Шәріп ауылда жатып алып бұрқыратып жазғанды жаны сүйеді. Күн сайын сөреде тұрған «Біздің көше кең», «Токқа түссең күйесің», «Қос дөңгелек, бір педаль» атты кітаптарына қарап көңілі өсіп, сүйсініп қояды. Қолына қаламын ұстап, бойын шабыт кернеп кеткен кезде бүкіл дүниеден баз кешіп, қатын бала-шағасын шықпыртып бөлмеден қуып шығады. Сонау 1958 жылы салған ескі тамның іші қайбір кең дейсің.

Айналдырған төрт бөлме. Кейіпкеріміз ортаншы баласы Николай мен кішісі Қайырғали жататын шеткі бөлмені меншіктеп, өзінің кабинетіне айналдырып алған. Шәріптің шабыты қысқан күні екі ұлы мөлтеңдеп ауызғы үйді паналап жүреді. Шәрекең әппақ пердені терезенің бір қапталына қарай ысырып, үстел үстін мұқият жинап, артық-ауыс заттың бәрін бір бұрышқа жиып-теріп, айналасын мұнтаздай етіп қояды. «Жазушының жаны қандай кіршіксіз болса, жан-жағы да соншалықты таза болғаны жақсы» деп қатын бала-шағасының миына құйып қойған. Кабинетін көңілдегідей етіп жасақтағаннан кейін қағазын жайып жіберіп сойдақтата жазуға кіріседі. Мұрнының үсті терлеп, көзі жасаурап, саусағынан әл кетіп, бір жазғаннан тынбай отырып үш сағат жазады. «Осылай еңбек еткенде ғана жазу өнімді бола түседі» дейтін кешкілік құрдастарымен бақтағы жалғыз алма ағашының түбінде әңгіме-дүкен құрып отырып. Үш сағаттан соң аяғын сырп-сырп басып келіншегі Жұмагүл тақап келіп, есікті тықылдатады.
– Отағасы, ас ішіп аласыз ба?
– Мен саған есікті ұрма деп қашанғы айтамын! Тамақты терезеден әкел!
Жұмагүл «Шәріп десе Шәріп екенсің» деп іштей ашуланып, тауықтың сорпасы мен екі нан, бір салаты бар подносын көтерген күйі үйді айналып, мұның терезесінің тұсына таяп келеді.
– Балаларға айтып, подносты үстелге бір-ақ жеткізсеңдер қайтеді осы? – деп Шәріп тағы шақарланады.
– Ойбай-ау, Никон да, Қайрош та сабақта ғой, – дейді Жұмагүл көзін адырайтып, – жазу, жазу деп шөп басын сындырмайсың, – деп сөз аяғын күмілжітіп бұрқ ете қалады.
Шәріп тамағын жалап-жұқтап ішіп алған соң, тағы да бұрқыратып жазуға кіріседі. Қазір бұрынғыдай оқушы дәптеріне емес, А4 форматтағы ақ қағазға сүйкейтін болған. Бұл ауылда ол қағаз да тапшы. Абырой болғанда, Шымкенттегі мемлекеттік университетте тарих пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, қазір мектепте технология мен валеологиядан сабақ беріп жүрген әйелі Жұмагүл тықпыштап жүріп бұған ақ қағаз тасиды. Ондай қағаз мектеп бойынша тек директор мен завучтың бөлмесінде ғана көп. Ебін тауып елпілдеп жүріп, бірде көрсетіп, бірде бой тасалап, әйтеуір ақ тер, көк терге түсіп апта сайын бума-бума ақ қағазды алып тайып тұрады. Бір жолы директор Сабырәлі осыны байқап қалып қатты ашуланды.
– Қабылдау бөлмесіндегі қағаздарға жау тие ме осы? Неге өзінен өзі жоғала береді? – деді педсоветте үстелді тоқпақтап.
Ортаңғы қатарда отырған Жұмагүлдің жүрегі зырқ етсін.
– Ашуыма тимеңдер! Ертеңнен бастап камера қойдыртамын, – деп тепсінді сабырсыз Сабырәлі.
Содан бері Жұмагүлден маза кетіп, көңілі алаңға толса да қашып-пысып қабылдау бөлмесіне баруын қоймады. Әуелі бұрыш-бұрышты асығыс шолып алады. Сосын қолын сумаңдатып ақ қағаздарды білдіртпей сөмкесіне салады. Мектептің мүлкіне қол сұғып жатырмын ау деп ойлаған сайын дегбірі қашып, аяқ-қолы қалтырап әрең шығатын.
Оның осыншама сынақтың ортасынан жол тауып, бұған қағаз тасып жүргенін білсе де Шәріп тым жайбарақат.
– Саспа, қатын! Сен ұрлық жасап жүрген жоқсың! Сен руханиятқа қызмет етіп жүрсің, – дейді шәй үстінде дар-дар етіп.
– Руханиятыңды қайдам… ұрлық үстінде ұсталып қап, жұмыстан шығып кетпесек болды, – дейді Жұмагүл сылпылдатып шәйін ішіп отырып.
– Жазғандарым бір кітапқа таяп қалды. Жұмыстан шықсаң мен асыраймын, – дейді Шәріп танауын көтеріп.
Осы кезде мінез-құлқы есім-сойымен үйлесе қоймайтын ортаншы ұлы Николай ентігіп үйге кіріп келсін. Бұлар ошарыла қарағанша болған жоқ:
– Сұрап жатыр! – деді екі қолын екі тізесіне қойып бүктетілген күйі.
– Сәлима ма? – деді Жұмагүлдің түрі бұзылып.
– Иә!
– Айттым ғой… былтыр алған екі жілік еттің ақшасын әлі бере алмай жүрісіміз мынау. Шығар ал кітабыңды, – деген сосын күйеуіне қарап. – Кітаппен ақша табамын деген ақымақ жоқ шығар мына заманда.
Шәріп осындай әңгіме айтыла бастағаннан-ақ кесесін алақанымен жауып, ышқырын бір тартып қойып, сыртқа беттейді.
Әйткенмен үстел мен ақ қағазға төне түсіп, тынымсыз жазуын доғарған жоқ. Күндіз-түнге қарамай төпелейді. Қаламсабының сиясы таусылып, біраз күннен бері балалардың кеңсе заттарына ауыз салған. Жазушы әкелерінің мінезінен хабардар Николай мен Қайырғали бұл «қылмысқа» аса бей-жай қарап, үн шығармайды.
Шәріп соңғы уақытта салт-дәстүр, туған өлкенің тарихы, адам санасының жаңғыруы секілді аса ауыр әрі маңызды тақырыптарға қалам тербей бастаған.
Бір апта өтті ау дегенде су жаңа шығармасын конвертке баппен салып, хаттың жиегін тілімен ары-бері жалап тастай қылды да аудандық газетке аттандырып салды. Байқожа Қожабаев басқаратын басылым мұның меселін қайтармай, ертеңіне-ақ жарқ еткізген. Атын атап, абыройын асырып, мақтау сөз де жазыпты. Кешкі шәй үстінде Шәкең мәртебелі дикциямен дауыстай оқып, отбасы мүшелері жаппай қол шапалақтап, өздерінше мәз-мейрам болды да қалды.
Арада екі апта өткенде Шәкең келесі туындысын облыстық газеттің мекен-жайына қарай жолдап жіберді. Олар аудандық басылым сияқты тым мырзакөңіл емес екен. Қайта-қайта телефон шалдыртып, сұратып жүріп екі-үш ай дегенде әрең басты. Бірақ бас редакторы сондай қатқыл пенде емес сияқты.
– Шәке, оқырман көп. Оқырман көп болған соң жазатындар да көп. Сіз секілді қаламгердің белсенділігі бізді қуантады, – деп мұны өзінше демеп қойған болады.
Сынағысы келді ме, әлде мақтайын деді ме Шәріп ол жағын аса ажырата алған жоқ. Ажыратуға тырыспады да. Ең бастысы облыстық газетке түрен салғанын аса тарихи жағдайға балап, тынысы кеңіген.
Жазудан аздап сергиін деп, бой жазбаққа сыртқа беттесе болды құдайы көршілері Таңқау мен Дәріп кездесе кетеді.
– Не істеп жүр­сің? – дейді Таңқау мұны бірінші рет көріп тұр­ған­дай таңыр­қап.
– Бой жазып… сергіп…
– Әше­йінде үйден шықпаушы едің…
– Жазу­шылық – серуендеуді, сергуді, бой жазуды талап етеді. Онсыз жұмыс өне ме? – дейді Таң­қауға қарап тана­уын көте­ріп.
Үшеуі бас қосса болды бір-бір саптыаяқ сыра алады. «Сыр айтқанда болады сыра тәтті» деп Шәріп мақалдатып, жазушылық мақамына салып әңгімесін бастайды.
– Осы сен не жазасың? – дейді көршісі.
Шәріп сырасын ұрттап, тұщынып отырып, сәл үнсіз қалған соң барып:
– Проза, – дейді маңғаз дауыспен.
– Әх-әх, менің қатынымның атына ұқсайды, әх-әх, – деп күледі Таңқау езуі көбіктеніп.
– Сенің қатыныңның аты кім еді?
– Көрші болып тұрып менің қатынымды білмейсің бе? – деп Таңқау әлдеқандай болсын.
– Білем ғой.. есіме түспей қалды…
– Ұят қой… көрші тұрып қатынымның атын білмейсің…
– Айтшы енді… құдды Ерке Есмаханның байы сияқты кергідің ғой?
– Аты… Пәтима ғой…
– Проза мен Пәтиманың қай жері ұқсап тұр, Таңқау көке? – дейді үндемес Дәріп көзін дөңгелетіп.
– Екеуі де П-дан басталмай ма? – деп Таңқау екі көршісіне кезек-кезек қарайды.
Ондай кезде Шәріп «Сендер тым арзан әңгіме соғасыңдар. Маған әдеби орта керек, ренжімеңдер» орнынан кілт көтеріліп, кете барады.
– Әй, менің балам да бірдеңе шимайлайды. Соған барсаңшы, – деп Таңқау мұның артынан тарқылдай күледі.
Шәріп кезекті рет Николай мен Қайырғалидің бөлмесін тартып алған күні тағы бір тың шығармасын дүниеге әкелді. Бұл жолы тез жазылды. Тілі мен стиліне, жанрына өз көңілі қатты толып, қайталап оқып, әлсін-әлсін толқып кетеді. Сөйтіп, «Шыбындар патшалығы» атты шағын хикаятты аудан мен облыс газетіне жіберуге обалсынып, республикалық газетке бір-ақ жолдаған. Жібергеніне он күн өтсе де аптасына үш рет шығатын газеттен хабар бола қоймады. Үйге газет келген сайын ашқарақтана ақтарып, әр мақала, әр әңгіме, әр тақырыпқа қадала қарап, өз шығармасын, өз аты-жөнін іздейді. Жоқ. Тағы да он күн сырғып өтті. Газетті күткеннен бе ештеңе жазып та жарытпады. Жұмагүлдің де жаны тыншыған. Мектептен ақ қағаз тасып әуре болмайды.
Екі ұлы да өз қаламсаптары мен бөлмесін қайтарып алып, еркінсіп қалды. Отбасына еркіндік сыйлағалы тағы он күн сырғып өтіп, ай алмасқан. Газет ләм-мим демеді. Басқа авторлардың шығармалары күн аралатып шығып жатыр, шығып жатыр. Осыдан соң Шәріп өкінуін доғарып, ойлана бастады. Бұған терең астармен қарау керек деп түйсінді. «Олар менің шығармамды ұстаздар мерекесіне орай шығарғалы жатқан ғой. Әдейі соған сақтап отыр. Міне, жазушыны бағалау деген осы. Әшейін, маңызы жоқ күні шығара салса не болғаны» деп ойланды ол. Сөйтіп жүргенде мұның шығармасы мұғалімдер мейрамына жетпей-ақ, қыркүйектің жиырма сегізінде жарқ еткен. Қуануын қуанса да өңі айналып, тақырыбы ауысып, сюжеттері қырқылып, қырық жамау болған шығармасын көріп Шәріп кәдімгідей құлазып қалды. Салып ұрып телефон соғып еді, тұтқаны Құдай оңдағанда әдеби редактор көтере қалғаны.
– Бауырым ау, мен секілді білдей жазушының шығармасын көк ала қойдай етіпсің ғой?
– Ойбай, көке, сіз әп-әйдік адамсыз ба? Мен мектеп оқушысы ма десем…
– Қайдағы оқушы? Өзіндік жазу өрнегім қалыптасқан, жұрт мойындап жүрген Шәріп Тауасқанов деген менмін…
– Ә, Шәке… енді… шығармаңыз жап-жақсы екен. Жұп-жұмыр!
Мына сөзге Шәкең алақтап, қуанып қалды. Иә, «себебі енді…» деп қостай кеткелі жатыр еді, арғы жақтағы жап-жас дауыс иесі бұдан бұрын сөйлеп үлгерді.
– Дегенмен әлі де пісу керек. Жетілу керек. Онсыз болмайды. Болашағыңыз зор қалайда, – деп сөзбұйдаға салып қоя салған.
Қызық болғанда шығармасының соңын оқымапты.
«Жетіген» ауылынан хат жолдаған Шәріп есімді оқырманымыздың шығармасы көркемдік тұрғыдан әлсіз, әлі де өсуді, жетілуді талап етеді. Мұндай шалажансар шығарма оқырманға ой салмайды. Керісінше, оқырманды қашырады. «Әдеби сын» айдарымен алдағы уақытта осындай шығармаларды өз тарапымыздан өңдеп, ұсынып отырамыз. Бұл біздің жазушылықтан үмітті жазармандарымызға үлкен көмек болары сөзсіз» деп бір-ақ қайырыпты. Жазушымыз ызаланып, ашудан жарыла жаздаған. Сөйтсе бұған жасалған соққы мұнымен де бітпепті. Қырсыққанда осы газетке Таңқаудың тоғызыншыда оқитын баласы да шығарма жолдапты. Редакция оған да осындай сын жазған. Кезекті бір жолыққанында Таңқау: «Балам екеуің оңбай сөз естіпсіңдер ғой» деп езуі көбіктеніп ырқ-ырқ еткен. Үйге келсе Жұмагүл күлген.
«Балаңмен жасты баламен бірге қосылып сөгіс алып, «Жетігеннің» абыройын төктіңдер ау» деп.
Бірақ мұндай сынға морт сынатын Шәріп пе? Қатынын бір сабап алып, әдебиет пәні кітаптарындағы теориялар мен әңгімелерді тағы бір қайыра оқып шықты да, келесі туындысын жазуға кірісіп кетті. Бұл жолы көңілі кәдімгідей мерейленіп, мейманасы тасып отырып жазды. Қаламынан маржандай сөз төгіліп, оқиға желісі де күтпеген бұрылыстарымен автордың өзін тәнті қылып, шытырман оқиғалы хикаяты бас-аяғы жеті күн ішінде әзір болған. «Темірді қызған кезінде соқ» деді де, сиясы кеппеген шығармасын республикалық басылым жариялаған бәйгеге қосты да жіберді. Қызық болғанда, арада жиырма күн өткенде білдей басылымнан шақырту келіпті. Кешкілік Таңқау мен Дәріпті, Николай мен Қайырғалиді, қатынын, көшеден жолай өтіп бара жатқан тағы бірді-екілі адамды жинап алып оқып берді.
«Құрметті, Шәріп Тасығанұлы! Сіздің шығармаңыз «Көк алма» республикалық әдеби байқауы қазылар алқасының көңілінен шықты. Қоғамдағы аса маңызды мәселені қозғапсыз. Қордаланған түйткілді жағдайға көркемдік реңк беріп, кейіпкерлердің көзқарасы арқылы ерекше жеткізе білгенсіз. Мұндай шеберлік, мұндай көркемдік шешім сөзсіз, біздің әдебиеттің жемісі болмақ. Сондықтан қазылар алқасы сізге жүлделі орындардың бірін табыстайтын болып шешті. Ол үшін Алматы қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне шақырамыз!»
Мына жаңалық арада бес минут өтпей-ақ «Жетіген» ауылының бүкіл үйіне, ойы мен қырына, түкпір-түкпіріне тарады да кетті. Таңқау мен Дәріп «жетістікті өзіміз-ақ жуып берейік» деп Сәлиманың дүкеніне қарай томпаңдаған. «Жұртқа жеккөрінішті болып мектептен қағаз тасыған еңбегім зая кетпепті ау» деп Жұмагүл жанарына келген жасты орамалының ұшымен іркіп, қуаныштан мұрнын пышылдатып тарта берген. Тіпті ауыл әкімі Сиырбай Суалғановтың өзі құттықтап кіріп шығып, ауыл даңқын асырғаны үшін сыйақы беретінін айтып қуантып кетті. Ұзамай мектеп директоры Сабырәлі Жыл­қы­бай­ұлы да жетті алып-ұшып. «Ауылы­мыздан сіз секілді қабырғалы қаламгердің шыққаны бізді қуанышқа бөлейді. Кітаптарыңызды оқушыларымызға оқытамыз» деп желпінді. Оқушыларға матаға гүл тігуді, шыбықтан кәрзеңке жасауды үйрететін қатыны Жұмагүлді де біраз мақтап қойды. «Былтыр мұғалім көбейіп, сағат бере алмай қалдық. Енді сағатын арттырамыз. Мұндай мамандар бізге керек» деді қипақтап. Әйтеуір, Шәріп пойызға мінемін дегенше аудандық газеттің тілшілері, басшы­лары, журна­листер қаумалай қаптап, шығармашы­лығымен танысып, мәре-сәре болысқан.


Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!