Ойын жайлы айтсақ, міндетті түрде ойымызға кішкентай бүлдіршіндер түседі. Қазіргі таңда балаларға арналған ойыншықтың түрі де көп. Дүкендегі ойыншық бала түгілі, ересектердің де назарын өзіне аударып тұрады. Алайда соңғы кезде ойыншықтардың орнын алмастыратын мықты бәсекелес табылды. Ол – смартфон, планшет және ноутбуктар.

Ата-ана баланың назарын бір жерге бұрып, көңілін аулау мақсатында кішкентайының қолына Youtube бейнежазбалар желісі қосылған смартфонды ұстата салады. Көріп жүргендей, 24 сағат телефонмен бірге болғаннан кейін баланың далаға шығуы сирейді. Осылайша бүлдіршін ғаламтор шеңберінің ішінде қалады. «Радиотолқындардың әсері баланың психикалық және физикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Зерттеулер ұялы телефондардың ұйқының бұзылуына, летаргияға, ұйқышылдыққа, иммунитеттің төмендеуіне, есте сақтау қабілетінің нашарлауына және психикасының бұзылуына әкелуі мүмкін екенін көрсетті», – дейді ғалымдар. Әрине, кішкентайлардың тыным таппай, әр нәрсеге қызығуы – он сегіз мың ғаламды танудағы талпынысы ретінде заңды құбылыс.
«Бала жай бейнебаянға емес, динамикті, қозғалысты қажет ететін, бейнетаспаларға ғана назар бөлетінін ескеруіміз керек. Байқап қарасақ, олар қозғалыссыз, динамиксіз таспаларға мүлде назар аудармайды.Бала ойыншыққа назар аудару үшін динамикалық ойыншықтарды алуды ұсынамын», – дейді ойыншық саласына зерттеу жасап жүрген Қанат Сүлеймен.
Бұған қоса мамандар «Бала кішкентай кезінен смартфонмен дос болғаннан кейін есейген кезде телефоннан басқа затқа назар аудармайды. Күндіз-түні смартфоннан бас алмауының нәтижесінде кибербуллингке ұшырап, суицидке баруы алаңдатарлық» деген пікірде. Статистикаға сүйенсек, былтыр осы ғаламтор салдарынан 105 бала өз-өзіне қол жұмсаған.
– Әрбір адам ортасына қарап бой түзейді. Қазір заман өзгерді. Осыдан он бес жыл бұрын ғаламтордың не екенін де білмейтін едік. Бүгінде интернет, смартфон деген түсінікті үштегі баланың өзі жатқа біледі. Қазіргі балалар өте ақылды. Бұрын ата-аналарымыз «ақырзаманның балалары», «бұлар бәрін іштен біліп туған» деп ұрысушы еді. Дәл осы сөздер бүгінгі бүлдіршіндерге арналып айтылғандай. Себебі үштегі баланың өзі қалта телефондағы әртүрлі ойындарды «шағып тастайды». Сондай-ақ суретке де, видеоға да түсіруді біледі. Оған қалай таңғалмайсың. Бірақ өкінішке қарай, бұл жағдайдың теріс жақтары бар. Мәселенің төркіні – ата-ананың балаға жеткілікті уақыт бөле алмауынан. Өйткені үлкендерге қарағанда баланың энергиясы мен өмірге деген құлшынысы көп. Бәрін білуге, үйренуге құмар. Дегенмен оған ата-ана тарапынан тыйым көп болуы мүмкін. Сондықтан бала бұзық болып, өзіне көңіл аударғанын қалайды. Мұны ата-аналар дұрыс түсінбей, тыныш отыруы үшін өзінің ұялы телефонын беріп, тыныштандырады. Әрине, бұл тек бір ғана мысал. Түрлі себептері болуы да мүмкін. Қалай десек те, мейлінше ғаламтордың әлегіне, ұялы телефонның қызығына баланы алдаусыратпай, барынша көңіл бөліп, әңгемелескен абзал, – дейді №3 қалалық емхананың әлеуметтік қызметкері, психолог Шынар Қадырханқызы.
Бала тәрбиесіне ата-бабаларымыз ерекше көңіл бөлген. Қазіргі таңда бұл міндеттің жауапкершілігі арта түсті. Баланы ойыншыққа бұруға күш салу керек. Қауіпсіздігі үшін ең алдымен еліміздің болашағы – бүлдіршіндерді ұялы телефоннан ажыратқан жөн. Ал олардың ғаламтор қамауында қалмау үшін бірінші өзіміз қадам жасайық!

Досжан ТАЛҒАТОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!