Сыр өңірінде жастар саясатының жүзеге асырылуында аймаққа қарасты әр аудан, әр ауылдың белсенді, тұлға ретінде қалыптасқан жастарының өзіндік үлесі бар. Бір ауыл – тұтас бір мемлекеттің айнасы.
Осы орайда Қазалы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұрбек Ақпанбетовпен маңызды мәселелер, аудандағы жастар саясатының жүзеге асырылуы жайында сұқбаттасқан едік.
– Бос уақытта пайдалы дүниемен айналысу – қоғамға ортақ мәселе. Аудан жастары бос уақытын қалай өткізеді?
– Ауданда 23907 жас бар. Ол аудан халқының 29,9 %-ін құрап отыр. Соның ішінде 22 822-сі ауыл жастары болса, 1085-і Қазалы қаласында тұрады. Біз ұйымдастырған шаралар – жастардың әл-ауқатын көтеру мен шығармашылығын шыңдауға, патриоттыққа баулуға бағытталған. Айта кетейін, жыл басынан бері 30 мәдени шара, 17 спорттық сайыс, 6 кеңес беру акциясы, жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша 30-дан астам рейдтік шара ұйымдастырылып, «жастарға кеңес» акциясы аясында 800 жасқа кеңес берілді. Сонымен қатар «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі ұйымдастырылды. Маусым-тамыз айында жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Жастар керуені» атты жоба бастау алмақ. Көшпелі қоғамдық қабылдауларды ұйымдастыру жоспарлануда.
– Бұл фестивальдің ерекшелігі неде? Мұндай жоба бұрын-соңды болмаған секілді..
– Иә, өткен жылы бастау алған фестивальдің нәтижесі аудандық Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында өткен кеште қорытындыланды. 4 бағыт бойынша ұйымдастырылған жобаға барлығы 157 жас қатысты. Нәтижесінде ғылыми жобалар бағыты бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты және оқу ақысына 50%, 25% жеңілдікпен оқу сертификаттары, бағыттарына байланысты барлығы 300 мың теңгенің көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында білім тұрады. Білімділігі мен біліктілігін байқатқан аудан жастары «Интеллектуалдық сайыс», «Патриоттық әндер», «Бизнес жоба» бойынша бақ сынасты. Енді жыл сайын аудан мен ауыл жастарын қамтитын фестивальді тұрақты түрде өткізетін боламыз.
– NEET санатындағы жастар санын азайту бағытында қандай шаралар қолға алынды?
– NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, олармен диалог орнату – мемлекет алдындағы ортақ міндет. Аудан бойынша NEET санатына кіретін 829 жас бар. Жастардың дерекқорын анықтау мақсатында сәуір айының 7-14 күндері ауданаралық аурухананың арнайы РПН базасы, жұмыспен қамту орталығының базасы, Қазалы ауданының полиция бөліміндегі көші-қонның базасы бойынша және учаскелік полиция қызметкерлерінің қызметтік планшеттен жеке сәйкестендіру номерлері арқылы нақты байланыс құралдары мен мекен-жайлары анықталды. Осы бойынша адрестік жұмыстар жүргізілді.
Аудан бойынша «Отбасылық цифрлық карта» базасында ақпарат енгізілді. Оның ішінде мектепте оқып жатқан – 1, ЖОО студенті – 23, колледж студенті – 10 жас, шетелде білім алатын – 1 жас, тіркелмеген жұмыссыз – 146, бейресми жалдамалы жұмысшы – 394, бала күтімінде, үй шаруасында – 64, оқуды жалғастырғысы келмейтін, білімі жоқ – 1, өзге қалаға қоныс аударған – 15, 35 жасқа толған – 174 жас бар.
«Бұдан бөлек пробация есебінде тіркеуде тұрған жастардың тұрғылықты мекен-жайын анықтап, мақсатты жұмыс жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда 30 жас тіркеуде тұр. Оның 3-еуі – студент. Алдағы уақытта да барлық елді мекендерде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламаға кеңінен тарту, ауданның шығармашыл жастары мен ауыл жастарының арасында байланыс орнату, олардың еркін ұсыныс-пікірін тыңдау шараларын жүзеге асыратын боламыз. Ең бастысы – жастармен тікелей байланыстамыз, түрлі тақырыпта ашық тілдесе аламыз.
– «Жастар керуені» жолға шықты ма?
– Өткен жылы кент, ауданға қарасты барлық ауыл жастарының басын қосып, «Жастар керуені» жобасын іске асырған едік. Ал биыл аталған жоба ауқымды форматта ұйымдастырылмақ. Яғни, әр сенбі-жексенбі күні бір ауылға ауданның белсенді жастары барып, бірлесе отырып, бір күн бойы сан түрлі шараға қатысады. Керуен өнерлі жастардың кешкі концертінен соң аяқталып, келесі аялдамаға бағыт алады. Әр ауылға барғанда ұйымдастырылатын жобаның бағдарламасына спорттық жарыстар, әжелер мен жас келіндер арасында ұршық иіру сайысы, балалар арасында сурет байқауы, интеллектуалдық, танымдық жас отбасылар байқауы, балық аулаудан жарыс, тарихи жерлерге экскурсия, ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру және қоғамдық қабылдаулар жасау, аудан әкімі М.Оразбаевтың жастармен бейресми кездесуі кіреді.
Әр ауылда осындай тәрбиелік, рухани мәні бар шараларды өткізіп, кешкі уақытта «Мүмкіндіктер керуенін» өткізетін боламыз. Яғни, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша тегін кеңес беріліп, жауапты мамандардан сұрақтарына жауап алатын болады. Ал шараның қорытынды кезеңінде кешкі концертте ауылдық мәдениет үйіндегі үйірмелерге қатысатын жастар өнер көрсетеді. Осылайша ауылдық жерлердегі үйірме жұмыстарына да мониторинг жасайтын боламыз. Жалпы «Жастар керуені» – ауыл жастарымен жақын танысуға, олардың талап-тілегіне құлақ асуға үлкен мүмкіндік.
– Сұқбат үшін рақмет!
Әңгімелескен
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!