Жастар кәсіпкерлігі – қоғамның экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды сала. Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын жастар санының артқаны байқалады. Мәселен, осы жылдың шілде айындағы мәліметке сәйкес, аймақта тіркелген 68068 кәсіпкерлік субъектілерінің 42,1%-ы жастардың еншісінде.
Жыл сайын жастардың кәсіпкерлік саладағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үлесі ұлғайып келеді. Бұл, ең алдымен, мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдау шараларымен байланысты. Биыл Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға 34,5 миллиард теңге қарастырылып, жыл басынан бері 1 211 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.
Мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламалары аясында бюджеттен жыл басынан бері 494 жоба субсидияланды. Оның ішінде 130 жоба, яғни жалпы несие портфелі 3,7 миллиард теңгені құрайтын бастамалар жастардың үлесінде. Сонымен қатар жалпы құны 7,3 миллиард теңгеге 339 жоба бойынша кепілдік шарты жасалса, оның ішінде 115 жоба, жалпы құны 2,1 миллиарды жастарға тиесілі.
Жас кәсіпкерлерді қолдау үлкен жобалармен ғана шектелмейді. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жыл басынан бері 79 жоба 398,5 миллион теңге арқылы қаржыландырылды. Оның ішінде 20 жоба, жалпы сомасы 97 миллион теңге жастарға қарастырылған.
Аграрлық несие корпорациясыда кәсіпкерлік бастамаларды қолдауда белсенді. Осы жылы жас кәсіпкерлердің 48 жобасына 1,2 миллиард теңге несие берілді. Бұл көрсеткіш жастардың аграрлық саладағы кәсіпкерлікке де айрықша көңіл бөлетінін көрсетеді.
Жастар кәсіпкерлігі – аймақтағы экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жас кәсіпкерлер өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Осы қолдау шараларының арқасында Қызылорда облысында жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы артып, олардың бизнестегі үлесі күн санап көбейіп келеді. Жастардың белсенділігі мен мемлекеттік қолдау құралдары бірігіп, аймақтың болашағына сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!