Жақында HeadHunter Қазақстан компаниясы еңбек тәжірибесі жоқ жастар үшін жоғары жалақысы бар бос жұмыс орындарын анықтады. Жастарға жұмыс ұсынуға дайын кең тараған сала сату бөліміне қатысты.

Көбіне сату жөніндегі менеджерлер мен риэлторлар кездеседі екен. Бұл қызметтерде әрбір сатылымнан бонус төлеу ұсынылады, сондықтан жалақы сомасында елеулі айырмашылық бар, яғни 70 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін. Сонымен қатар туризм, қонақүй, мейрамхана саласында да ұсыныс баршылық. Бұл ретте даяшы, бармен, аспазшы, хостес пен турагенттер кеңінен тараған. Осы салада жалақы 60 мыңнан 300 мың теңгеге дейін барады.

 «Әкімшілік персонал» саласы бос жұмыс орындар бойынша үшінші орында. Осы бағытта кеңсені басқарушылар, ресепшионистер, хатшылар мен жеке ассистенттерге қатысты ұсыныс бар. Олардың жалақылары 70-тен 250 мыңтеңгеге дейінгі деңгейде. Бос орындар саны бойынша төртінші орында ақпараттық технологиялар, интернет, мультимедиа саласы тұр. Қызметін енді бастаған маман 450 мың теңгеге дейін жалақы алуы мүмкін. Осы орайда бағдарламашы мамандар, жүйе әкімшісі мен Helpdesk мамандар ерекше сұранысқа ие. Осы зерттеудегі бестікке маркетинг, жарнама, PR бағыты кіріп отыр. Жас мамандар үшін SMM-менеджер, еvent-менеджер мен дизайнер сияқты бос орындар бар. Ал бұл саладағы жалақы 80-нен 500 мың теңгеге дейін ұсыныл­ған.

Бұдан бөлек, өткен айда Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау ми­нистр­лігі көмекке мұқтаж жастарды анықтау бойынша жаңа жүйе енгізіп жатыр­ғанын хабар­лады.

– Көп жағдай­да жастар жұмыспен қамту орта­лықта­рына келмейді, оқыту бойынша сұрақтармен қызмет алуға жүгінбейді. Сондықтан біз әлеуметтік портрет бойынша көмекке мұқтаж, бірақ жұмысқа орналаспаған, оқымайтын, орталықтарға келмейтін адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін «ерте анықтау жүйесі» ақпараттық жүйесін енгіземіз. Бұл тұлғаларға проактивті форматты қолданатын боламыз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту орталықтары өтініш беру сипатындағы қызметтерді көрсетуге бағдарланған еді. Жастар өздері келіп тіркелсе, осы жылдан бастап өзара іс-қимылдың жаңа форматын енгізу жоспарланып отыр. «Біз жұмыссыз жастарды өзіміз анықтап, оларға смс-хабарламалар жібереміз және онлайн-режимде оқудан өту, қысқа мерзімді курстардан өту немесе қоғамдық жұмысқа тарту сияқты түрлі қызмет түрлерін ұсынамыз, яғни бізге келмейтін тұлғаларға ақпарат жеткізуіміз керек», – деді Е. Біржанов.

Бұған дейін вице-министр жас қызметкерлердің үш айлық сынақ мерзімін алып тастауды ұсынған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!