Елімізде екі қолға бір күрек таппай сенделгендердің санын азайту басты мәселеге айналған. Деректер оң нәтиже көрсеткенмен қоғамда жұмыссыз сандалғандардың саны азаймай тұр. Десек те жұмыссыздықты азайту үшін  арнайы бағдарламалар қабылданып, әлеуметтік салаға қыруар қаржы бөлінуде. Жер-жерлерде жұмысшыларды қайта даярлау шаралары қолға алынды.

Әрине, атқарылып жатқан істің нәтижесін жоққа шығара алмайсыз. Мемлекеттік бағдарламалардың күшімен қыруар кәсіпорын құрылып, жұмыс орындарының саны артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың дерегінше, жұмыссыздықтың жай-күйі бірте-бірте оңалып келе жатқандай. Министр үкімет отырысында өткен жылмен салыстырғанда еңбек нарығы біртіндеп қалпына келіп жатқанын атап өтті. Еңбек нарығының негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсеткен.

«Пандемия басталғаннан бері жұмыс берушінің бастамасымен уақытша жұмыспен қамтылғандар саны 12,3 есеге кеміді. Ең бастысы, жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде сақталды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, 3,7% құрады», – деді Шәпкенов үкімет отырысында.

Ал ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл екінші тоқсанда жұмыс күші 9,3 миллион адамды құраған, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артты. Жұмыспен қамтылғандар қатарында қызмет көрсету саласының үлесі басым.

Бюроның биылғы дерегіне сәйкес, 1,2 миллион адамды жұмыспен қамту жоспарланған: 700 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, 42 мың адам «Жұмыспен қамтудың» жол картасы аясында, ал 440 мың адам үшін жаңа жұмыс орындарын құру көзделген. Аталған үш бағыт бойынша 1 миллионға жуық адам қолдауға ие болып, нәпақасын табуға кірісіпті.

Жалпы жұмыссыздықпен бос сенделгендердің дені – жастар. Мамандардың уәжіне құлақ асар болсақ, мектепті аяқтап, үлкен өмірге аяқ басқандардың барлығы да гуманитарлық салаға назар аударады. Нарықтың заңына бағынғысы келмеген ата-аналар да баласының болашақта заңгер, экономист, иә болмаса кеденші болғанын қалайды. Әркімнің өз баласының жақсы жерде, жақсы қызметте жүргенін қалағанымен, қоғамымыздың барлық түлекті бір салаға тоғыстыра алмасы анық.

Дипломына келер қызмет таппаған, заң мен экономиканы игерген жастар жұмыссыз жүрген «әріптестерінің» қатарына қосылуда. Мұндай келеңсіздік Сыр өңірінде де барын жоққа шығара алмаймыз. Жалған намысты жалпағынан жиып тастағандары мемлекеттің қолдауымен қайта даярлықтан өтіп, қоғамға қажетті іспен айналысуға кіріскен. Әттеген-айы, ондайлардың қатары қалың емес көрінеді. Қоғамға қажетті жұмыс орындарын білу үшін сауалнамалардың рөлі зор екен. Мұны «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік растады.

− Өңір жастары арасындағы басты мәселе − жұмыссыздық. Қажеттілікті анықтау мақсатында қайта даярлау курстарына арналған қала және ауыл жастары арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Жастар арасындағы сұранысқа «Мобилография», «Кондитер ісі» және «Ерлер шаштараз ісі» курстары ие болды. Нәтижесінде аталған курстар аясында базалық оқыту жүргізіліп, жұмыссыз жастар қайта даярлаудан өту мүмкіндігін алды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және жастарды жаңа жұмыс орындарымен байланыстыру мақсатында «Jumys.bar» жобасы жүзеге асырылуда. Инстаграм желісінде @jumys.bar парақшасы ашылып, жаңа жұмыс орындары жарияланып отырады. Жастар парақшаны оқу арқылы өздері іздеген жұмыс та тауып, жұмыс берушімен байланысады, – дейді Сабыржан Кеңшілік.

Расында, масылдық қоғамда жұмыссыздық мәселесі күрмеулі күйде шешімін таппай қалуы бек мүмкін. Еліміздің әлеуметтік даму саласы мамандарының уәжіне құлақ асар болсақ, кадр тапшылығы алдағы он жылдықта ерекше сезілуі мүмкін. Әсіресе, инженер, ІТ-технологтар, нано және биотехнология, эколог, дәрігер тапшылығы орын алады. Олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыссыздарды ынталандыру қажет те шығар?!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!