Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37, №60 мекемелеріндегі 46 жазасын өтеуші кешкі мектепте білім алуда.
ҚР ҚАК-нің 127- бабында мекемелерде отыз жасқа толмаған сотталғандардың бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмді мiндеттi түрде алуы ұйымдастырылады деп көрсетілген.
Мекеменің ішкі күн тәртібіне сәйкестендіріп, сотталғандардың сабақ кестесі құрылып, оқу жоспарына сәйкес, білім алады. Оларға Қызылорда қаласының жалпы білім беретін кешкі мектептің мұғалімдері сабақ береді.
Жастықпен қателік жасап, сотты болдым. Бостандыққа шығу туралы ғана емес, болашақ өмірімнің қандай болатыны жайлы көп ойландым. Сол кезде білімсіз алға қадам жасау мүмкін еместігін түсіндім. Қазір 10-сыныпта кешкі мектепте оқып жүрмін. Орта білім алсам, бостандыққа шыққан соң жоғары білім алып, қоғамға қайта қосыламын деп сенемін, – деді сотталған азамат.
Тәрбие бөлімінің басшысы Бауыржан Сәметов білім алу сотталғандарға қоғамнан аластамай, өз орнын табуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кешкі мектеп мұғалімдері тек пәндерді оқытып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтып, өзін-өзі дамытуға ынталандырады. №37 мекемесіндегі орта білімі жоқ 9 сотталған кешкі мектепте 9-10-11 сыныптарда білім алып жүр. Олардың көпшілігі жас кезінде білім ала алмаған. Білім алуға деген ынталары өте жоғары.Олар өздерінің қателіктерін түсініп, әрбір сабаққа жауапкершілікпен қарайды, – дейді Бауыржан Сәметов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!