Қазақстаннан кеткен әр үшінші адам – жоғары білімді, әр төртіншісі – орта білімді. Өткен жылы 8 мыңға жуық ел азаматы жұмыс іздеу мақсатында шекара асқан. Олардың басым бөлігі – 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылы 8436 адам кеткен, яғни «жайлы өмір» іздегендердің саны 1426-ға артқан.

Ал 2015-2019 жылдар аралығында (әр жылы 10 айда) 200 мыңнан астам қазақстандық өзге елге аттанған. Оған интернеттің көмегімен шетелдегі өмір жайлы кез келген мәліметті алу мүмкіндігі бірінші себеп. Содан кейін жастар екі жақтағы өмір сүру деңгейі мен табыс көзін салыстыра отырып, шешім қабылдайды. Өкінішке қарай мұндай таңдау алдында Қазақстан Батыс өркениетіндегі елдермен бәсекелесе алмайтыны түсінікті…

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?»

Статистика да кереғар. Себебі кей жерлерде 2022 жылғы жағдай бойынша бір ғана Оңтүстік Кореяда еліміздің 9 600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеген деген дерек кездеседі. 2020 жылы Оңтүстік Корея аумағында заңсыз мигрант ретінде жүрген қазақстандықтардың саны 8 902 адам (2019 жылы – 10 707 адам, 2018 жылы – 11 413 адам) болды. Бірақ ресми сандар шынайы жағдайды көрсетпейді, себебі қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүр, оны отандастардың басын біріктіретін орталықтар растап отыр.

Заңсыз жүрген мигранттың жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден құқығын талап ете алмайды. Салдары айтпаса да түсінікті. Мәселен, 57 жастағы қазақстандық азамат Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып көз жұмғанда, оның денесін әкелу үшін туыстарының жылу жинап кеткені есте. Одан бөлек, сол елдегі өндіріс орындарында қолынан айырылған, басқа да жарақат алған отандастар бар. Бұған қоса Оңтүстік Кореяда қашып кеткен елдің екі азаматы жайлы жаңалықтарда шулады. Түркістандық азаматтың екеуі де қателігін мойындаған. Олар тергеу кезінде елде күнкөріс қиын екенін, отбасын асырау мақсатында Кореяға заңсыз өтпек болғанын айтқан. Отандастарымыздың бірі, яғни 2002 жылы туған Үмиджан Нарзуллаев жақында елге депортациямен келді. Ал, 3 күн бойы іздеуде болып, өз еркімен берілген Нұрсұлтан Ырыс­баев Оңтүстік Корея түр­месіне үш айға қамалды. Бұл елдің заңнамасы бойынша ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Алайда олар адвокаттардың көмегімен айыппұлмен құтылып, елге оралды. Айта кетейік, Қазақстан азаматтарының бұл әрекеті Оңтүстік Корея жұртшылығының наразылығын тудырып, осы оқиғадан кейін сол елде еңбек етіп жүрген 23 қазақстандық жұмыстан шығыпты.
Жақында «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев маңызды мәселені көтеріп, Оңтүстік Кореяда қазақстандықтардың заңды еңбек етуіне келіссөздер жүргізуді талап етті.
– Еңбек миграциясы қазір өте өзекті мәселеге айналды. Өзге елге жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың саны мыңдап саналады. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген. Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, қымбатшылықтың қамытын киіп, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартқан қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Оларды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір сол азаматтарымыз заңдық тұрғыда мүлдем қорғансыз», – деді Н.Сәрсенғалиев.

Employment Permit
System (EPS) қолданысқа қашан енеді?

Отандастардың айтуынша, құқығының қорғалмауының себебі екіжақты келісімшарт негізінде ұсынылатын Е-9 уақытша еңбек визасының берілмеуі. Мемлекет басшысы «Бірқатар елде қазақс­тан­дықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда ел азаматтары өзге елде тіркелу қиындықтары мен түрлі тұрмыстық мәселеге тап болады» деп Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ. Корея Респуб­ли­касымен 16 ел (Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос) Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі» – ЕРЖ) шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Бірақ аталған жүйеде Қазақстан жоқ.
– ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 Қаулысының 2-тарауына сәйкес, Еңбек министрлігінің міндеттеріне жұмыспен қамту, өз құзыреті шегінде халықтың көші-қон және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, салааралық үйлестіруді және мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру жүктелген. Үкімет жүргізген дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде биыл наурызда Корея Республикасы үкіметі Қазақстанның көптеген сұрауын ескере отырып, «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (одан әрі – EPS) Қазақстан Республикасын енгізу мәселесін қайтадан қарастырып, тиісті келіссөздерді жүргізуге дайын екенін білдірді», – деді Н.Аралбайұлы.
Депутаттың айтуынша, Корея тарапынан келіп түскен хатта Қазақстанды ЕРS-ге енгізуге қатысты қойылатын шарттар көрсетілген. Атап айтқанда, жұмысқа жіберу үшін тиісті инфрақұрылым мен нақты маманданған жіберуші органның болуы міндетті. Корея тарапы қажет болған жағдайда тиісті мамандарын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген. Бүгінге дейін екі ел арасында 7-раундтық келіссөз жүрген, бірақ әлі нәтиже жоқ. Тіпті аталған мәселелерді реттеу үшін арнайы миграция комитеті де құрылып еді. Бірақ нәтижелі жұмыс көрінбеді. Ал шетелде заңсыз еңбек мигранты ретінде көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы жүр. Осыған орай депутат бірқатар ұсыныс жасады. Олар – Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын пысықтау, екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты болып жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңды тетік табу.

«Қарны аш адам патриот болмайды»

Бұл сұрақтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев былай жауап берді. Айтуынша, жақын арада қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады. Оңтүстік Кореяға бару алгоритмі талқыланған арнайы сауалнама толтырылды. Онда азаматтарды Кореяға сапарға дайындайтын арнайы оқу орындары бөлінбек.
«Бастысы, кем дегенде сөйлесе алуы үшін корей тілін қарапайым деңгейде білу керек. Екіншіден, оларда медициналық тексеріс үлкен маңызға ие. Бұл елде медициналық анықтама болу керек деген талап бар. Үшіншіден, жұмыс істеуге аттанбақшы адаммен нақты келісім болады. Жұмысшы еңбек шартына қол қояды. Оның құқығы қалай болады, осы азаматты жіберетін жұмыспен қамту орталығының міндеттері қандай болмақ, соның бәрі талқыланады», – деді Асқарбек Ертаев.
Мемлекеттік мекеме Түркия, БАӘ және Ұлыбританиямен де келісімге қол қойған. Онда жұмыс істеуге келген қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын сақтау бойынша Германия, Израиль және Катарда да сақталады.
P.S. Жыл басынан бері 194 мың қазақстандық елден кетті. Оның ішінде 162 мыңға жуық адам Ресейге, 13 мыңы Польшаға, 6 мыңы Оңтүстік Кореяға, 5 мыңы Ұлыбританияға жұмыс істеуге бел буған. Егін жинап, фермаларда қызмет ету үшін барған қазақстандықтың қатары жыл санап артуы, жастардың ағыны жалғаса беруі мүмкін деген болжам жоқ емес. Өзге елде айына 600 мың мен миллион теңге аралығында табыс табуға болатынын естіген кім-кімнің де оған аңсары ауады. Оған жақында Ұлыбританияда қырыққабат терумен айналысатын қазақ жігітінің «Ауылда психолог болып, тиын санағанша, Англияда қырыққабат теріп, 800 мың теңге қолға алғаным жақсы» деген сөзі дәлел.
Бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған дәуірде кімнің қайда кеткісі келсе де өз еркі. Бірақ жастарды ұстап қалуды ойлайтын болсақ, ең әуелі әлеуметтік әділдікті бірінші орынға қою керек сияқты. Мәжіліс депутаты, танымал экономист Дәулет Мұқаев айтпақшы, «Қарны аш адам патриот болмайды»…


Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!