Жастарға арналған бағдарламалар қаншалықты тиімді? Жастар саясатының іске асырылуы қай деңгейде? Осы және өзге де мәселелер облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның жария тыңдауында талқыланды. Жиында өңірде жастар саясатын іске асырудың жай-күйі мен келешек бағыты кеңінен қаралды.

Жарияға тыңдауға комиссия мүшелері Садық Мұстафа, Мақсұт Ыбрайханұлы, Балжан Шәменова, Жангелді Ысқақ, Нұридин Әмитов, Гүлшат Мұсаева, Аида Абибуллаева мен Мұхтар Ниязов, сондай-ақ облыстық басқарма басшылары, орынбасарлары мен БАҚ өкілдері қатысты. Комиссия төрағасы Балжан Шәменованың жетекшілігімен өткен тыңдауда жастармен жұмыс істеу бағытындағы бағдарламалардың орындалуы, қолдау шараларының нәтижесі мен шешімін күткен мәселелер ортаға салынды. Алғаш болып сөз алған Аида Әбибуллаева жастарға қатысты барлық статистикалық мәліметке тоқталып, ауқымды баяндама жасады. Келесі сөз кезегін алған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов өңірде жастар саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жастар саясатының әлеуметтік-экономикалық және рухани дамудағы маңызына ерекше мән беріп, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, сапалы білім алу, жұмыспен қамту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру секілді бағыттарда жүргізіліп жатқан шараларды атап өтті.

− NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бағытында дәстүрлі түрде «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы ұйымдастырылуда. Есепті кезеңде 75 рет өткізіліп, 326 мекемеден 4211 бос жұмыс орны ұсынылып, 526 жас тұрақты жұмысқа жолдама алды. 20 мыңға жуық жасқа кеңес берілді.

Жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жастар еңбек бригадалары» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудандарда құрылған еңбек бригадаларының саны 30-дан асып, құрамына 800-ден аса жас тіркелді. Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысына сәйкес жыл сайын «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасы жүзеге асырылуда. Жоба арқылы 1200 жас жұмыспен қамтылды. Еңбек жасағының құрамына әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан және NEET санатындағы жастарда тартылды, − деп сөз бастады басқарма басшысы.

Бүгінде облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан 6 үйірме мен клуб жұмыс жасайды. 3 спорттық үйірмеге, атап айтсақ, ұлттық және аралас жекпе-жекке, каратэ-до мен таэквандоға 7-19 жас аралығында 192 жасөспірім мен жас қатысады. Жыл басынан 628 жас қамтылған. Сонымен қатар «Спикер» дебат клубы, «Жас журналистер» және «Жайдарман » жастар клубы тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Ал құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жыл басынан бері полиция департаменті, облыстық білім, денсаулық сақтау, дін істері басқармаларымен бірлесіп, жоғары және орта арнаулы оқу орындарындарының студенттеріне түрлі форматтағы 300-ден аса шара ұйымдастырылып, барлығы 8 мың жас қамтылды. «Халық заңгері» республикалық акциясы аясында 1000-ға жуық облыс тұрғыны мен жастарға құқықтық кеңестер берілді. «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында қала тұрғындары көп шоғырланған жерлерде есірткінің зияны жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 500-ге жуық үнпарақтар таратылды. Еріктілердің көмегімен қаламызда есірткі құралдарының жарнамасы бар 60-тан астам граффити жойылды.

Жария тыңдалым барысында осы және өзге де тақырыптар қозғалып, облыстық денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, сондай-ақ полиция департаментінің өкілдері өз салалары бойынша жастармен жұмыс істеу бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Сол күні жастар орталығында ұйымдастырылған көрмені де көзбен көріп, қатысушылармен біршама әңгімелестік. Олардың бірі − Айғанай Ерболқызы. Ол бүгінде тоқыма бұйымдарын айналымға шығарып, қолөнер арқылы өз кәсібін дамытып жүр.

– Балаларға зияны жоқ, ішіне холлофайбер салынған жұмсақ ойыншықтар тоқимын. Бұл іспен айналысып жүргеніме жеті жылдай болды.

– Негізгі мамандығым медицина саласы бойынша медбике. Қазір декреттік демалыстамын, бос уақытымды осы ісіме арнаймын, – дейді ол.

Ал келесі қатысушы Толғанай қолөнерге ерекше ықыласпен қарайды. Ол үйге ілетін тұмарлар мен сувенирлер, әшекей бұйымдар, моншақтар жасайды. Сонымен қатар балаларға арналған шағын кітапшалар шығарып жүр.

– Міне, көрмеге осы қолөнер бұйымдарының барлығын алып келдім. Біздің балалар ұлт зиялыларын танып-білсін деген мақсатта небәрі 300-500 теңге аралығында осындай шағын кітапшалар жасаймын. Кітапты оқып қана қоймай, ішінде арнайы тапсырмаларды орындауға болады. Алғашында өз балаларыма арнап істей бастаған едім, кейін сұраныс болып, сатылымға шығардым. Барлығын үй жағдайында жасаймын, – дейді ол.

Толғанайдың айтуынша, әр туындыны жасауға кем дегенде 40 минут уақыт кетеді. Кейінгі екі айда бұл ісін жүйелі түрде қолға алған шебер, бастапқыда оны тек хобби ретінде көргенін айтады. Қазір оның еңбектерін балабақшаларда да ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған құрал ретінде пайдалануға болады.

Жастар ресурстық орталығында өткен жария тыңдау мен қолөнер көрмесінен көрген, түйгеніміз – міне, осы.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!