Фото: culture.ru

Таным мен талғам, өре мен сана биігіне ұмтылу – адамзатты адастырмас алтын бағдар. Осы жалынды жолда ізденісті арттырып, денсаулықтың қадірін білу кім-кімге болсын басты құндылыққа айналу шарт. 

Қазір жаһанда түрлі дерт, жағымсыз әдет белең алды. Күнделікті өмірде жаман ортаның ығында кетіп, жағымсыз әрекеттің соңында жүрген замандасты көп көреміз. Жол көрсетер жақынын елемеу, бағыт сілтер қоғамды тыңдамаудың салдарынан қаншама адам тағдыр тәлкегіне түсті. Жүздеген шаңырақ шайқалып, өмірі өксікпен өтуде. 

Осындай қағылы да қауіпті жолға сүйрейтін заман тажалы – есірткі. Жастар арасында есірткіге тәуелділік жыл санап артуда. Ғалам дертіне айналған есірткі мидың жұмысын тежеп, ерік бостандығын күл етеді. Жаман әдеттің құлына айналып, қалай төмен деңгейге түскенін аңдамайтын күйге әкеледі. Сондықтан жалынды жас бар ғұмырын мәнсіз өкінішке емес, жалынды болашақ пен ел мүддесі, отбасы құндылығы, тән саулығы жолына жұмсағаны жөн деп білемін. 

Қадірлі замандас, қазақ өркениеті үнемі саламатты өмір салтын негізге алған. Бүгінгі құндылық та осы. Дамыған елдің іргетасын қалау үшін жауапкершілікті өзімізден бастауымыз өзекті. Қоғамды ерік-жігері мықты, таным-түсінігі жоғары, ақыл-парасаты кең адам ғана биікке өрлететінін ұмытпасақ екен. Жан-жақты дамып, Тәуелсіз Қазақстанның байрағын әлемдік аренада желбірету жолында мақсат-мұрат қоя білейік. 

Есірткі секілді тажалдың жолын кесуге атсалысып, ғалам дертімен күресуге үлес қос. Ол үшін батыл әрекетпен қатар азаматтық ұстанымыз да маңызды. Бүгінгі үндеуге ой қосып, мақсат жолында екенініңді білдіру де – алғашқы қадам болмақ.

Нашақорлыққа жол жоқ! Жастар саламатты өмір салтын ұстануды қалайды!

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы

Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 

10 “А» сынып оқушысы Анель Бекболқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!