Фото: ашық дереккөзден
Өткен ғасырда Батыс Еуропаның бірқатар елінде жаңа діни қозғалыстар тарай бастады. Сарапшылар ХХ ғасырдың 2-ші жартысынан бастап АҚШ-та 5000-ға дейін жаңа діннің болғанын анықтаған. Оны таратушылар жаңа пайғамбар, дін уағыздаушы, рухани ұстаз саналы. Олардың пайда болуы дәстүрлі діндер жүйесінің бұзылуы мен беделінің түсуіне байланысты еді.
Бұндай қозғалыстың қатарына өмірде өз орнын таба алмаған жастар кірді. Сондықтан кейбір ағымдар «жастар діні» деп аталып, жаңа діни қозғалыстарға айналды. Біздің республикамызға мұндай жаңа діни қозғалыстар Кеңес Одағы ыдыраған соң ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында келе бастады. Осы уақытта қоғамда идеологиялық вакуум орнады. Осыны пайдаланып, дін уағыздаушылар мен миссионерлер халықтың жан дүниесін баурап алуға тырысты. Жастардың ауқымды бөлігін өздеріне қарату үшін қайырымдылықпен айналысты. Олар жастарға, әсіресе студенттерге баса назар аударды. Солардың ішінен діни ұйымның жергілікті жердегі көшбасшысын тағайындап, оны миссионерлік әрекеттерге белсенді араластырды.
Сонымен қоса діннің мөлдір бұлағымен сусындаймыз деген жастар Пәкістан, Иран, Түркия, Араб елдері және Мысырға көптеп кетіп жатты. Соңғы медресе көрген ақсақалдарымыздың аяғы 90-жылдары дүниеден өткенін ескерсек, «әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның қалмағанын» түсінуге болады. Жат жерге кеткен жастарымыз сол барған елінің мәдениеті мен дәстүрін тасымалдаушы күшке айналды. Жалпақ тілмен айтқанда, тегін пропагандаға айналғанын өздері де білмей қалды. Қазақ қоғамында көптеген секта мен ағымдардың келуіне де себепкер болды десек қателеспеген болар едік. Уахабилік, салафилік, табиғи жамағат, сондай-ақ тағы да басқа көптеген ағым ағылып келе бастады. Сонымен қатар бұл тізімде террористік деп танылған ондаған ұйым бар. Олардың өздері іштей тармақ-тармақ жүздеген топқа бөлінген кезде қарапайым адам шатасып кететіндей болды. Бұл ағымдардың етегіне жармасқан жастар ата-бабамыздың терең тарихы мен дәстүрін, ділі мен тілін, саналы дүниетану мен болмысын жоққа шығара бастады. Радикалды көзқарастарын ашық жарнамалап, зайырлы мемлекетіміздің заңдарын ашық сынады. Халифат құруды көксейтін армандары бар екенін жасырып қалмады.
Жалған діни ұйымдардың ықпалына қоғамның түрлі деңгейдегі азаматтары ілігіп қалуда. Олардың қатарына жоғары білімді әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар да кіреді. Миссионерлердің ықпалына жеке бастында қиындықтары бар адамдар оңай түсіп қалуы мүмкін. Ең бастысы сіздің және бүкіл азаматтың мәселесін шешеміз деген уәденің жалған екенін естен шығармаған абзал. Бірде-бір шынайы дін бір сәтте бүкіл әлемнің мәселесін шешеміз деп кіріспейді. Жалған діни ұйымдар рухани тазару жолына түсіруді ойламайды. Олар адамдарды өздерінің пайдасына, тіпті қылмыс үшін пайдалануға тырысады.
Сақтанып жүру үшін үнемі есте болу керек кейбір мәселелерді айтып өтуге болады. Яғни, мынадай жағдайда сақ болған дұрыс сізге келіп тұрған миссионер өздерімен көшбасшылары жайында ұйымдарының толық атауы турасында толық ақпарат бермеуге тырысады. Миссионер өз ілімін таныстыруда ерекше белсенділік танытады. Ұйымнын өкілдерімен сөйлескен кезде сізге психологиялық тұрғыдан ықпал жасап тұрғандай сезіледі. Тұлғаны бағындыру немесе мүлік беруге шақырады. Яғни бұл орайда қайырымдылықты сылтау етуі ықтимал. Ұйымға кіру отбасымен, достарымен, сыртқы әлеммен байланыс жасауға тыйым салады. Ұйым мүшелеріне ақпарат алуға деген мүмкіндігін қысқартады. Яғни, кітап, теледидар, газет, радио тағы да басқаларды шектейді. Ұйымда жетекшіге сөзсіз бағыну қажет. Сізді ақырзаман жақындап қалды деп қорқытуы мүмкін. Егер ұйымға кірмесең, қарғыс атады немесе құрып кетесің дегенді айтуы ықтимал. Кей жағдайда жалған діни ұйымдар заңды бұзады. Өз өкілдерін нашақорлыққа, ішімдікке тәуелді етеді. Ұйымға жаңадан кірген адамға қылмыс жасауға немесе мүлкін беруге мәжбүрлейді. Жалған діни ұйымға кіру оңай, алайда одан шығу өте қиын. Рухани көсемдер мүшелікке өткен адамдарды өзіне бағындыру үшін барлық тәсілді, тіпті заңға қайшы әдістерді пайдалануға тырысады. Ұйымда адамдарды ұстап отыру үшін бопсалауға да барады. Осындай жағдайда жеке адам жалған пайғамбар мен ұстаздың бақылауына түседі. Тұлғаның өмірлік құндылықтары толығымен өзгереді. Бүкіл өмірі жалған діни ұйымға бағынышты болады. Көптеген мемлекетте адамның психологиясына, денсаулығына, дүние-мүлкіне залал келтіретін жалған діни ұйымдардың қызметіне тыйым салынған. Әрине, көп нәрсе жеке адамның өзіне байланысты. Шынайы діндер адамды барлық бәледен құтқарамын деп уәде бермейді. Адамға таңдау жасау үшін олар тек рухани бағыт-бағдар береді.
«Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды». Бұл – бабаларымыздың тарих тағылымынан түйген даналық сөзі. Сондықтан да дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау оны дәріптеу елдігіміздің кепілі болмақ. Дәстүр дегеніміз – белгілі бір ұлтты құрайтын халықтың ата-бабаларының халық болып қалыптасу жолындағы бүкіл тіршілік тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптау кезінен өткізіп, бір жүйеге келтіріп, халыққа түсірген өмір сүру заңы. Яғни, бүгінгі түсінікпен айтқанда, қатал тірліктің қағидаларынан қорытып, уақыттың өзі бекітіп берген конституциясы. Ұлт сенімі мен дәстүрі бұзылмаған елдер өзіндік өмір сүру заңдылықтарын сақтай отырып, іргесі берік мәртебесі биік болмақ. Жат ағымнан сақтанайық!
Нұрай АСҚАР,
Қараөзек ауылы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!