Арман қуып қалаға келген студенттің алғашқы қиындығы – тұрақты баспана табу. Бірі туысқанның үйін жағалап, жайлы мекен іздесе, енді бірі жатақханадан орын алуға асығады. Қатарластарымен жалдамалы пәтер алып, ай сайын ақы төлейтіндер де көп. Бұдан бөлек түнейтін жай таппай, пәтер жағалай сенделген студенттің бары да жасырын емес. Бұл тұрғыда білім іздеп кеткен баласының қарыны тоқ, көйлегі көк болуын тілейтін ата-ананың үрейі мол. Соңғы уақытта кәсіпкерлердің жатақхананы табыс көзіне айналдыруға жасаған әрекеті де, мемлекет тарапынан қолға алынған жобалар да мәселені толық шешуге жол ашар емес.

Есте болса, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 мыңға жуық студентке жатақхана жетіспейтінін айтқан болатын. Сол-ақ екен, жыл өтпей ЖОО мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы 3 есеге қысқарды. Бұл ретте жатақханалар салуға мемлекеттік тапсырыс беру тетігі жетілдірілді. Атап айтқанда, республика бойынша жылына төсек-орын үшін норматив 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін артты. Өткен жылы жалпы жиыны 11 мың орындық 44 жатақхана пайдалануға берілді.

Бұл – кешенді жоспардың нәтижесі. Себебі Мемлекет басшысының сөзінен соң Үкімет мәселені шешу механизмін ұсынған-ды. Алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың студентті жатақханамен қамту жоспарланғанын білеміз. Содан бері құзырлы орган мен кәсіпкерлер құрылысқа кірісіп, біршама меже орындалған болатын. Аймақта да жатақхана саны артып, баспанаға мұқтаж студенттердің жаңа жатақханаға қол жеткізуіне мүмкіндік туды.

Жалпы кәсіпкерлердің жатақхана салу ісіне ынтасы бұрын бар болса да, соңғы жылдары қарқын күшейді. Мәселен, бұл бастама аясында 2018 жылдан бері ҚР БҒМ Қаржы орталығы арнайы бағдарлама әзірлеп, жұмыс істеуде. Кез келген жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жатақхана салса, әрбір салынған орынға мемлекеттік тапсырыс аясында қаражат бөлінеді. Мұндай бастама әлеуметтік мәселені шешудегі кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға да демеу.

Табыс көзіне айналды

Расында, қазір жатақхана салу табысты кәсіп көзіне айналған. Оған себеп – сұраныс. Мысалы, 2018 жылы 82 мың студент жатақханаға мұқтаж болды. Мәселені шешу үшін 30 мың орын пайдалануға беріліп, сұранысты толық қамтамасыз ету үшін тағы 50 мың орын салу жоспарланған болатын. Алайда өткен жылы жатақхана қажет студенттің саны 24 мыңға жеткен. Мұндай үрдіс ірі шаһарларда ғана емес, аймақтағы қалаларда да байқалуда. Сала мамандарының сөзінше, тапшылық жыл сайын оқуға түсетін студенттердің санына байланысты көрінеді.

Жатақхана құрылысының барлығын мемлекет жүргізеді деген қате ұғым. Мемлекеттік тапсырыс, МЖӘ, субсидия секілді жолмен кәсіпкерлерді тарту ісі сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде жеке кәсіпкерлер жатақхананы өз қаражатына салып, мемлекеттік тапсырыс арқылы табыс табуда.

Алайда бұл – жеңіл пайда көзі емес. Қойылар талап берік. ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Ибраимов кәсіпкерге қойылатын міндет пен ерекшелікті бұған дейін де хабарлаған.

– Егер ғимарат басынан бастап салынса, бір студентке шаққандағы мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері 195 АЕК. Бұл ретте алғашқы 1 жылда төлемдер екі есе көп төленеді. Мемлекеттен төлем мерзімі өткеннен кейін нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Жалғыз шарт 20 жыл мерзімге нысанның мақсатын өзгертпеу туралы міндеттеме рәсімделеді. Студенттік жатақхананың ай сайынғы төлемі мемлекеттік тапсырыс құнына кірмейді, бірақ ол көтерме болуы тиіс. Жобаға қатысушының қосымша табыс көзі болуы мүмкін. Сондай-ақ жеке қызметтер көрсету үшін асхана, шаштараз, спорт залы секілді коммерциялық кеңістік құра алады. Құрылыс және одан әрі пайдалану қолданыстағы құрылыс, өртке қарсы және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қатаң сәйкес жүзеге асырылуы керек, – деген басқарма төрағасы.

Аймақтағы ахуал қандай?

Бүгінде «жатақхана» ұғымының түпкілікті өзгергені шындық. Өткен ғасырдағы шағын бөлме, асханаға шұбылған кезек емес. Бәрі заманауи, тіпті кей үйде жоқ жағдай жасалған. Тегін уай-фай, жылы бөлме, ыстық су. Ақысы да қалтаға қонымды. Айына жалдамалы пәтерге ең азы 50 мың теңге төлесе, жатақхананың құны небәрі 5-10 мың теңге тұрады. Ойын-сауық, қызықты студенттік шақ та осында. Содан болар жатақханаға жатуға құмар жастың қатары артып келеді.

Өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде жиында аталған мәселені көтерген болатын.

– Республикалық штаб отыры­сында Үкімет басшысы студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. 2022-2023 оқу жылында облыстағы жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36 238 студент білім алды. Оның ішінде 5 793 студент жатақханамен қамтылған. Аймақтың 30 колледжіндегі 20 672 студенттің 3646-сына жатақхана берілген. Облыс орталығы мен аудандардағы колледж жатақханаларында орын тапшылығы мәселесі болмауы тиіс. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, колледждердегі жатақхана қажеттілігі мәселесін жедел шешу үшін  шара қабылдаңыздар, – деді.

Осы орайда Қызылорда қаласындағы студенттердің жай-күйін білу мақсатында бірнеше жатақхананың жағдайын саралауға тырыстық. Байқасақ, мұндағы білім алушылардың тынығуынан бастап, бос уақытын тиімді өткізуі де назарға алыныпты. Түрлі мәдени жиын мен спорттық шаралар студенттердің көңілді қалпын сақтауына ықпал етуде. 3 жыл бұрын  пайдалануға берілген «Өркениет» студенттер үйі қонақүйден кем түспейді. Үлкен футбол алаңы, ателье, кіші маркет дүкеніне дейін қамтылған. Тұрғындардың ай сайын төлейтін ақысы да қолайлы.

– «Өркениет» студенттер үйінде 500-ге жуық білім алушы қоныстанған. Жатақханада кір жуу, демалыс бөлмелері, асхана, кітапхана, ателье, кіші маркет дүкен бар. Алдағы уақытта спорт зал, фитнес залы, компьютер клубы, монша пайдалануға берілмек. Бөлмелер кең, дәретхана мен жуынатын бөлме ішінде. Әр қабатта интернет қамтамасыз етілген және студенттердің тамақ істеуіне қолайлы асхана орналасқан, – дейді студенттер үйінің меңгерушісі Гүлшат Әбдіқұлова.

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 300 орынға шақталған жатақханасында да барлық мүмкіндік бар. Әр қабаттағы тамақ әзірлеуге арналған тұрмыстық бөлме, бос уақытқа арналған демалыс орны, медициналық пункт, оқу залы жөндеуден өтіп, керек-жарақ толықтырылыпты. Тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, кір машинасы секілді тұрмыстық техникалар қамтылған. Жатақханада тәрбиешілер, студенттер кеңесі жұмыс істеуде. Мәдени, тәртіптік жұмыстың жүйелі жүруін, жатақхана тұрғындарының тәртібін қадағалауды студенттер кеңесі қадағалайды. Топ жетекшісі мен ата-ана байланысы назарда.

Студенттерге жасалған жайлы орта М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен де байқалды. Әсіресе жаңартылған  жатақхананың бейнебақылаумен қамтылуы көңіл қуантты. Әр қабатта тамақ әзірлеуге арналған асхана, жуынатын бөлме, демалыс орны, оқу залы заманауи талапқа сай. Бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен соң нысанда барлық қажеттілік түгенделген.

– 1 жыл достармен пәтер жалдап тұрдым. Жалдау ақысы қиынға соққасын колледж жанындағы жатақханаға ауысуға шешім қабылдадым. Колледж бен жатақхана бір аулада орналасқандықтан, сабақтан кешікпеуге әрі студенттік шараларға белсенді араласуға мүмкіндік бар, – дейді студент Әміржан Қожабекұлы.

P.S. Студенттердің алаңсыз білім алып, денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін тұрақты баспана қажет. Жатақхананың жайы алаңдатпаса, қосымша қаржы іздеп, жалдамалы пәтерге телмірмейтіні анық. Тек ендігі меже – кәсіпкермен бірлесе сұранысты толық қанағаттандыру.

Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!