Еліміз еңсесін көтеріп, есін жиып, тәуелсіздік алғалы бері жастарды қолдау мақсатында бірқатар ірі жобалар дамылсыз жүзеге асырылып келеді. Атын атап, түсін түстесек, білім және ғылым саласындағы «Болашақ» бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» және жастарға тікелей қатысы бар басқа да ірі масштабты жобалар жеткілікті. Қазіргі таңдағы жастардың сапалық көрсеткіші, жетістігі – мемлекеттік жастар саясаты нәтижесінің көрінісі. Осыдан тура он жыл бұрын 2012 жылдан бастап жастардың ортақ мәселелерін жергілікті, республикалық дәрежеде қолға алу үшін Жастар ресурстық орталықтары құрыла бастады.

Жастар ресурстық орталығы – жастардың әлеуметтік әрі тұлғалық дамуына жәрдемдесетін және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым. Оның негізгі міндеттеріне жергілікті ұйымға қарасты жастарды жұмысқа тұруға дайындау, цифрлық сауаттылығын арттыру, жастар ортасында волонтерлік қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс істеу, жастарға қатысты мәселелерді анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру, жұмыс мәселесіне қатысты жәрмеңкелер, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер, талдамалық жұмыстар жүргізу сынды маңызды бағыттар кіреді. Бүгінде институционалдық жағынан республика бойынша 209 жастар ресурстық орталығы ашылған, онда 3 мыңнан аса қызм­е­ткер жұмыс істейді деген дерек бар.

Айта кету керек, 2021 жылы елімізде жастар саны халықтың жалпы санының 20,2% құраған. Яғни 14 пен 29 жас аралығындағы 3,7 млн жас бар деген сөз. Барлық өңірде облыстық жастар ресурстық орталығы бар десек, аудандық орталықтардың әрқайсысы онымен тікелей байланыса отырып, жұмыс істейді. «Республиканың әр өңірінде стратегиялық сессиялар, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып жүр. Басты мақсат – жергілікті жерлердегі жастардың проблемаларын, оларды шешу үшін қажетті нақты іс-қимылдарды анықтау. 2021 жылы «Жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделіп, соған орай Ұлттық баяндама әзірленді. 2020 жылғы Жастар ғылыми зерттеу орталығы қазақстандық жастардың топ-3 негізгі мәселесін атап көрсетті. Олар: жоғары білім, жұмыс және тұрғын үй мәселесі.

Өткен жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Енді алдағы 30 жылда Қазақстан қалай дамиды деген мәселе толғандырады. Мемлекет тарапынан тікелей жастарға қатысты үлкен жобалар іске асырылды. Біз NEET санатындағы жастарды барлық салалардан, тараптардан зерттей бастадық. Жастарға жауапты салада жүргендіктен үкіметке жастар саясатын дамытуға қатысты жаңа ұсыныстар айтып, қажетті шараларды талқылап отырамыз», – дейді ҚР Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.Байманов. оның айтуынша, жастар ресурстық орталықтарын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары әзірленген. Онда көптеген фактормен бірге кадрларды қайта даярлау мақсатында орталық қызметкерлерін оқыту, біліктілігін арттыру, жастармен сауатты жұмыс істеу үшін қосымша білім беру көзделген.

Атап өткеніміздей, жастардың мәселесі – мемлекеттік саясаттың маңызды нысаны. Себебі ертеңгі тарихты жасайтын, болашақтың кірпішін бүгін құятын жастарды дамытып, қолдау да, елемей, жастық жалынын өшіру де өз қолымызда. Дегенмен осы бағытты қолға алған әр аудандағы жастар ресурстық орталықтарының іргелі, үздіксіз жұмысы көңіл қуантады. Осы орайда облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің редакциясы аудандық жастар ресурстық орталықтарына деген халық пікірін айқындау, орталық жұмысын қоғам көзқарасы арқылы екшеу мақсатында сауалнама жүргізуді қолға алған еді. Сауалнама Қызылорда облысының аудандарындағы орталықтардың тиімділігі мен еңбектерінің нәтижесін айқындауға жол ашып, қоғаммен байланыс әдісін қайта қарауға ықпал етері сөзсіз.

3 маусымнан 17 маусым аралығына дейін жүргізілген сауалнама редакцияның ресми сайтында ашық жарияланды. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, барлығы 6470 адам дауыс беруге қатысқан. Соның ішінде Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығы 1875 дауыс жинап, 29 процент көрсеткішпен топ жарып тұр. Одан кейінгі орынға Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы 1194 дауыспен жайғасты. Үздік үштікті Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы1093 дауыспен қорытындылады. Ал Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы 791 адамның қолдауына ие болды. Одан кейінгі орынға Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығы 607 дауыспен орналасса, Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығы 554 дауыс жинады. Сауалнаманың қорытындысына сай Арал аудандық жастар ресурстық орталығы 356 дауыс жинап, көптің талқысына түскен үздіктер тізімін аяқтап тұр.

Фейсбук әлеуметтік желісінде үздік жастар ресурстық орталығын анықтау кезінде жастар мен өңір тұрғындары белсенділік танытып, қызу түрде пікір білдірді. 268 адам сауалнама туралы ақпарат жарияланған постқа лүпіл басса, барлығы 221 пікір жазылған. Соның ішінде Арал ауданындағы жастар ресурстық орталығының жұмысын жоғары бағалағандар көп. Жалағаш ауданындағы орталық та жақсы пікірлер легімен бір саты төменге орналасты. Қос ауданнан кейін ең көп жағымды пікір, елдің алғысын жинаған – Қазалы ауданындағы ЖРО. Мәселен, Қанат Ниетқұлов: «Жалындаған жастардан құралған Жалағаш ауданындағы ЖРО-ға сәттілік тілеймін. Мұндағы жастардың жетістіктері жоғары. Үнемі ізденіс үстінде жүреді» десе, Мархабат Ідірісова есімді оқырман: «Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығы әбден лайықты. Әр жұмысты сөзбен емес, іспен көрсететін қазалылық жастар жасасын! Алға басқан істерінің нәтижесінде қалалық жастар ресурстық орталығы да алғаш осы ауданда ашылды» деген пікір білдірген. Ал Гүлбану Құлмашова есімді фб қолданушысы: «Аралдың жастары қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүр. Жас келсе, іске дегендей жалындаған жастық қуатын туған жерге пайдасын тигізу жолына жұмсап жүрген аралдық жастарға сәттілік!» деп шынайы разылығын қоса жеткізіпті.

Топ бастап тұрған Шиелі ауданының жастар ресурстық орталығы екенін атап өттік. Ержан Әбдешев бастаған шиелілік жастар түрлі бағытта тынбай еңбек етіп келеді. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, тұрақтылықты нығайту және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында аудан көлемінде – 8 кездесу өткізіліп, барлығы 1200-нан астам жас белсенділік танытқан.

Ақпан айының 28 жұлдызынан бастап, Шиелі кенті және ауылдық округтерге қарасты мектептерде «Тұрғындар арасында діни экстремизм құбылыстарының алдын алу» және құқық­бұзушылықтың алдын алу бағы­тында арнайы ақпараттық түсіндіру тобы мектеп оқушылары, түлектердің зияткерлік, шығар­машы­лық, спорт­тық сала­да дамуы­нан бөлек түрлі мақсаттағы күмәнді оқу орындарында білім алмауын немесе тәрбиеленбеуін кездесу барысында түсіндірді.

Ал Жаңақорған ауданына қарасты ЖРО-ның ұйымдастыруымен жыл басынан бері барлығы 74 шара ұйымдастырылса, 1770 жас қоғам өміріне белсенді қатысқан. Оның ішінде мәдени шара, спорттық, қайырымдылық, рухани жаң­ғыру бағдар­ламасына қатыс­ты, құқық­бұзушы­лықтың алдын-алу, жастарға кеңес бағыттары қамтылды. Мәселен, Наурыз мерекесі қарсаңында тұңғыш рет Жаңақорған ауданында «Наурыз қоржыны» әзірленіп, үйден оқитын жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға сыйлық ретінде тарту етілген. ЖРО-ның директоры Наурызбай Ерікұлының бастамасы бойынша аудан жастары жан-жақтылығымен танылып келеді. Сәуір айында «Білгеніңмен бөліс» жобасы қолға алынып, осы уақытқа дейін тігін, тоқыма, қолөнер курстарына 50-ден астам қыз-келіншектер қатысып, жаңа кәсіп түрлеріне бейімделуде. Сонымен бірге «Тұлғалыққа бір қадам» кітап оқу бәйгесі ұйымдастырылып, оған 400-ден астам кітап оқырмандары қатысты. Жеңімпаздар түрлі пайдалы курстарға арналған абонементтермен марапатталған.

Арал ауданының жастары да жыл басынан бері белсенділігімен көзге түсіп жүр. Жастарды бастап жүрген директор Абай Әбілбаевтың айтуынша, орталық 12 бағыт бойынша нақты жоба әзірлеп, нәтижесінде тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, 15 сәуір ұлттық ғашықтар күніне орай жас отбасылылар арасында «LOVE STORY…» атты әлеуметтік желіде видеоролик байқауы ұйымдастырылып, орталық алаңда қала жастарының қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдар­ламада қорытынды­ланған. «7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай жас сарбаздарды әскер қатарына шығарып салдық. Бұл патриоттық тәрбиеге тікелей әсер ететін маңызды шара болса, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Балаларға базарлық» атты қайырымдылық марафонын ұйымдастырып, Аянат Алмасқызының еміне қаржылай көмек көрсете алдық. Айтулы күндерден бөлек жастардың тәрбиесіне, тұлғалық дамуына қатысты шаралар, кездесулер өткізіліп жүр. Әр шарада – мән бар», – дейді Абай Сәкенұлы.

Жал­ағаш­тық жастар орталығын 2021 жылдың 1 маусымы­нан бастап Нұржан Амандық сынды көшбасшы басқарып келеді. Айта кету керек, аудан жастары еңбектің наны тәтті екенін бірлесе жасаған игі істерінен аңғаруда. Мәселен, Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында С.Мұқашев демалыс саябағында аудан жастарының қатысуымен «Бір тал кессең, он тал ек!» акциясы өткізіліп, аудан жастары 40 түп ағаш көшеттерін отырғызып, аудан ажарын арайландыруға белсенділік танытты.

Шетелде немесе еліміздің басқа аймақтарында өз саласы бойынша белсенділік танытып, абыройлы қызмет атқарып жүрген ауданның 35 жасқа дейінгі жастарын насихаттау мақсатында «Tanys bolaiyq» рубрикасы жүргізілуде. Қазіргі таңда 50-ге жуық жас таныстырылған.

Көптің қолдауына ие болған аудандық ұйымның бірі – қазалылық жастар ресурстық орталығы. Нұрбек Ақпанбетов басшылық ететін орталық қай бағытта да белсенділігін жоғалтқан емес. Мысалы, Балалар жылы аясында «Жаңа Дәуір – жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі ұйымдастырылды. Оған барлығы 187 жас қатыстырылып 6 бағытқа бөлінген. Нәтижесінде, жеңімпаздарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің толық гранты және осы оқу орынының 50,25% жеңілдікпен оқитын сертификаттары, салаларына байланысты барлығы 500 мың теңгенің көлемінде қаржылай сыйақылар табысталды. «Жылу сыйла жандарға» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға Әйтеке би кентінен 25 отбасыға және елді мекендерден 67 отбасыға барлығы 92 отбасыға қыстық отын жеткізіліп берілген. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен 98 отбасыға қазалылық ерікті жастар қол көмек жұмысын ұсынған. Мұның бәрі – бекем бірліктің белгісі.

Ғани Оралов басшылық ететін Сырдария ауданының жастар орталығының зерттеуі бойынша, ауданның өзінде осы жылы14 пен 29 жас аралығында 8144 жас бар екен. Аудан көлемінде қаңтар мен сәуір айлары аралығында 52 шара ұйымдастырылып, 1050 жас белсене араласып, өзіндік көзқарасын білдірген. Атап айтқанда, жастар арасында діни ағымдардың, құқықбұзушылықтың алдын алу, спорттық және қайырымдылық, интеллектуалды бағытта бірнеше шара ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар, «Еріктілер штабы» жанынан азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және тұрмыстық техниканы қабылдайтын «Қайырымды жандар бұрышы» құрылып, тұрғындардан жиналған заттар мұқтаж жандарға берілуде.

Келесі үздіктің бірі – Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы көшбасшы, айтыскер ақын Сырым Әділбековтың басшылығымен 2022 жылы түрлі тың бағытта 77 шара ұйымдастырылып 1500-ден аса жас қоғам өміріне белсене араласқан. Мысалы, шайыр Т.Ізтілеуовтың 140 жылдығына орай мектеп оқушыларымен Қармақшы аудандық кітапханасында экскурсия өткізілген. «30 игі іс» жобасы аясында, қаңтар оқиғасына байланысты, блок бекеттердегі полиция қыметкерлеріне азық-түлік таратылды.

P.S. Көріп тұрғанымыздай, сауалнаманың мақсаты аудан ауданға бөліп, кім мықты, кім әлсіз деп топтастыру емес. Бір ғана сауалнама, әлеуметтік желідегі пікір алмасу барысында 7 ауданның да өзінше жастар саясатына қолдау білдіріп, жастардың рухани, тұлғалық, физикалық, құндылықтар тұрғысынан дамуына даңғыл жолды кішкентай қадамдардан бастап жатқанына куә болдық. Жастар ресурстық орталығы жеткілікті, енді ұлы мақсатты ұстанған жастардың қандай дүниелер жасап жүргенін біліп, айтып, танытып жүрсек дейміз. Болар елдің баласы бірін бірі батыр демей ме..?

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!