Облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен облыстық жастар ресурстық орталығында «Заң мен қоғам» тақырыбында мазмұнды пікірсайыс өткен болатын. Жиынның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтық белсенділігін күшейту. Қазіргі қоғам үшін заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, жауапкершілік мәдениеті – айрықша маңызға ие мәселелердің қатарында. Осы өзекті бағыттарды арқау еткен пікірсайыс алаңы ашық ой алмасуға, салмақты талқылауға жол ашты. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Тоғжан Амануллаева айтып берді.
– Пікірсайыс барысында қатысушылар құқықтық мемлекеттің қағидаттары, азаматтық жауапкершілік, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыптарын жан-жақты қозғады. Әр спикер өз көзқарасын нақты деректермен негіздеп, заманауи мысалдар арқылы ойларын өрбітті. Еркін пікір алмасу алаңында жастар сыни ойлау қабілетін танытып қана қоймай, қарсы пікірге құрметпен қараудың жоғары мәдениетін көрсетті. Жиында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың қоғам тұрақтылығы үшін шешуші мәнге ие екені ерекше атап өтілді. Заңды білу және оны құрметтеу – тек мамандарға емес, әрбір азаматқа ортақ міндет екені айтылды. Бұл- құқықтық санасы жоғары, жауапкершілігі берік қоғам қалыптастырудың басты алғышарты. Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы кездесулер жастардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтып, қоғамдық үдерістерге бейжай қарамауына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, әділеттілік қағидаттарын кеңінен насихаттау және жауапкершілік мәдениетін күшейту – ортақ міндет екені жеткізілді. Пікірсайыс қорытындысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта да осындай мазмұнды диалог алаңдарын тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныстарын білдірді,- деді Тоғжан Есенкелдіқызы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!