Әйгілі Аристотельдің «Платон менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» дейтін теңеуі секілді, қандай жағдайда болса да заң бұзушылық фактілеріне көз жұма қарауға болмайды.
Соттар тараптар арасындағы туындаған дау-дамайларды шешумен ғана шектелмей, заңдылықтар принципін бұзу жағдайларына назар аударатын мемлекеттік орган болып табылады. Ондай жағдайда соттар заңды күші бар жеке ұйғарымдар мен жекеше қаулылар қабылдай алады.
ҚР АПК-нің 270-бабы бойынша заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы және мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Қолданған шаралар туралы хабарламау өздеріне жеке ұйғарым жіберілген тұлғалардың сотты құрметтемегені үшін әкімшілік жауаптылығына әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолдану тиісті тұлғаларды соттың жеке ұйғарымы бойынша қолданған шаралар туралы хабарлау міндетінен босатпайды.
Аталған мән-жайлар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша да қолданады.
Бұл жағдайда соттар ҚР ӘҚБтК-нің 829-19-бабын басшылыққа алады.
Егер сот жекеше қаулы шығару үшін негіздердің болғанына және жеткіліктілігіне қарамастан жекеше қаулы шығармаса, онда жоғары тұрған сот сол сот актісінің заңдылығын тексере отырып, өзі жекеше қаулы шығаруға құқылы.
Өткен жылы қабылданған жекеше қаулыларды сараласам, көбінесе құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер, лауазымды тұлғалардың заң бұзушылықтары іліккен. Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтыру немесе іс-құжаттарын жасақтау барысында қателіктер анықталып, он іс бойынша жекеше қаулы қабылданып, басқару ұйымына жіберіліп, тиісінше шаралар қолданылған.
Ал азаматтық істер бойынша да лауазымды тұлғалардың заңды бұзу фактілері анықталып, ол бойынша жеке ұйғарым қабылданған.
Жоғарыда айтып өткендей заң бұзушылықтарға бей-жай қарамау соттың функцияларының бірі. Осы қабылданған жеке ұйғарымдар (жекеше қаулы) біршама заң талаптарына сай келмейтін әрекеттерді болдырмауға, тіпті қылмыстық істердің ашылуына түрткі болды.
Сонымен қатар, жеке ұйғарым (жекеше қаулы) сот ісіне қатысушыларға, сондай-ақ, сот қарап отырған азаматтық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іске қатыспаушы тұлғаларға да шығарыла алады. Негізгі принцип – Заңның үстем болуы.
Шолпан Маликова
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша баспасөз қызметін үйлестіруші судьясы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!