Ойын жасау бірімізге тек бағдарламалау болса, енді біреуге ол өнер мен технологияның тоғысқан тұсы іспеттес. Себебі тұтынушыға дайын түрде жететін бір ойынның артында ондаған маманның еңбегі, сценарий мен көзтартарлық графика жатыр. Яғни, Gamedev-ті шығармашылық пен техникалық білімді ұштастыра білетіндердің алаңы деп атасақ, қателеспейміз. Ал қазақ ойын индустриясы туралы не білеміз?Иә, бұл сала елде енді ғана қарқын алып келеді. Дегенмен өз ойындарын жасап, ісіне құлшына кіріскен қызылордалық жастар бар. Солардың бірі – Нұрдәулет Дүзенов пен Бек Қази. Жас әзірлеушілермен сұхбаттасудың реті түсіп, ойда жүрген бірнеше сауалға жауап алдық. Алдымен қос жастың қолынан шыққан туындымен таныссақ.
Білім беру технологиялары қарқынды дамып жатқанда виртуалды оқыту құралдарының да маңызы артып келеді. Осындай жаңашыл жобалардың бірі – «AetherShift». Бұл – Нұрдәулет Дүзеновтің қолынан шыққан 3D-оқыту симуляторы. Жоба Unreal Engine негізінде жасалған және виртуалды шындық технологиясын қолдайтын инновациялық платформа.Ол пайдаланушыларды ғылыми эксперименттер әлеміне жетелейді.Нақтыласақ, пайдаланушылар физикалық және химиялық процестерді шынайы уақыт режимінде зерттей алады, жасанды интеллект пайдаланушылардың сұрақтарына жауап беріп, оқу материалдарын түсіндіреді, оқыту кезінде толықтай VR қолданылады және дыбыстық басқару қосылған.
Мұнан бөлек, қазақтың дәстүрлі бәйгесі де енді мобильді ойын форматында. Бек Қази жасаған Baige ойыны ат жарысының қызығы мен тактикасын сезінуге мүмкіндік береді. Пиксель стиліндегі бұл ойын ойыншыларға өз аттарын баптап, жарыстарға қатысып, жеңіске жету жолында шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Мұнда жылқының жылдамдығы мен төзімділігін жақсартып, қашықтық пен күрделілікті таңдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ойынның ішінде экономикалық жүйе енгізілген. Алтын жинап, аттың күшін екі есе арттыруға болады. Ұлттық спортты насихаттаудың осындай жаңа форматы жастарды қызықтырары анық.
– Неге Gamedev? Ал ойын әзірлеуге не шабыт берді?
Бек Қази: – Жаңа дүниені, жаңа бағытты байқап көру, өзімді сынау әрқашан қызық болатын. Сондай қызығушылық мені GameDev-ке алып келді. Әрине, әуелде Android қосымшаларын жасағым келді. Бірақ ойын жасау әлдеқайда күрделі әрі қызықты екенін түсіндім. Студент кезімде қалада IT Park жаңадан ашылып жатты. Компьютердің мүмкіндіктерін көріп, «Осы құрылғымен не істеуге болады?» деген сұрақ қойдым. Сол кезде ойын жасау идеясы пайда болды. Міне, ойын жасауға шабыт осылай келді.
Нұрдәулет Дүзенов: – Бұл сала өз мүмкіндіктерімен және икемділігімен қызықтырады. Мұнда өзіңнің қиялыңды жүзеге асыруға болады. Ал шабытқа келсек, мұнда барлығы қарапайым. Жұмыс процесінің өзі маған ұнайды.
– Қызылордалық әзірлеушілер қандай қиындыққа тап болады? Жалпы аймақтағы даму деңгейі туралы не айта аласыз?
Нұрдәулет Дүзенов: – Әрине, бізде GameDev-ті үйрететін курстар бар. Бірақ қазір бұл сала әлі қалыптасу кезеңінде. Яғни алғашқы қадамдар жасалды, бірақ алдағы уақытта одан әрі дамиды деп ойлаймын. Мысалы, жасанды интеллекті бар VR-лаборатория сияқты мықты жобалар болды. Алайда ол жоба әрі қарай дамыған жоқ. Ал қиындықтарға келер болсақ, өз басым айтарлықтай қиындыққа тап болмадым. Дегенмен команда жинау мәселесі қиындық тудыруы мүмкін деп ойлаймын.
Бек Қази: – Қызылордада ойын жасауда өзін үздік санайтындар жоқ. Бірақ сала дамып келеді. Жыл сайын GameDev-ке қызығатын жастар көбейіп жатыр. Жалпы, IT саласында жақсы жобалар бар. Ал GameDev енді ғана өз аудиториясын жинап келеді. Инди-әзірлеушілер әдетте ешқандай қолдау мен инвестициясыз жұмыс істейді. Сондықтан ең алдымен осыған дайын болу керек. Бастысы – интернет, жарық, су, тамақ бар, демек, ойынды жасауға ешқандай кедергі жоқ.
– Өңірде білікті мамандар жеткілікті ме?
Бек Қази: – Олай айту қиын. Өзін «маман» санайтындар көп, бірақ олардың ішінде шын мәнінде жұмыс істей алатындары аз.
Нұрдәулет Дүзенов: – Менің ойымша, білікті маман көп. Дегенмен алдағы уақытта әзірлеушілердің санын арттыру керек.
– Ойын жобаларына қаржыландыруды табу қаншалықты қиын? Мемлекет немесе бизнес бұл саланы дамытуға қалай көмектесе алады?
Бек Қази: – Егер Қызылорда туралы айтатын болсақ, бұл өте қиын. Өйткені инвесторлар консервативті, бірақ бәрі емес. Көп адам инвестиция салғысы келеді. Мәселе оны қалай жүзеге асыруда. Ал мемлекет немесе бизнес өкілдері инвестиция, тегін баспагерлік қызмет, маркетингтік қолдау және басқа да құралдар арқылы көмектессе болады.
Нұрдәулет Дүзенов: – Жобаңды ұсынып, қаржыландыру ұтып алуға болатын конкурстар бар. Дегенмен GameDev-ке бағытталған байқаулардың саны көбейсе екен деймін. Жоғарыда айтқанымдай, түрлі тақырыптар бойынша GameDev-ке арналған жарыстарды жиі өткізу керек.
– Бұл салаға енді аяқ басқандарға айтарларыңыз болса…
Бек Қази: – Егер GameDev-ті бастағыңыз келсе, іске сәт! YouTube-та жақсы оқу арналары бар. Жеке мұғалім керек болса, арнайы мектептер бар. Қызылордада болсаңыз, IT Park-қа баруға болады. Ойын жасау үшін компания ашудың немесе құжат жинаудың қажеті жоқ. Бірден күрделі жұмыстан бастаңыз. Оңай дүниені өздігінен үйреніп кетесіз.
Нұрдәулет Дүзенов: – Меніңше, шеберлік сағаттар арқылы жастардың қызығушылығын арттыруға болады. Мұндай сабақтар жас мамандарға таптырмас көмек. Жұмыс барысын көріп, өзіне қаншалықты қызықты екенін бағалай алады. Ал өз ойыныңды жасауды бастамас бұрын, ең алдымен команда жинап, толыққанды жоспар құру қажет. Ойынның тақырыбын таңдап, сценарий жазып, 3D немесе 2D стилін анықтап алған жөн. Сондай-ақ модель жасауға немесе сурет салуға арналған бағдарламаны таңдап, ойын қозғалтқышын анықтау керек. Команда ішінде міндеттерді бөліп, нақты дедлайн белгілеу маңызды. Иә, бұл белгілі бір деңгейде стресс тудыруы мүмкін, бірақ дедлайн – жұмысты кейінге қалдырмауға, тапсырма көлемін нақты есептеуге және өз мүмкіндіктеріңді бағалауға үйрететін негізгі факторлардың бірі. Егер жоба ауқымды болса, алдымен прототипін жасап, кейін қаржыландыруға өтініш беруге болады.
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!