Жастардың арасында белең алған қасіретті қатердің бірі – құмар ойынға әуестік. Әлемді елеңдетіп отырған бұл проблемадан айрандай ұйып отырған қаншама отбасының жапа шеккені бәрімізге мәлім. Елімізде 10 жұптың 7-еуі құнықтырған құмар ойыны ажырасуға себеп болады. Отандық блогерлердің көбісі букмекерлік кеңселерді жарнамалау арқылы пайда тауып отыр. Ал медиа тұлғалардан үлгі алатын қаншама жастың бар екенін бірі елесе, бірі біле бермейді.
Құмар ойындарының іргетасы, оған деген қызығушылық мектеп кезден қаланады. Яғни, оңы мен солын ажырата білмейтін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғармайтын балалардың оңай ақша табамын деген пікірінен туындайды. Алғашқы сәтте жай ұялы телефондағы ойындарға донат жасап жүреді. Жайлап ережесіз жекпе-жек, футбол іспеттес спорт ойындарына бәс тіге бастайды. Адам ойынға тәуелді болған кезде интернет-казинодағы слоттарға бармаса, ойындарға қатыспаса, психологиялық тұрғыда ашушаң, жүйке жүйесі жұқара бастайды. Алғашқы кезеңде сіз үшін ойын өте жеңіл, әрі еш күмән тудырмайтындай-ақ болып көрінеді. Бірақ уақыт өте жеңіліс табасыз, жалған намыспен өзге нәрсені дәлелдегіңіз келгенмен, ақыр соңы тақырға отыруға тіреледі.
Жастардың бұл дертіне дауа таппаған дүниежүзілік психологтар дабыл қағуда. Қазақстанда статистика мәліметтері бойынша соңғы жылы 170 мыңнан астам жас 36 миллиард теңгені заңсыз ойын бизнесіне тіккен. 350 мыңнан астам қазақстандық лудоман есебінде. Өткен жылдан бері 2 мың сайт бұғатталып, онлайн-казино аккаунттары жұмысын тоқтатқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салалық министрліктерге заңсыз ойын түрлеріне деген шектеуді арттыруды тапсырды. Сонымен қатар арнайы органдардың осы проблеманы қолға алуын міндеттеп, лудоманияға қарсы күресте тәрбие мен түсіндіру жұмыстарының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әуестіктен арылу үшін көп күш-жігер қажет. Егер мақсат қоя білсеңіз және бұл проблеманың сіз үшін әкелетін қатері мен қасіретін ұғынатын болсаңыз, ауруды тез арада жеңіп шығуға болады. Құмар ойындарға кеткен қаражытыңызды рухани дамуға, ілім-білімге, пайдалы қызығушылықтарға пайдалансаңыз, дұрыс өмір сүру ережесін қалыптастырасыз.
Оңай жолмен ақша табамын, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп пайда көремін деген жасөспірімдерді ес жияр шағынан бастап еңбекке баулып, арам ақшаның арбауынан құтқару қоғамдық парыз. Адал еңбекпен тапқан нан әрқашан тәтті демекші, жастар артық әрекеттерден аулақ болса екен…
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!