Өркениетті еліміздің қазіргі таңдағы үлкен мәселесі – жастар арасындағы неке тұрақсыздығы. Қоғамның дерті, заман мен адамның азғындығына әкеп соққандай. Жастар «ғарыштық атмосферамен» өмір сүруде. Әлеуметтік желі, сымсыз телефон адами құндылықты ұрлап барады. Ыстық-суығы тез басылатын қызба мінезді, шолақ ой, әсіресе, еліктегіш қасиетке ие жастар. Әрине, бәріне тіл тигізбеймін. Бұған себеп не?
Бірін-бірі ұнатып қосылған жастар шаңырақ құрады, керегені кеңейтіп екі елге қуаныш сыйлап, бата алып ұлан-асыр той жасайды. Бірақ өмірдің кішкене қиындығына шыдамай, ажыраса жөнеледі. Екі жасқа қолдау көрсетіп, тігісін жатқызып, жастарды бір-біріне жақындатар, ақыл айтып, жөнге салар, құдандалы жандар бар шығар. Алайда «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» немесе «тең-теңімен тезек қабымен» деп айтатын ата-ана бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бұрынғы бір уыс дәнмен той жасап, есектің артына мінгесіп келген аналар болды. «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөздің зілі мен салмағын салмақтатқан әке мысы қайда? Қазір ата-аналар тым балажан. Сол қасиеті азаматтарды сұсынан айырып, жалтақ етіп, қыздың алдында тізе бүгіп ұсыныс жасауға дейін әкеп отыр. Бұл да болса әр елдің сериялынан жұққан жаман дерт пе дерсің?! Жаман әдет жұққыш келеді. Қазақ – жетім көрсе жебеген ел, жесірін қаңғытпаған ел. Бұл күнде ажырасудың зиянын балалар көруде. Қиын тағдыр көрген жалтақ жаннан қандай іргелі шаңырақ иесі шығады? Абай атамыз айтып кеткен «көйлегі көктік, қарны тоқтық, аздырар адам баласын» деп. Адам азып бара ма, заман азып бара ма?
«Заманақыр болғанда әйел базаршыл, еркек қазаншыл келер» деген сөз бар. Осы орайда сөз атасы Майқы бидің: «Ақырет жақындағанда әйел би болар, еркек жасып, и болар» дегені де ойландырмай қоймайды.
Эльмира ЕРҒАЛИҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!