Фото: pixabay.com

Елімізде 100 жасаған және одан да жасы үлкен 423 тұрғын бар. 114 жастағы ең қарт кейуана Ұлытау облысында тұрады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ең көп өмір сүретін тұрғындар әдетте еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек тұрады. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам бар екенін айта кету керек.

Өмір сүру ұзақтығы бойынша екінші орында Алматы қаласы тұр. Қазір қалада 100 жастан асқан 48 адам тұрады.

Үшінші орында – Алматы облысы. Онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады.

«Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне 114 жастағы Ұлытау облысының тұрғыны, 112 жастағы Павлодар облысының тұрғыны, 110 жастағы Түркістан облысының тұрғыны кіреді», – дейді министрлік өкілдері.

Еске салсақ, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының бас сссамблеясы 45 сессияда жариялады.

Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!