Ғаламторда қазақстандықтарды Ресей әскеріне қызметке шақырған жарнамалар пайда болды. Мұнда келісім-шартқа отырғандарға 495 мың рубль, сондай-ақ ай сайын кемінде 190 000 рубль жалақы төленетіні айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Украина мен Ресей қақтығыстың шиеленісуі барысында қазақстандық ғаламтор желісінде Ресей әскерінің қатарына қосылу үшін бірден 5 мың доллардан астам ақша төлеуді ұсынатын жарнамалар пайда бола бастаған.

Журналистер ғаламтордан Ресей мен Қазақстанның тулары бейнеленген және «Иық тіресе» деген ұран жазылған жарнаманы байқаған. Сипаттамада ресейлік әскерилермен келісім-шартқа отырғандарға 495 мың ресей рублі (2 млн 400 мың теңгеден аса), сондай-ақ ай сайын кемінде 190 000 рубль (900 мыңнан аса) жалақы және жарияланбаған қосымша ақылар төлеу ұсынылған.

«Жарнамаларда жұртшылықты Ресейдің Қиыр Шығысындағы Сахалин аймағындағы Ресей әскеріне қосылу мүмкіндігін ұсынатын веб-сайт көрсетілген. Сайт Сахалин облысының адами капиталды дамыту агенттігіне тиесілі”, – делінген жазбаларда.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарының шетелдегі әскери қақтығыстарға ақылы түрде баруы заңсыз деп танылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!