Арман қуып ауылдан асып,
Келді көп қыз, көп ұл
Жатақхана шағын қалашық
Болды-ау ма екен өмір?, – әні студенттердің әнұранына айналғаны қашан. Өйткені бірде қарын аш, бірде көңіл тоқ кезеңді күліп еске алатын жастар үшін әдемі естелік. Бірақ оған дейін алып шаһарды жатсыну мен жатақхана жайы көңілді жығады. Өткен жылы да алматылық студенттердің үй-күйсіз далада түнеуге мәжбүр болып, саябақты сағалап, вокзалдарды жағалап жүргенінен бәрі хабардар. Қай ата-ана маңдайынан иіскеп, арқасынан қағып, «жақсы оқы, үмітті ақта» деп жіберген баласының баспанасыз бас сауғалап кеткенін қалайды?! Білім алушылардың келген күнінен бастап көше кезіп, күндіз оқып, кешке пәтер іздеп жанталасуы еріккеннен емес. Сірә, алыстан ат арылтып келген студенттер жастанар жастығы болғанымен, «жатақханаға жарымай қаламын» деп ойламаса керек-ті. Қанша дегенмен жоғары оқу орнының табалдырығын табандылықпен аттаған талаптылардың тентіреп кеткені тиімсіз. Яғни, жатақханаға жайғасу – арқаланып келгендердің арқасына тағы бір жүк. Сонда ата-ананың шері мен уайымына, студенттің мұң-мұқтажына құлақ түретін кім бар?

Тұруға мекен, қонуға пана іздеп жүргендердің сабаққа арнар уақыты да сырғып бітеді. Жатақханаға жолдама ала алмағандықтан, пәтер жалдап тұру үшін қомақты қаржы қажет. Ал, барлық студенттің әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Азық-түлік бағасы шарықтап, күннен-күнге өсіп отырғанда баспананың құны бас қатыратыны белгілі. Астана қаласында оқитын студентпен тілдестік. Мұнда пәтер табу өте қиын көрінеді, ұзақ іздеу керектігін тілге тиек етті. Екі бөлмелі жалдамалы пәтерлер 200-300 мың теңгенің үстінде. Мейлі, 4 балаға шаққанның өзінде 40-75 мың теңгеден келеді. Бұл қаражат кейбір адамдардың бір айлық жалақысымен тең. Енді ойланып қараңыз. Егер студент грантта оқыса, ата-анасына салмақ салмайды деп қарастыруға болады. Соның өзінде баланың ішіп-жемі, күнделікті күнкөрісі, қажеттілігі, жолақысы бар, бұған да қаражат керек. Ал, ақылы негізде оқитындардың тіптен қиналатыны айтпаса да түсінікті. Уақытша болса да тұратын мекені болған соң жағдайдың жақсы болғанын қалайды. Студенттің айтуынша, 150 мыңға жағдай жасалмаған, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген пәтер көп.
Қазір алдына барса бәлсініп, жағдайын айтса, шалқайып қалатын кезең. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, десе де студенттердің соңғы тиынына дейін сыпырып алуға дайын, шарықтаған бағаны тағы да асқақтататын жалға берушілердің әрекеті орынсыз. Күні таяп қалғанда титықтатып, төлемді төбесінен төніп тұрып жасататын­дардың бары жасырын емес. Біз де Алматыда жалдама­лы пәтерде тұратын студенттермен байланысқан болатынбыз. Ол жақта пәтер кұны Елордамен салыстырғанда қымбат. Сондай-ақ, пәтер іздеуде мұқият болу керектігін ескертті. Әйтпесе, жалға пәтер алуға мүмкіндік беретін арнайы бағдар­лама­ларда алаяқ­тар көп кездеседі. Сондықтан жатақханада орын жеткілікті болғаны маңызды. Әйт­пе­генде, жатқа жем болып, қалтадағы қаржысынан қағылудың қарқыны тыйылмас. Неде болса, білім іздеген талапкерлерді табанынан тоздырып жіберу қисынға келмейтін іс.
Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Сол себепті жатақхана туралы мәселе күн тәртібінен түспесі анық. Көпті елең, көңілді алаң еткен мәселеге байланысты министрлік те тіл қатты. Ғы­лым және жоға­ры білім министрі Саясат Нұрбек биыл 11 мың орындық 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне арналған 26, колледж студенттеріне арналған 11 жатақхана пайдалануға берілетінін айтты. Бұл ретте, оның ақпараты бойынша, 1,4 мың орындық 4 нысан жоспарлы мерзімінде пайдалануға берілмеуі мүмкін. Бұл – «Астана медицина университеті» КЕАҚ жатақханасын күрделі жөндеу, Алматы қаласында 400 орындық жатақхана салу және 450 орындық екі жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу сынды жобалар. Министр жатақхана құрылысы кезінде инвесторлар кезігетін негізгі проблемалар қатарында нысандардың мақсатын өзгерту, заттай грант беру және коммуналдық желілерге қосылу мүмкіндігінің шектелуіндегі қиындықтарды атады. Ал Әлихан Смайылов егер бұл мәселе уақытылы шешілмейтін болса, жағдай одан сайын қиындай беретінін атап өтті.
– Көптеген университеттердің басшылары студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждердің сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыс­тары нашар», – деді Премь­ер-Минис­тр.
Олай болса облыс­тағы ахуал қандай? Жатақ­хана жайы көңіл көншіте ме? Көрелік. Республикалық штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
– Бүгінгі республикалық штаб отырысында Үкімет басшысы студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. 2022-2023 оқу жылында облыстағы жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36 238 студент білім алды. Оның ішінде 5 793 студент жатақханамен қамтылған. Аймақтың 30 колледжіндегі 20 672 студенттің 3646-сына жатақхана берілген. Облыс орталығы мен аудандардағы колледждер жатақханаларында орын тапшылығы болмауы тиіс. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, колледждердегі жатақхана қажеттілігі мәселесін жедел шешу үшін шара қабылдаңыздар, – деді аймақ басшысы.
Иә, облыстағы жоғары оқу орны мен колледжге оқуға тапсырушылар көп. Биыл оқуға түскен студенттер саны өткен жылмен салыстырғанда артып келеді. Әлбетте, бұл жатақхана жайына тікелей байланысты.Бірақ баспанасыз қалған білімпаз жоқ. Мәселен, білімнің қара шаңырағы саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті басшылығы келгендерді кеудесінен итермей, жатақханаға орналастыруды көздейді.
– Жатақханаға жолдама алу бойынша өтініш қабылдау шілде айында басталды. Дүйсенбі күнгі есеп бойынша 434 студент өтініш беріп, бәрі жолдама алды. Университет балансында төрт студенттік жатақхана №1 (512 орын), №2 (73 орын), №3 (260 орын), №5 (400 орын) және №4 (60 пәтер) ғалымдар үйі бар. Қазір №1 жатақхана – 512 орындық күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар жаңа оқу жылына №8 оқу ғимаратының 3-5 қабаттарынан 60 орындық жатақхана беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Студенттер саны жылдан жылға артуына байланысты жаңа оқу жылында әріптестік негізінде келісім­шарт арқылы «Қаржы орта­лығы» АҚ қар­жылан­дыры­латын «Өркениет» және «ДиЛмаш» ЖШС-ның жатақханаларынан 437 орын пайдалануға келісім жасалған.
Биылғы оқу жылында өтініштер онлайн және офлайн негізінде қабылданады. Жалпы жатақханалардағы орын саны – 1230. Оның төлем бағасы алдағы уақытта бекітіледі, – деді университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы.
Сөздің байыбына барсақ, аймақта жатақханаға қатысты жанжал туындамайтын секілді. Назарға алынған мәселе бойынша өзге өңірлер де жұмысты қолға алса, жастар да жатақхана іздеп жалтақтап, пәтер жалдап бас ауыртпас. Сонда ғана жол сөмкесін сүйрелеген жастар сенделмесі хақ.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!