Өзіңді тану үшін де, өзгені тану үшін де кітап керек. Адамның тұлға болып қалыптасуында кітаптың орны ерекше. «Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан» демекші, оқырман білім бұлағынан өзіне қажетті ойды түйіндейді. Бірі кітаптан өзіне ұқсас тағдырды көрсе, бірі тарихи сырдың жауабын іздейді. Әсіресе, жаңа буыннан кітапқа деген ерекше махаббат байқалады. Тіпті талғам да бұрынғы аға буынға қарағанда өзгеше. Осы тұрғыда жастардың қандай кітаптарды ұнататынын бірге білейік.

Ізбасар Әмір:
– Менің сүйікті кітабым – Джеймс Дэшнердің «Лабиринтте жүгіруші» романы. Бірінші томын оқыдым. Кітаптағы фантастикалық әлем ерекше ұнады. Мұндағы кейіпкерлер лабиринт ішінде қамалған. Басты кейіпкер Томас есімді жігіт. Ол лабиринттегі өмірге көнгісі келмейді. Лабиринттің сыртында не күтіп тұрғанын білмесе де, шешімінің неге әкеліп соғатыны жұмбақ болса да, өзінің басын тәуекелге тігіп, лабиринттің сыртына ұмтылады. Оқиға соңына дейін оның тағдыры маған да, Томастың өзіне де белгісіз болып қала берді. Кітаптың аяғына дейін лабиринт соңында сұмдық дүние күтіп тұрған шығар деген сұрақ мазалайды. Алайда ақыр соңында ол өз дегеніне жетеді. Бұл жерде оның тәуекелшілдік пен күрескерлік секілді қасиеттері көрінеді. Сондықтан Томастың образы маған ерекше ұнады. Джеймс Дэшнер лабиринттегі әлемді керемет суреттейді. Сол себепті бұл кітап менің сүйікті шығармаларымның бірі. Маған күрескер кейіпкерлер ұнайды. Осы тұрғыда Джек Лондонның «Мартин Иден» шығармасы атап өтуге тұрарлық. Кейіпкердің аты – Мартин. Қоғамның ең төменгі табанынан шыққан ол өзінің арманына сенбегеніне, тіпті сүйген адамы Руфь оған теріс қарағанын елемей алға ұмтылады. Иә, ақырында оның дегені орындалмайды. Бірақ менің ойымша, Мартин мүмкін емес арманға ұмтылудың романтикалық образына айнала білді және оқырманға жақсы үлгі болды. Оған қоса, күрескерлік тұрғыда «Лабиринтте жүгіруші» шығармасында Томасты жанындағы достары, лабиринтте мекен етушілер аяқтан шалады, көзқарасын өзгертуге тырысады. Олар: «Ертең осы күнімізге шүкір етеміз, тәуекел етудің қажеті жоқ», – деген ойларды ұсынады. Дегенмен, оған қарамастан, ол өз ұстанымынан қайтпайды. Томастың оқиғасы арқылы айналамыздағы адамдардың бізге әрқашан шындықты айта бермейтінін түсінеміз.

Нұрай Жасанбайқызы:
– Менің сүйікті кітабым – Луиза Мэй Олкоттың «Кішкентай ханымдары». Кітапта бір отбасының төрт қызы және олардың бой жетуі туралы айтылады. Мен өзім әпкелі-сіңілі отбасыдан шыққандықтан, шығарманы өз өміріммен байланыстырамын. Кейіпкерлерді әпкелеріме және өзіме ұқсатамын. Кітап желісінде болып жатқан оқиғалар менің өміріммен де ұқсас. Қыздар бір отбасынан шығып, бірдей тәрбие алса да, әрқайсысының қайталанбас болмысы мен ерекшеліктері бар. Бірақ оған қарамастан, қыздардың күнделікті тұрмыс-тіршілікте бір-біріне көрсететін қолдауы мен сыйластығы ұнайды. Автор кітапты жазған кезде кейіпкерлердің прототипін өз әпкелерінен алған. Мұнда Луиза Мэй Олкотт өзінің басынан кешкен оқиғаларын жазғаны әсерлі болды. Себебі мен үшін қиялмен өрбіген, өмірде болмаған оқиға қызықсыз.

Мақсат Шарбек:
– Мен Эрих Мария Ремарк атты жазушының шығармаларын ұнатамын. Оның ішінде «Үш жолдас», «Өмір сүруге және өлуге арналған уақыт», «Батыс майданында өзгеріс жоқ» атты еңбектері ерекше әсер қалдырды. Ол шығармаларда соғыс, қиын-қыстау кезден кейінгі халықтың хал-жағдайы сипатталады. Жалпы, соғыс дегенде біз немістерді жаман халық деп қабылдаймыз. Бірақ Ремарктың шығармашылығы бізге жаңа көзқарас әкелді. Немістер де біз сияқты адам, олар да соғысты жек көрген. Ремарк соғыстың жаман қырларын көрсету арқылы неміс халқын ақтап алды десек те болады. Оның шығармалары арқылы менің бойымда жаңа көзқарастар қалыптасты. Автордың соғысты сипаттауы ұнайды. Сол себепті оның шығармаларын ерекше атап өткім келді.
Француз әдебиетінен заманауи жазушылардың ішінен Жоэль Диккер атты жас жазушының «Гарри Квеберт ісінің шындығы» атты детектив романы ұнады. Шығарманы осыдан 3 жыл бұрын оқыдым. Оқиға желісінде кішкентай қыздың тағдыры және жұмбақ өлімі баяндалады. Қылмыс болған жер Гарри есімді кейіпкерден күдік тудырады. Бірақ сюжет автордың ойындағыдай өрбіді. Ал оның кульминациясы ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
