Жұмыс істеу – күнкөріс көзі ғана емес, жеке тұлғаның қалыптасып, қоғамда орнын табуына негіз болатын фактор. Әрбір жас үшін еңбек нарығында алғашқы қадам жасау һәм кәсіби жолын бастау – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді.

Осы орайда 9 тамыз күні Батырхан Шөкенов атындағы саябақта «Еңбек бәрін де жеңбек» тақырыбында жастарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасы өтті. Шараның басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу, бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынып, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша кеңес беру және кәсіпкерлікке ынталандыру. Бұл жиын Халықаралық жастар күнінің онкүндігі аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов қатысып, жастарды мерекелерімен құттықтап, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі. Бұл алаң Қызылорда жастары үшін жаңа мүмкіндіктердің бастамасы болды.

Жұмыс іздеуші жастарға жергілікті 36 мекемеден 222 бос жұмыс орны ұсынылды. Мекемелер ұсынған вакансиялардың көш басында «Мастер КПРС» маманы тұр. Оған тиесілі жалақы мөлшері 303 891 теңгені құрайды. Дәл осы маманға басқа мекеме 200 000 теңге төлейтінін көрсеткен. 222 бос жұмыс орнының жартысында нақты айлық көрсеткіші белгіленбеген.

Жәрмеңке барысында «Бал бала орда» жеке балабақшасының әдіскері Жұлдызай Тұрсынбайқызымен тілдестік. Нарықта 7 жылдан астам жұмыс жасап келе жатқан балабақшаға тәрбиеші мен логопед маман қажет.

– Балалармен жұмыс істеу бағыты болған соң әр маманға арнайы талаптар бар. Жалақы көлемі білім деңгейі мен еңбек өтіліміне сәйкес есептеледі. Логопед маманы аптасына 5 күн, таңғы сағат 8:00-ден бастап 12:00-ге дейін жұмыс істеуі қажет. Балабақшаға түрлі диагнозбен балалар келеді. Сол үшін мамандардың біліктілігі маңызды. Мемлекеттік мекемеге қандай талап қойылса, жеке балабақшаларға да талап қатал, – дейді мекеме маманы.

Оның айтуынша, логопед және тәрбиешінің жұмыс орнына 5 адам қызығушылық танытқан. Бұл − түске дейінгі көрсеткіш. Ал жәрмеңкеден кейін балабақшаға маман табылды ма? Осы сұраққа жауап іздеу үшін Жұлдызай Тұрсынбайқызымен тағы байланысқа шықтық.

– Жәрмеңке жақсы ұйымдастырылды. Бірақ бізге қажет маманды таба алмадық. Менің ойымша, іс-шараға мекемелер келіп, бірақ жұмыс іздеуші мамандар толық қамтылмаған. Егер жас мамандар мен колледж, университет түлектері шақырылса, әр мекеме өзіне қажетті мамандармен байланыса алар еді. Бізге диплом немесе нақты осы сала бойынша білімі жоқ, бірақ бала күтуші ретінде еңбек өтілімі бар жұмыс іздеушілер келді. Алайда біз мұндай мамандарды жұмысқа орналастыра алмаймыз, – деп жауап берді ол.

«Қоғамдағы басты мәселе жұмыссыздық» деп дабыл қаққалы қанша жыл өтті. Ал негізгі мәселе сұраныс пен ұсыныстың кездеспеуінде секілді. Байқағанымыздай, мекемелерде бос жұмыс орындары көп. Десе де жұмыс жоқ дейтін жастар да бар. Сонда бұл жай сылтау болғаны ма? Жастардың расымен еңбек етуге құлқы жоқ па? Бұл жөнінде қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Мейрамбек Есжановтан сұрадық.

– Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылады. Бұл – жұмыс берушілер мен іздеушілерді бір алаңға тоғыстыратын мүмкіндіктер мекені. Қазір мекемелердің барлығы қамтылуда. «AMANAT» партиясы да жастармен үздіксіз байланыс орнатып, іс-шаралар мен жиындар өткізіп жатыр.

Жастардың барлығында жұмыс істеуге талпыныс жоқ деп айтуға болмайды. Бұған негіз де жоқ деп ойлаймын. Бірі берілген жұмысты істеуден бас тартып, уақытыма сәйкес келмейді десе, бірі бар ынтасымен кіріседі. Қай жерге болсын, жақсы маман қажет. Шындығына келгенде еңбек етуді қалайтын жастарға жұмыс көп. Қазір көбі «лауазымды жұмысқа орналассам» дейді. Ол, әрине, бірден жүзеге аспайтыны анық, – дейді Мейрамбек Есжанов.

Жәрмеңкені қорытындыласақ, мекемелердің қызметін 136 жұмыссыз пайдаланып, 48-і жолдама алды. Ұсынылған вакансиялардың басым бөлігі – жүргізушілер мен жұмысшы мамандары. Сонымен қатар «Мүмкіндіктер алаңында» мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер көрмесі де өтті. Көрмеде ерекше қажеттіліктері бар жастар өздерінің қолөнер бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Шара барысында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды насихатталып, сонымен қатар спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

Ә.Жанәбілқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!