фото: ru.sputnik.kz
Бүгінде жастардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау мәдениеті айтарлықтай өзгерді. Көше тілі, жартылай орысша-қазақша сөйлемдер, қысқартылған сөздер – қазіргі жастар тілінің ажырамас бөлігіне айналып барады. Қайда барсақ та – мектепте, университетте, қоғамдық орындарда – «неғо», «ия ғой», «былай енді», «чёта» деген сөздер жиі естіледі. Бұл – жай ғана еркелік немесе сән үшін қолданылып жүрген сөздер емес, қоғамда терең тамыр жайған тілдік, танымдық дағдарыстың белгісі.
Жастар өз ойын толық жеткізе алмайды, сөйлем құрауы шала, ойы үстірт. Бұрын бала сөйлесе – оның тәрбиесін, отбасындағы мәдениетін байқайтын едік. Қазір көпшілік сөйлеуден қашады, ой білдіруден именеді. Осы өзгеріске не себеп?
Бірінші себеп – кітап оқымау.Қазіргі буын көркем әдебиетті емес, әлеуметтік желідегі қысқа мәтіндерді, жеңіл посттарды, күлкілі видеоларды тұтынады. Терең мазмұн, бай тіл, көркем ой – ескерусіз қалды. Ал көркем әдебиетті оқымаған баланың сөздік қоры да жұтаң болады. Сөз таба алмаған соң, «анау», «мынау», «неғо» деген сылтаулы тіркестерге жүгінеді.
Екінші себеп – үйдегі тәрбие әлсіреуі. Бұрын ата-ана баламен отырып әңгімелесетін, ертегі айтатын, шешен адамдардың сөзін үлгі ететін. Қазір көп ата-ана жұмысбасты, баламен шынайы қарым-қатынас азайған. Ал бала естігенін қайталайды. Естімегенді қайдан үйренсін?
Үшінші себеп – техникалық тәуелділік. Баланың тілі емес, саусағы дамып жатыр. Экран мен дайын контент – ойлануды емес, тұтынуды үйретеді. Мұндай ортада өскен жас кез келген сұраққа нақты жауап берудің орнына, «ия ғой», «былай енді» деп жалтарады.
Тіл – адамның айнасы. Адам қалай сөйлесе – солай ойлайды. Тілі шала адамның ойы да шала. Өз ойын анық жеткізе алмаған адам қоғамда қалай пікір білдірмек? Құқын қалай қорғамақ?
Грамматиканы жаттатқанмен, ойын еркін айтуға, дәлелдеуге баулымаймыз. Мұғалім сөйлейді – оқушы тыңдайды. Ал тыңдай берген адам үнсіз қалатыны анық. Белсенді тыңдаушы емес, белсенді ойлаушы мен сөйлеуші қалыптастыру – білім беру жүйесінің басты міндеті болуға тиіс.
Бір ұстаздың сөзі есімде: «Бала ойын жеткізуді үйренбесе, ертең өз ойы жоқ адамға айналады». Бұл – бүгінгі қоғамға тура айтылған сөз секілді.
Не істеу керек?
Бізге тілді дамытатын орта қажет. Кітап оқу, пікірталас, ашық диалог – міне, тілді де, ойды да дамытатын құралдар. Тіпті, отбасыда қарапайым дастарқан басында: «Бүгін не үйрендің?», «Мына тақырыпқа сенің көзқарасың қандай?» деген сұрақтар қою – баланы сөйлеуге, ойлануға тәрбиелейді.Сөзге шоқақ ұрпақ – ойға кедей қоғам
Сөзге шорқақ ұрпақ – үнсіз қоғам. Ал үнсіз қоғам – әлсіз қоғам. Болашақ үшін бүгін сөйлеуге үйретейік. Әйтпесе ертең өз тілінде ойын жеткізе алмайтын ұрпақ алдында бәріміз жауап береміз.
Бифатима БИМОЛДИНА
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!