Фото: klerk.ru

Міне, оқу жылы да аяқталып, балалар мен жасөспірімдердің асыға күтетін жаз мезгілі жақындады. «Демалыс» деген дардай аты болмаса, алаңсыз ойнайтын 3 ай уақыт лезде өтеді. Сондықтан бұл кезеңді пайдалы әрі тиімді өткізген дұрыс. Бірі баласын ауылға жіберсе, кей ата-ана жаздық лагерьге жүгінеді.

Браунси аралында басталды

Ашық дереккөздерге сүйенсек, балаларға арналған алғашқы лагерь Роберт Баден-Пауэллдің бастамасымен 1908 жылы Браунси аралында өткен. Бірінші демалыс орнының күн тәртібіне сәйкес қатысушылар жаттығу жасап, спорттық жарыстарға қатысқан. Демалыс бағдарламасында суға түсу, тамақтану және от жағу да қарастырылған екен. Роберттің скауттар қозғалысының негізін қалаушы екенін де атап өтейік.

Лагерь – балалардың уақытын тиімді әрі қызықты өткізудің тәсілі. Тек демалыс пен ойын-сауық қана емес, олардың дамуына ықпал ететін алаң. Табиғат аясындағы белсенді демалыс баланың физикалық денсаулығын жақсартады. Қаланың қарбаласынан алыстап, таза ауада демалу әл ауқатына айтарлықтай оң әсер береді. Жасөспірімдерде түрлі спорттық және мәдени іс-шараларға қатысып, жаңа дағдылар қалыптастыру мүмкіндігі бар. Ал қолөнер, сурет салу немесе музыка секілді шығармашылық жұмыстар жастардың қиялы мен ой-өрісін кеңейтеді. Балалардың жаңа ортамен танысып, командалық жұмысқа үйренуіне ықпал етеді. Бүгінде жазғы лагерьлер әлемнің түкпір түкпірінде кеңінен таралған.

Шындығына келгенде…

Қош. Жыл он екі ай ішінде жадырайтын жаздың басты символына айналған лагерьдің оң тұстарын сәл болса да тілге тиек еттік. Ал «жақсының жақсылығын айт…» деген сыңай танытып, барлығын керемет етіп көрсету − көзбояушылық. Балаға арналған демалыс орнын мұқият таңдаған жөн. Себебі жазғы лагерьлердің де ақсап тұрған тұстары бар…

Бала қауіпсіздігі – өзекті мәселе. Осыдан 10 жыл бұрын Қатаркөлдегі «Континент» балаларды сауықтыру лагеріне демалуға барған 9 жастағы бүлдіршін ішек жұқпалы ауруын жұқтырып, облыстық балалар ауруханасында көз жұмған еді. Сол жылдары демалыс лагерінде жарақат алған жасөспірім Текеліде қайтыс болды.

2022 жылы Атырау – Астрахань пойызымен жазғы демалысқа аттанған 13 жастағы бала қаза тапты. Былтыр қаңтарда Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық балалар лагерінде 14 жастағы жасөспірім көз жұмды. Ал мерт болған перзентінің артында «барсын, демалсын, үйренсін» деп жіберген ата-анасы қалды…

Жоғарыда көрсетілген фактілерден кейін қауіпсіздік мәселесі қайта көтеріліп, біршама бастама қолға алынғаны көңіл көншітеді. Биылдан бастап жауапты органдар балаларға медициналық қызмет көрсету және оларды сауықтыру үшін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіруге міндеттелуде. Жұмыс барысында олқылыққа жол бермеу үшін тендерде жеңіп, мемлекеттік тапсырысқа ие болған нысандардан 10 күн ішінде «сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды» алуы талап етіледі. Сәйкесінше қорытындысы жоқ мекемелерге бала жіберілмейді. Ал сауықтыру маусымына дейін алдын ала мониторинг жүргізілетін болады. Мониторинг барысында балалардың тамақтануына, білім алуына, сауықтырылуына қаншалықты жағдай жасалғаны тексеріледі.

Үйде, мектепте, қоғамдық орында бала қауіпсіздігін қамтасыз ету – ата-ана мен мемлекеттің негізгі міндеті. Өткен жылы Оқу- ағарту министрлігі «2024-2027 жылдардағы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы» Үкіметтің арнайы өкімінің жобасын әзірлеген еді. Бұл салада мұндай көп жылдық құжат алғаш рет қабылданбақ. Құжат балалардың тұлғалық, әлеуметтік, шығармашылық дамуына және демалыс кезеңіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жоба іске асса, барлық облыс, үш мегаполис әкімдеріне және жауапты министрліктерге үлкен міндет жүктелмек.

Ал жақында өткен аппараттық кеңесте «Жаз-2024» балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Жиын барысында биылдан бастап балалардың жазғы демалысты ұйымдастыру міндеті білім басқармаларына жүктелетіні айтылды.

− Балалардың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, жазғы демалысты өткізу мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондықтан, әріптестер, балаларды қорғау шараларын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейту керек. Сіздерге тиісті әдістемелік құралдар мен алгоритмдер жолданды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда білім басқармаларының басшыларына жеке жауапкершілік жүктеймін, − деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Республикада әр түрлі санаттағы мектеп жасындағы 3,1 млн бала жазғы демалысын тиімді өткізе алады. Бұл оқушылардың 88%-ын құрайды. Жалпы еліміз бойынша 2,9 млн баланың жазғы демалысын 10 743 демалыс лагерінде өткізу жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, 10 мың бала сауықтыру орталықтарында, қала сыртындағы орталықтарда 240 мың, ал 2,6 млн оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде, 75 мың бала киіз үйлерге орналастырылады. Сондай-ақ, «Ұлы дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Бір күн қалада», «Қонақжай отбасы» жобасы іске асырылмақ.

− Бүгінде 11 мыңнан астам лагерь жұмысын бастауға дайын. Балалар мен ата-аналар үшін қолжетімді сауықтыру бағдарламалары, орналасу шарттары мен қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы ақпаратпен қамтылған «Балаларға базарлық» және «Қауіпсіз жаз» ақпараттық пакеті дайындалды. Сонымен қатар өңірлерде жаңадан 5 сауықтыру орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2026 жылға дейін 50 жаңа орталық пайдалануға беріледі, − деді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.

Аймақтағы балалар демалысын қайда өткізеді?

Өңірге ойыссақ. Аймақта 1-10 сынып аралығында оқитын 175 мыңға жуық оқушы бар. Облыстық білім басқармасы оқушылардың 98%-ын жазғы тынығу және еңбекпен қамтуды жоспарлауда. Бұл жазғы демалысты ұйымдастыруға 2 518 педагог, 38 белсенді студент пен 23 ерікті тартылады. Ал 98% бала қайта барады?

− «QN жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы аясында 1400-ден астам бала Түркістан облысы, Біркөлік елді мекенінде орналасқан «Қуаныш» демалыс орнына, 150 мыңнан астам бала мектеп жанынан жұмыс істейтін жазғы тынығу лагерінде болады. Одан бөлек, қала сыртындағы 8 лагерьде 7 ауысымда 7 035 бала демалса, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде 6 ауысымда 5 646 оқушы демалыспен қамтылады. Мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерьлерінде киіз үймен этнолагерьлер, палаткалы лагерьлер ұйымдастырылады. Сонымен қатар еңбек жасақтары, туристік серуен, үйірмелер, спорттық-зияткерлік сайыстарға 131 879 оқушы қатыстырылады, − деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Қалталылардың да қалтасын қақ тесетін демалыс орындарына қиялымен саяхаттайтын балалар бар, өкінішті. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден келген оқушылар мен әлеуметтік осал топтар және ауылдық жерлерден келген көп балалы отбасынан шыққан балаларға басымдық беріліп, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен биыл 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Қызылорда облысындағы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, есепте тұратын балалар да жазғы тынығумен толық қамтылмақ.

Білікті маман бар ма?

− Жазғы сауықтыру лагерінің балаға пайдасы орасан зор. Ең бірінші бұл ата-анадан сепарацияның жақсы жолы. Бала дербестікке, өз-өзіне қарауға, шешім қабылдауға үйренеді. Жаңа ортада басқа балалармен қарым-қатынас орнатып, өзін танып, басқаларды танып, бойындағы қабілеттері ашылады, − дейді педагог-психолог Гүлдана Қалиева.

Жаңашылдыққа ашық, айтқанды, көрсеткенді меңгеретін бала бар. Ал енді сол жасөспірімге лагерь қабырғасында дұрыс бағыт-бағдар беретін кім? Құзырлы органдар немесе демалыс базасының басшысы ма? Жоқ, ол – лагерь маманы. Бұл саланың даму жолында кедергіге айналған фактордың бірі − маман тапшылығы, нақты айтқанда білікті маманның жоқтығы. Керемет кеш арқылы баланың жүрегіне жылу ұялататын, психолог маман айтпақшы дербестікке, шешім қабылдауға үйренетін ортаның мамандары да жауапкершілікті сезінуі қажет.

Әттеген-ай болмаса игі…

Ел көлемінде, облыс аумағында жүзеге асатын түрлі іс-шара мен жобаларды тізіп, бірінен кейін бірін жаздық. Көрген көзге, естіген құлаққа жағымды-ақ. Алайда қуаныш сезімімен алып-ұшқан балалардың көңілін демалыс орындары су сепкендей баспайтынына кім кепіл? Жоғарыда жазылған бастамалардың нәтижесі қалай болмақ? «Қатарынан қалмай демалсын» деген үмітпен сапарға аттандырған перзентінің жақсы ортада жүргенін кім қаламайды? Сауал көп. Ал жауабы һәм нәтижесі жазғы лагерьлердің жұмысы басталғанда анықталады. Бізге қажеті уақыт.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!