Бүгінде әлеуметтік желілер – жай ғана байланыс құралы емес, әлемдік ақпарат пен мәдениеттің негізгі қозғаушы күші. Олардың даму қарқыны ерекше жылдам, ал әрбір желінің өзіндік бағыты мен миссиясы бар. Мысалы «Instagram» әлеуметтік желісі визуалды эстетикаға басымдық берсе, «Twitter» жедел ақпарат пен пікір алмасуға арналған. Бұл айырмашылықтар әлеуметтік желілердің қолданушы аудиториясын әр түрлі бағытқа бөледі. Осы орайда жастар қайдай платформаларды қолданады? Бірге білейік.
Асылзат Жаңабаева:
– Мен үшін ең ыңғайлы әлеуметтік желі деген түсінік жоқ. Себебі белгілі бір әлеуметтік желіні тұрақты әрі көп қолданамын деп айта алмаймын. Барлық желіні тең көремін. «Instagram» – мен үшін ақпарат көзі. Мұнда мен «ZTB_kz» , «buginkz» секілді ақпараттық, жаңалыққа толы парақшалардың оқырманымын. Елде болып жатқан күнделікті әлеуметтік, спорт жаңалықтары, білім мен денсаулық саласы туралы жарияланатын ақпарат мен үшін маңызды. Сонымен қатар «TikTok», «Facebook», «YouTube» желілерін көп қараймын. Қазір ақпарат заманы. Күн сайын миымыз толассыз ақпаратты қабылдайды. Соның ішінде өзіме керек дегендерін саралап қараймын. «Instagram», «Tik- Tok» желілері бір-біріне ұқсас келеді, ал «YouTube» каналдары білім алуға, оқып үйренуге, жаңа дүниелерді көруге ыңғайлы. Сонымен қатар қазақша подкастар, тәлім-тәрбиесі бар, қыз-келіншектерге жол көрсететін сұхбаттар, уағыздар қарауға таптырмас ақпарат алаңы. Әр адам өз табиғаты мен қызығушылығына қарай әлеуметтік желіде өзіне қызықты контенттерді қарайды. Мен үшін барлық әлеуметтік желінің өзіндік орны бар. Дегенмен адам баласы шынайы өмірден алыстамауы керек, күннің белгілі бір бөлігі ғана телефонда, ал қалған уақытымыз өзіміздің шынайы өмірімізде болуы керек деген ойдамын.
Салтанат Бижігітқызы:
– Мен үшін ең ыңғайлы әлеуметтік желілер – «Instagram» мен «Facebook ». Екеуін де күнделікті өмірімде жиі қолданамын, бірақ «Instagram» мен үшін бөлек әлем сияқты. Онда бәрі жеңіл, түсінікті, әдемі: сурет те, видео да, сторилар да – бәрі бір сәтте көңіл күйіңді көтеріп жіберетіндей. «Көрген көзде құмарлық бар» дейді ғой, сол сияқты «Instagram» маған визуалды шабыт береді. Жұмыс, күнделікті тіршілік, қызықты сәттердің бәрін бір жерге жинап, өзімше бір реттілік орнатып аламын.
«Facebook»-ті басқаша қолданамын. Ол жерде ресми ақпарат та, маңызды жаңалықтар да, салмақты пікірлер де бар. Бір сөзбен айтқанда, «Facebook» – ой тоқтататын, ақпарат беретін орта. Керек дүниені тез табамын, ұсынатын контенті де жан-жақты. Кейде сол жақты қарап отырып, заманның тынысын тыңдап отырғандай боламын.
Екі желі екі түрлі дүниеге ұқсайды: бірі – көңілге жылулық ұялататын визуалды әдемі әлем, екіншісі – ойға ой қосатын ақпарат алаңы. Сол үшін мен екеуін де қатар пайдаланып, өзіме керегін өз орнымен жаратып отырамын. Әлеуметтік желілерді дұрыс қолдансаң, күнделікті өміріңе шағын да болса, пайда береді деп ойлаймын.
Ақниет Мәулен:
– Менің ойымша, қазіргі уақытта «Telegram» әлеуметтік желісін қолдану ыңғайлы. Тілдік курстарды меңгеру үшін жастар осы желіні пайдаланады. «YouTube» арнасында көбіне жалпы аудиторияға ақпарат жарияланды. Ал «Telegram»-да арнаны жауып, тек өзіңнің аудиторияңа жүргізуге немесе барлық қызығушыларды қамтып, парақша жүргізуге болады.
Сонымен қатар мұнда барлық медиа құжат сақталады. Фото, видео өшірілмейді. Кез келген файлды табу оңай. Онымен қоса қолдануға да оңай.
«Telegram» насихат арнасы емес. Басқа желілерде орынсыз видео жарияланса, ол тез тарап кетеді. Ал мұнда адам желіні тек өз қажетіне пайдаланады.
Мен «Telegram»-ды музыка тыңдау үшін қолданамын. Себебі бұл жерге керек файлдарды жіберіп, сақтап қойғаннан соң интернетсіз де тыңдай беруге болады. Сонымен қатар медиа контентті арнамда сақтап қоямын. «Telegram» арнамда жасанды интеллект туралы пайдалы курстармен бөлісемін. Осы саланы меңгергісі келетін студент, оқушыларға арнап, біліміммен бөлісемін. Ол тегін. Бірақ біз тек оқуға ынтасы бар балаларды іріктеп қосамыз.
Нұрай Ниязбек:
– Қазіргі кезде «LinkedIn» желісі көш бастап жүр. Мен үшін бұл платформан кәсіби түрде дамуыма көмектеседі әрі мақсаттарым мен қызығушылықтарыма толықтай сәйкес келеді. Мұнда тек достармен қарым-қатынас құру емес, пайдалы нетворкинг құруға мүмкіндік бар. Бұл желіде кәсіби комьюнитилермен, түрлі топ менеджермен, сондай-ақ компаниялармен байланысуға болады.
«LinkedIn»-нің басқа желілерге қарағанда айрықша ерекшеліктері бар. «Instagram»-да көбіне көңіл көтеретін контент жарияланады, ал мұнда ресми қарым-қатынас жүйесі қалыптасқан. Бұл жердегі қолданушылар бір-бірімен сыпайы араласады. «LinkedIn»-де вакансиялар туралы ақпарат алуға болады. Онымен қоса шетелдік мамандармен жеке сөйлесіп, жауап алу мүмкіндігі қарастырылған. «LinkedIn» IT саласында жүрген мамандар үшін пайдалы платформа деп ойлаймын.
Әрине, мен басқа да желілерді қолданамын. «LinkedIn»-ді көбіне жұмыс барысында пайдаланамын. Ал «Instagram» секілді платформаларды жеке өмір мен жаңалықтардан хабардар болу үшін қараймын.
Айдана Бақытжанова:
– Ең көп қолданатын желім – «WhatsApp». Ол арқылы отбасыммен және достарыммен хабарласып, хат алмасып отырамын. Жұмыс уақытынан тыс кезде де жиі қолданамын.
Одан бөлек «Instagram»-ды жеке блог жүргізу үшін пайдаланамын. Өз өміріммен бөлісіп, маған қызығатын достарым мен жазылушыларымды ақпараттандырып отырамын. Өзім дизайнер болғандықтан «Pinterest»-тің белсенді қолданушысымын. Бұл менің шабыт алатын жерім. Көзқарасты дамыту, жаңа идеялар табу үшін пайдаланамын.
Сонымен қатар қажет кезде «HeadHunter», «OLX» сияқты платформаларды да пайдаланамын. Оларды жұмыс іздеу немесе хабарландыру жариялау үшін көремін.
Әлеуметтік желілер біздің өміріміздің маңызды бөлігіне айналды. Қазіргі уақытта бизнес те, коммуникация да, жарнама да – бәрі осы желілер арқылы жүреді. Кейде тіпті әлеуметтік желіде тіркелмеген адам – көрінбейтін адам сияқты әсер қалады. Бірақ әлеуметтік желісіз, табиғатқа жақын, өзіне жайлы өмірді таңдайтын адамдар да аз емес. Ал егер адам мансап жолын дамытып, танымал болуды қаласа, онда әлеуметтік желілерсіз қадам басу қиын деп ойлаймын.
Қарақат Ыдырыс:
– Бүгінде ақпарат алмасу үшін жиі қолданатын әлеуметтік желім – «Facebook». Бұл платформаның артықшылығы – әртүрлі аудиториямен еркін ой алмасу, өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігі. Бұл желі ақпараттың тез таралуы, қолданушылар арасында байланыс орнатуда өте қолайлы. Сонымен қатар қызығушылықтары бір топтарға ортақ тақырыпта талқылауына мүмкіндік береді. Өзімнің ой-пікірімді, көзқарасымды еркін білдіре аламын. Бұл жерде маңызды ақпараттар тек ресми стильде жарияланды. Сенімді парақша көп. Пайдаланушыға ыңғайлы интерфейс бар. Жазбаларды кез-келген уақытта өңдеп, толықтырып отыра аласың. Сондықтан «Facebook» желісін жиі пайдаланамын.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!