Жыл соңы жақындады. Қызылордалық жастар жайында бір-екі толғам жасауды жөн көрдік. Өйткені бұл тақырып қоғам талқысынан түспейтін маңызды мәселе емес пе? Ал әуелі жұмыстың жайы толғандыратыны анық.

Статистика көрсеткендей, қала халқы 362 мың адамнан асады. Соның ішінде 14 пен 34 жас арасындағы 103 мың 102 жас бар. Айта кетерлігі, олардың 12 499-ы – ауыл жастары.

Қызылорда қаласында NEET санатындағы жастар үлесін төмендету бағытында атқарылып жатқан шаралар оң нәтижесін көрсетуде. Жыл басында 2 331 жас жұмыссыз санатқа жатқызылса, отбасылық цифрлық картаның соңғы дерегі бұл көрсеткіштің 1 217-ге түскенін көрсетті.

Жақында қала әкімі жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті. Осы жиын барысында қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек NEET санатындағы жастарды қоғамдық өмірге тарту бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу күшейгенін мәлімдеді.

− Жастар орталығы, кент және ауылдық округтер әкімі аппаратының мамандарымен бірге 462 жасқа адрестік жұмыстар жүргізіліп, статусы анықталды. Жұмыссыз жастар үшін «Мансап» орталығымен бірге 8 рет «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, 4 рет «Көшпелі кеңес» өтті. Осы бағыттағы жұмыстар ай сайын тұрақты ұйымдастырылуда.

NEET санатындағы және маргинал жастармен жұмыс істеу бойынша жол картасының орындалуы туралы баяндасам, қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша осы санатқа 10 283 азамат жатады. Оның 1549-ы қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерге тиесілі болса, 261 азамат басқа қала мен аудандарда тіркелген. Жергілікті жұмыс жоспарына сәйкес жұмыспен қамту, қайта оқыту курстарынан өткізу, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету және тағы да басқа шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.

Жастардың бірінші кезекте әлеуметтік картасын әзірлеу, қажеттіліктерін анықтау мақсатында жастар орталығының мамандары 30 мөлтек ауданнан 4030 азаматқа адрестік жұмыс жүргізді. Ішінара мекен-жайда тұрмайтын, студент, ерекше азаматтар кездесуде, − деді Медет Жорабек.

Сонымен қатар спикердің айтуынша, әскер жасындағы жастарды қолдау және олардың мәртебесін нақтылау бағытындағы жұмыстар да жіті бақылауда. Тізімдегі 718 жас бойынша толық ақпарат жиналып, олардың ішінде 8 жас жігіттің қазіргі уақытта әскери қызметін өтеп жатқаны анықталған. Ал әскери борышын әлі өтемеген жастарға әскерге барудың маңызы, патриоттық парыз бен жауапкершілік туралы түсіндіру шаралары жүргізілуде. Сонымен бірге әскерден кейінгі мүмкіндіктер, яғни оқу гранттарына қол жеткізу, жұмысқа орналасудағы жеңілдіктер сияқты артықшылықтар туралы ақпарат арнайы түсіндірілуде.

Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз, созылмалы аурулары бар, алкоголь және есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін немесе жарақаттан кейін оңалтудан өтіп жүрген жастарды анықтау мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының есебіндегі 545 азаматтың тізімі зерделенді. Соның нәтижесінде NEET санатына жататын 25 жас анықталды. Бұл бағыттағы талдау жұмыстары жастардың денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған топтарын дер кезінде қолдауға мүмкіндік береді.

Жұмысқа жарамды мүгедектігі бар жастарды қолдау да назардан тыс қалмаған. Осы санаттағы 2 877 жас бойынша арнайы тізім жасалып, олардың ішінен ниет білдірген жастар «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шақырылған.

Айта кетейік, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамытуға осы жылға 19 миллион 381 мың теңге қаржы қаралған.

Жастармен жұмыс жайында Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду де сөз сөйледі. 2025 жылға сәйкес кент аумағында барлығы 986 жас тіркелген. Жастардың жұмыспен қамтылуы бойынша көрсеткішіне келер болсақ, 793 жас жұмыс істейді, оның ішінде 29-ы – өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар. Сонымен қатар кентте 10 мүгедек жас бар, олардың 3-еуі еңбекке жарамсыз деп танылған. Жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында нақты шаралар да жүзеге асуда. Қазіргі таңда кенттің жұмыссыз жастары арасынан «Мансап» орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 3 жас маман қатысып, тәжірибеден өтуде.

− Белкөл кентінде NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары, білім алуға жағдай жасау және жұмыспен қамту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда кент бойынша NEET санатындағы жастар саны − 39 адам. Оның ішінде: 6 жас оқу орнына түсіп, NEET санатынан шығарылды, 3 жас тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бірқатар жас маусымдық жұмыспен қамтылды, ал 1 жас ана ерекше бала күтімінде.

Атқарылып жатқан шаралар NEET санатындағы жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және өздігінен жұмыспен қамтылуына оң ықпал етуде, − деп атап өтті кент әкімі.

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның нәтижесі Белкөл кетінде де айқын сезілуде. Биыл жұмыспен қамтудың шараларына 6 жас қатысып, өз болашағын қалыптастыруға нақты қадам жасаған. Жергілікті жастар үшін үлкен мүмкіндікке айналған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 4 жас мемлекеттік жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін ашты. Аяулым Алдашова жүк көлік тасымалы қызметін жолға қойып, сұранысы жоғары бағытты таңдаса, Нұрлызада Айдарбекқызы тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы жартылай фабрикаттар өндіруді қолға алған. Назгүл Бауыржанқызы өз кәсібін тағам өндірісінде дамытып, шұжық өнімдерін шығара бастады. Ал Әміржан Жұмағұлда жартылай фабрикаттар өндірісі арқылы ауыл нарығына жаңа өнім ұсынуда. Бұдан бөлек, мүмкіндікті тиімді пайдаланып, даму жолына қадам басқан жас аналар да бар. 400 АӘК мөлшеріндегі грантқа өтініш білдіріп, «Бизнес бастау» курсын ойдағыдай аяқтаған екі жас ана өз кәсіптерін бастап үлгерген.

− Жастарымыздың өміріне қатысты ең маңызды мәселе − олардың бос уақытты дұрыс пайдалана білуі. Осыған байланысты салауатты өмір салтына тәрбиелеу, әрине, тұлға қалыптастырудың басты қағидалық принциптерінің бірі. Жастардың бос уақыты өнер үйренуге, шығармашылық мазмұндағы ізденіске, дене тәрбиесін жетілдіруге бағытталса, ол денсаулықты сақтауға ғана емес сонымен бірге рухани баюға да мұрындық болады.

Осы мәселе төңірегінде бұқаралық спортпен қамту мәселесі де жолға қойылған. Бұл бағытта кентте 3 спорттық жаттығу және Бірқазан елді мекенінде 1 футбол алаңы бар. «Белкөл» спорт кешенінде кентіміздің 300-ге жуық жастары спорттың 7 түрімен (футбол, каратэ, бокс, джи-джитсу, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі) машықтанып, түрлі халықаралық дәрежедегі жарыстардың биік тұғырынан көрініп келеді және де Белкөл кенті жастары арасынан құрылған футбол командасы облыс көлеміндегі турнирлердің жеңімпазы атануда, − дейді Б. Сәду.

Айта кетейік, Белкөл кенті клубының жанынан жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 7 үйірме жұмыс жасап, 103 көркем өнерпазбен қамтылған.

Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында қаралған тағы бір өзекті мәселе – нашақорлық пен есірткі бизнесі. 10 ай көлеміндегі дерекке сәйкес, есірткі қылмысымен 140 құқық бұзушылық анықталған. Сөйлеген сандарды зерделесек, есірткі өсіру бойынша 17 дерек 20-ға көбейген. Бұл дегеніміз 17,6% айырмашылық. Ал есірткі өткізу бойынша 20 дерек, жарнамалау ісіне сәйкес 3 дерек анықталған. Есірткі тұтынуға көндіру, аса ірі мөлшерде сақтау, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес есірткіге масаң күйде автокөлік басқару бойынша бір-бір дерек тіркелген.

− Заңсыз айналымнан 202 килограмм 622 грамм есірткі, оның ішінде 147 килограмм 445 грамм сора өсімдігі, 53 килограмм 933 грамм марихуана, 432 грамм гашиш, 806 грамм синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Үй жағдайында сора өсімдігін өсірген 3 фито-зертхана анықталды, − деді Қызылорда ҚПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Асылхан Абилакбаров.

Мобильді бекеттерде қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен есірткіге қатысты теріс қылықтардың 20 дерегі, есірткіні заңсыз жарнамалау деректеріне қатысты қылмыстық істер шеңберінде екінші деңгейлі банктермен 1100 есеп шот бойынша жалпы сомасы 90 миллион теңге бұғаттауға қойылып, қолма-қол ақшаны бақылау шотына сақтау жүргізуге тергеу сотымен 12 миллион теңге алу жүргізілген. Ал «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 1500 сайт енгізіліп, бұғатталған. Асылхан Абилакбаровтың айтуынша, есірткі жарнамасы бар 100 граффити-жазулары жойылған.

Жыл аяқталып келеді. Демек, келесі жылға қандай қорытындымен қадам басамыз деген сұрақ әрқайсымызды ойландыруы қажет. Басты үміт – бүгін жасалған қадам ертең қанат жайып, еңбекке, білімге, бәсекеге қабілетті жас буынның қалыптасуына жол ашса игі. Қалғаны уақыт еншісінде.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!