжетімді несие, тұрақты жұмыс орындары, жалдамалы және қолжетімді ипотекалық баспаналар жас буынға сенімділік сыйлайды. Әлеуметтік осал топтар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жастар, NEET санатындағы жастар да назардан тыс қалмауы тиіс. Жүйелі оқыту, менторлық жобалар, психологиялық көмек, буллинг пен әлеуметтік қысымға қарсы шаралар қауіптің алдын алатын тиімді механизмдерге айналуы қажет. Ал Z буынының саяси, қоғамдық шешімдерге тікелей қатысуы – ел дамуын жеделдететін тың көзқарас көзі. Жастар саясаты форумдармен емес, нақты жобалармен өлшенуі керек дегенді түсінген боларсыз.
Иә, жас буын жетістікке жетсін. Тіпті әлем мойындайтындай биікке көтерілсін. Бірақ ел ішінде сол буынға лайықты жағдай жасалмаса, яғни баспанамен, біліммен, жұмыс мүмкіндігімен, өмір сүруге қолайлы орта ұсынбасақ, ең қабілетті, ең сенімді өкілдер өзге елден бақ іздейді. Сонда шетелге кететіндер – ең үздіктер, ал елде қалатындар – сенімі сөніп, мүмкіндігі шектелгендер ғана болып қалу қаупі туындайды. Мұндай үрдіс жалғаса берсе, ұлттық әлеуеттің шынайы өзегі сыртқа ауысып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті жастарды тек мақтап қоймай, нақты әрекетпен қолдау бүгінгі қоғам алдындағы басты жауапкершілік. Жастарды болашағымыз десек, үміт пен жауапкершілік қатар жүруі тиіс. Үміт алға жетелейді, ал жауапкершілік соған жетуге міндеттейді. Жас буынның өзі де қарап қалмай, белсенділік танытып келеді. Қазірдің өзінде қоғам игілігі үшін жұмыс істеп жатқан, жаңашыл ой қозғаған, батыл бастама көтерген жастар бар. Мемлекет сол энергияны дер кезінде танып, бағыттап, демеп отырса, алынбайтын асу жоқ. 12 тамызды – мереке ғана емес, үлкен мүмкіндік есебінде көтеріп, көтерген мәселеміз осы. Сол мүмкіндікті елге сенетін, ел үшін еңбек ететін, елде қалғысы келетін жастарға ұсыну – парызымыз. Айтар дүние аз емес, дегенмен, еститін құлаққа осының өзі біраз дүние.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,
тілші
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!